Қоғам

Ауылда қонақүй ашылды

 Қонақжайлық және қарапайымдылық – міне, бұл бородулихалық кәсіпкер Дастан Мұхтарұлының басты ұстанымы. Өз ісіне берік жан Бородулихада алғашқылардың бірі болып қонақүй ашып, ауылды жерге таңсық – фастфуд тағамдарын дайындап, сатуды жолға қойды.

Дастан Аягөз өңірінің тумасы. Десе де, қазақтың кең сахарасының қай түкпірін болмасын өз үйім дейтін ол өз ісін Бородулиха өңірінде дөңгелентуді ұйғарған. Бастапқыда жиһаз жасап, сатумен айналысқан жігіт бірте-бірте аудан орталығындағы қонақүйге деген сұраныстың  артқанын байқайды.

– Ауданға алғаш келген кезімізде-ақ қонақүйге деген сұраныс барын байқадық, – дейді ол. – Бастапқыда жиһаз құрастырумен айналыстым. Кейін осы іске бет бұруды жөн санап, әкімдіктен жер де алдым. Дегенмен қонақүйді іргетасынан қалап салу тым қиындау болған соң басқа жолмен жүруді шештім. Дайын үйді қонақүйге айналдырдым.

Осылайша, «Али» қонақүйінің іші-сыртын жөндеп, жылуы мен ауызсуын тартқан кәсіпкер кіреберіс фойеде жайлы дәмхана ашады. Онда ауыл адамдары үшін таңсық пицца және донер сияқты тағамдар дайындап сатуды, тіптен тапсырыс берушінің үйіне дейін жеткізіп беру қызметін қолға алған Дастан бүгінде екі адамды жұмыспен қамтып отыр.

– Біз дайындаған тағамды алғаш алған адамдар  дәмханамызға тұрақты келетін болды, – дейді Дастан. – Демек біздің өнім олардың көңілінен шықты. Қонақүйіміз шағын – төрт бөлмелі ғана болғанымен, ондағы төсек-орындар бір уақытта бірнеше адамның жайғасуына мүмкіндік береді. Бастаған ісімізге аудан әкімі Ольга Булавкина оң көзқарас танытып, қолдау білдіріп келеді. Құжаттарымыздың тез жөнделуін,  қонақүйдің қалыпты жұмыс істеуін аудан әкімінің жас кәсіпкерлерді қолдауы деп түсінемін.

Азамат Темірбеков

 Материал Бородулиха аудандық Ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша әзірленді.

Осы айдарда

Back to top button