Қоғам

АУЫЛДАҒЫ АНАЛАРҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТЕДІ

Жанаргүл МҰҚАТАЙ

Өскеменде еліміздің шығыс және орталық облыстарындағы әйелдер қауымының экономикалық белсенділігін арттыруға арналған аймақтық форум өтті.

«Ауыл әйелдерінің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту тәсілдерін іздеу және іске асыру» тақырыбында ZOOM онлайн-алаңында  өткен өңірлік форумға Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау, Павлодар облыстары әкімдіктерінің, кәсіпкерлер қоғамдастығының өкілдері жиналды.  «Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясының» бастамасымен, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және «Coca-cola»  халықаралық қайырымдылық қорының қолдауымен ұйымдастырылған іс-шараға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері, халықаралық ұйымдар мен қоғам белсенділері және әр салада еңбек етіп жатқан ауыл әйелдері қатысты.

Форумның мақсаты – ауылдағы жұмыссыздықпен күрес, ауыл әйелдерінің, кәсіпкерлерінің алдында кесе көлденең тұрған мәселелерді шешу, ауылдағы өмір сүру сапасын жақсарту, әйелдердің жеке  кәсіппен, жеке қосалқы шаруашылықпен, фермерлікпен, ауыл шаруашылығымен айналысуына мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарламалармен, қолдаулармен таныстыру, жетістікке жеткен жандарды өзгелерге таныстыру, мемлекет тарапынан берілген көмекті атаулы және нақты ету мақсатында ауыл әйелдерінің әлеуетімен жете танысып, жобаларын тыңдап, жетістіктері мен проблемаларын талқылап, олардың  мәселелерін  үкімет деңгейінде шешетін оңтайлы және тиімді шешім қабылдау. Бұл бағытта Әйелдер істері және отбасылық мәселелер жөніндегі ұлттық комиссия ауыл әйелдерінің құқықтарын нығайтуға, олардың әлеуметтік және экономикалық әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін бірқатар бастамалар ұсынып, түскен ұсыныстарды қолдап, іс-шаралар жүргізіп келеді. Форум аясында ауылдық жерлерді тұрақты дамыту, ауылдағы әйелдердің ел экономикасын дамытудағы үлесін арттыру, әйелдердің дамуына жағдай жасау, экономикалық белсенділіктерін көтеру, ауылдық жерлердегі нәзік жандарды жұмыспен қамту мәселесін шешу, әйелдердің өз ісін бастауға жаңа мүмкіндіктер ашу сияқты маңызды тақырыптар көтерілді.

Осы орайда, он жылдан бері елімізде  жүзеге асырылып келе жатқан «Coca-cola белестері» әлеуметтік жобасы ауыл әйелдерінің басын  қосатын  маңызды форум алаңына айналып отыр. Жобаны іске асыру барысында «Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы» мен «Әлеуметтік динамика» қоры 2013-2021 аралығында 500-ден астам тренингтер өткізіп, 50 мыңнан астам ауыл әйелдерін оқытқан екен. Сонымен қоса, 97 кәсіпкер-әйел арнайы грантқа ие болып, олардың жаңа кәсібінің арқасында  300 жұмыс орны ашылған.

Форумда сөйлеген  ауыл әйелдері форумын ұйымдастыру комитетінің төрайымы, ҚР Парламенті Мәжілісінің ІV, V, VI шақырылымдарының депутаты Майра  Айсина  бес жыл ішінде ауыл әйелдерінің форумы ортақ мақсат, ортақ мәселесі бар үлкен қауымдастыққа айналғандығын атап көрсетіп, мемлекет тарапынан әйелдерге арналған жаңа қолдау тетіктерінің пайда болуына өз ықпалын тигізіп келе жатқандығын баяндады.

«Он жылдан бері ауыл әйелдерімен  тығыз жұмыс жүргізіп, олардың қажеттіліктерін білгеннен кейін біз орыс және қазақ тілдерінде сұранысы басым 17 бизнес бағыт бойынша видео сабақтар әзірлеп, farmerschool.kz тегін оқыту порталын құрған болатынбыз. 2020 жылдың басынан бері бұл порталда 5500-ден аса ауыл әйелдері кәсіби біліктілігін арттырды. Былтыр farmerschool.kz порталы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің skills.enbek.kz платформасына интеграцияланды. Биыл «Coca-cola белестері» байқауы аясында 20 ауыл әйеліне өз ісін ашуға грант берілетін болады. Ауыл әйелдерімен жүйелі жұмыс өз жалғасын табады», – деді форумды ұйымдастырушылар ауыл әйелдерінің кәсіпкерлік белсенділіктерін арттыру барысы туралы. Облыстық мәслихаттың хатшысы Д.Рыпаков өңірде кәсіпкерлікпен айналысып жатқан қыз-келіншектердің үлесі артып келе жатқанын айтып, әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысуын қолдау бағытында іске асырылып жатқан іс-шаралар, әйел- аналарды мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға ынталандыру турасында баяндады.

Ауыл әйелдерінің форумын өткізу дәстүрі елімізде 2018 жылы бастау алған. Осы төрт жыл ішінде  түрлі деңгейде өткен форум 7200 қатысушыны қамтып, ауыл әйелдерінің кәсіпкерлікке келуі, жеке кәсібін ашуы, қиындықты жеңіп, табысқа қол жеткізуі сынды түрлі мәселелерді көтерген семинар-тренингтерде 100-ге жуық тақырып қамтылған. Оған 326  селолық аудандардан  400-ден аса сарапшы тартылған.

Өскеменде өткен аймақтық форум биыл республиканың төрт облысында жоспарланған аймақтық форумдардың соңғысы. Облыстық форумдардың қорытындысы бойынша өтетін ауыл әйелдерінің V республикалық форумы биылғы қараша айында өткізілмек.

Осы айдарда

Back to top button