Ауылда жаттығу залын ашып берді

Бір ауылдың тыныс-тіршілігі мен тұрмысына үлкен серпін беріп отырған «Шалабай» ЖШС таяуда ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің кәсіби мерекесін кең көлемде атап өтті. Осы мерекеге орай Шалабай ауылында жаттығу залы ашылып, ел игілігіне берілді.
«Шалабай» ЖШС-нің директоры Қуаныш Сүлейменов, бүгінде бір мүшел жасқа жеткен шаруашылықтың ыстығы мен суығына төзіп, табандылықпен еңбек етіп келе жатқан еңбеккерлерге шексіз алғысын білдіріп, серіктестіктің қол жеткен жетістіктері мен толайым табыстары нағыз еңбек адамдарының өз істеріне деген үлкен жауапкершілігінің жемісі екендігін атап айтты.
Бұл салтанатты шараға қазақтың ақбас тұқымды ірі қарасын өсірушілердің республикалық палатасынан Қанат Мұхитов, аудандық мәслихат хатшысы Айгүл Сахметжанова және аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Айдын Аңсабаев қатысты.
Шалабай жұрты үшін бұл мерекенің орны ерекше. Бүгінгі таңда «Шалабай» ЖШС қазақтың ақбас тұқымды ірі қарасын өсіретін өңірдегі бірегей шаруашылыққа айналған. Серіктестік керегесін кеңейтіп, жер-жерлерде бөлімшелерін ашып жатыр.
Мерекелік шара барысында аталған шаруашылықта ұзақ жылдар бойы қажырлы еңбек етіп, қатарынан озған бірқатар жұмысшыға «Жарма ауданына сіңірген ерекше еңбегі үшін» төсбелгілері мен аудан әкімдігінің Алғыс хаттары табыс етілді.
Республикалық палатаның өкілі Қанат Мұхитов «Шалабайдың» осы уақытқа дейінгі жеткен жетістіктерін жоғары бағалап, нарықтың ыңғайына қарай шаруасын әртараптандыруға күш салып отырғанын және серіктестіктің болашағынан зор үміт күтуге болатынын жеткізді. Сондай-ақ палатаның атынан бірқатар маманға құрмет грамотасын тапсырды.
Еңбектің өтеуі темір тұлпар
Мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасымен өрілген салтанатты жиында, кәсіпорын басшысы Қуаныш Сүлейменов, еселі еңбектің ескерусіз қалмайтынын дәлелдеп, еңбегімен көзге түскен жұмысшыларға шипажайлар мен демалыс орындарына он күндік жолдама берсе, құрметті еңбек демалысына жеткен қызметкерлердің иығына шапан жауып, астына темір тұлпар мінгізді. Ал серіктестікте еңбек етіп жүрген үш жас маманға Шалабай ауылынан үш үйдің кілтін табыс етті.
Сонымен қатар, мерекеге орай, жауапты жұмыстары үшін серіктестіктің механизаторы Саябек Қасеновқа «Нива» көлігінің, АҚШ-та білім алып келіп қазір серіктестікте табысты жұмыс істеп жүрген бас мал дәрігері Азамат Мерейбаевқа «Приора» көлігінің кілттері табыс етілді. Серіктестіктің Қарадоңғал бөлімшесін табысты басқарып отырған Ғаділжан Жанақовқа 100 мың тенге ақшалай сыйақы берілді. Одан бөлек шаруашылықта еңбек еткен бірқатар мамандар мен еңбеккерлерге мақтау қағаздары табыс етілді.
Бұл күні Шалабай ауылының орталығында серіктестіктің күшімен жаттығу залы ашылды. Жалпы құны 10 млн. теңге болатын нысанның іші спорт құралдарымен толықтай жабдықталған, демалыс, жуыну бөлмелері де бар.
– Жаттығу залын ашуға Елбасының 2019 жылды «Жастар жылы» деп белгілеуі түрткі болды, – дейді серіктестік директоры Қуаныш Сүлейменов. – Енді бұл жерде жастарымыз спортпен шұғылданып, салауатты өмірге ден қояды деп ойлаймын. Жалпы, ауылды дамытуға қолдан келгенше күш салып жатырмыз. Көшелерді жарықтандырып, көшеттер отырғызып, хоккей қорапшасын салдық. Сонымен қатар, ауылдағы бос тұрған ғимараттарды қолданысқа жаратуға күш салып келеміз. Енді тұрғындар үшін тойхана ашуды қолға алып жатырмыз. Келер жылы бұл нысанды да іске қосамыз. Сонымен бірге келешекте мәдениет үйінің ғимаратын жаңғыртсақ деген ойымыз бар.

Мамандары шетелде оқып келген
Қазір серіктестік төрт мыңға жуық асыл тұқымды ірі қара, үш мың бас байыс қойын, оған қоса жәбе жылқысын өсіріп отыр. Одан бөлек 3,5 мың гектар жерге егін егіп, қажетті жемшөп қорымен өзін-өзі толық қамтамасыз етуде. Шаруашылықтың Бірлік, Қаратөбе ауылдық округтерінде бөлімшелері бар. Мұнда жалпы саны 140 адам тұрақты еңбек етуде. Негізі ұсақ шаруашылықтарды асыл тұқымды ірі қарамен қамтамасыз етуге бағытталған серіктестік жылына орта есеппен 300 бас бұқашық сатады екен. Алайда асыл тұқымды бұқа алушыларға субсидия беру тоқтатылуына байланысты бұл бағыттағы жұмыс ілгері баспай тұр. Алдағы уақытта бұл мәселе шешімін табар деген ниетте.
– Бүгінгі күні ангус пен қазақтың ақбас сиырын будандастырып, тәжірибеден өткізіп жатырмыз. Сонымен қатар жергілікті өзіміздің ірі қараларды герефорд, ақбас сиырлармен де шағылыстыруды қолға алдық. Нәтижесін байқап, барынша мал басын түрлендірсек деген мақсатымыз бар. Болашақта шаруашылықтың аясын кеңейтіп, өзге ауылдарда бөлімшелер ашу үшін келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Жалпы кәсіпорын қажетті техникамен толық қамтылған, мамандар да жеткілікті. Төрт маманымыз АҚШ-та, Аргентинада және Жапонияда оқып келді. Төрт студент серіктестіктің грантымен еліміздің іргелі университеттерінде білім алып жатыр,- деді Қуаныш Сүлейменов.
Мейірхан Оспанбаев
Жарма ауданы.