«Ауылдан шыққан айшықты сөз» жарық көрді
Ауыл дегеніңіз – алтын бесік қой. Ауылдан қанша ұзап кеткенімізбен әрқайсысымыздың жүрегіміздің түбінде оған деген әлдебір сағыныштың жататыны сөзсіз. Осы орайда өңірімізге есімі кеңінен танымал қаламгер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, педагог Мәуітқазы Зүкенов өзінің жаңа кітабын «Ауылдан шыққан айшықты сөз» деп атаған екен.
Мәуітқазы ақсақалды газет оқырмандарына таныстырып жатудың әсте қажеті жоқ. Жастайынан ақындығымен көзге түскен ол кісінің есіміне жырсүйер қауым әбден қанық. Тіпті ақсақалдың газетімізде жарияланып жүрген әрбір дүниесін қалт жібермей, қадағалап оқитын оқырмандарымыз да жетерлік. Десе де, «Тоғыз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» дегендей, осы уақытқа дейін оннан астам кітап шығарған Мәуітқазы ақсақалдың бұл кітабының жөні бөлек. Өйткені, ол – ауыл туралы. Ақиық ақын Мұқағалидың да:
Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы,
Бұдан артық рахат табылмайды.
Бұлдырасын өткен күн сағымдай бір,
Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы, – дейтіні бар емес пе?
Ауыл, ауыл адамдары – Мәуітқазы ақсақалдың сүйікті тақырыбы. Осы арада Мәуітқазы Зүкеновтің 2009 жылы облыстық «Дидар» газеті жариялаған «Ауылдың айтқыштары» атты әзіл-қалжың байқауының да жүлдегері атанғанын айта кетсек артық болмас. Енді міне, қаламгердің «Ауылдан шыққан айшықты сөз» атты кітабы қалың оқырманға жол тартып отыр. Аты айтып тұрғандай, кітап ауылдан жеткен асыл сөз, әңгімелерден тұрады. «Шағын әңгімелер», «Тылсым дүние», «Әй, айтқыштар-ай», «Ақ тілектер» деп аталатын төрт тараудан тұратын кітаптың алғашқы бетін ашқаннан-ақ жүрегіңізге сағыныш сезімі ұялағандай болады. Бір ғажабы, Мәуітқазы ақсақал ауыл туралы жазғанда, тіпті арқаланып кетеді. Ауылдың аузын ашса, көмекейі көрінетін, аңғал адамдарының бейнесін сол қалпында көз алдыңызға әкеледі. Күлесіз, сүйсінесіз, сағынасыз. Бәріне қолды бір-ақ сілтеп ауылға тартып кеткіңіз келеді.
Бір атап айтарлығы, кітапқа енген дүниелердің біразы облыстық «Дидар» газетінің бетінде де жарық көрген. Кітаптың «Тылсым дүние» атты тарауындағы «Қирабай молланың екі кереметі», «Шыңғай бақсы деген кім?», «Әтей кемпірдің көріпкелдігі» секілді дүниелер оқырмандардың әлі де есінде болар. Сондай-ақ, «Әй, айтқыштар-ай» атты тараудағы біраз дүниелер де таныс болуы мүмкін. Біз әдетте «Ауылда бәленше деген айтқыш кісі бар еді, ана жерде бүйдеп еді, мына жерде сөйдеп еді» деген секілді әңгімелерді жиі естиміз. Бірақ өкінішке қарай, көбіне сол тауып айтылған, қауып айтылған айшықты сөздер сол жерде қалып қояды. Ондай асыл дүниелерді естіп қана қоймай, көкірегіңе тоқып, жиып, теріп жүрудің өзі де үлкен еңбек болса керек. Міне, Мәуітқазы ақсақал сол асыл қазынаны халқының қажетіне асырып, ұсынып отыр. Бұл да болсын үлкен еңбектің нәтижесі.
Сексен дейтін сеңгірге келсе де, қолынан қаламы түспеген қаламгердің бұл кітабы өз оқырманын табатыны сөзсіз.
Мейрамтай Иманғали