Ауыл Жыландыда жұмыссыз жүрген адам жоқ
Бесқарағай өңірінде Глуховка ауылдық округіне қарасты Жыланды деп аталатын шағын ауыл бар. Осы елді мекенде болып, мұндағы оңды істерді көзімізбен көріп қайттық.
Жыланды – жоғарыда аталған ауылдық округке қарасты алты ауылдың бірі. Бізді мұнда сол ауылдық округтің жетекші маманы Мәлика Наурызбаева қарсы алған. Мәлика Әбуғалиқызы Жыландымен бірге Аққолтық, Старая крепость ауылдарына да жетекшілік етеді екен. Сол үш ауылдағы барлық аула саны – 212, ал халық саны – 630 болса, соның ішіндегі 150 аула мен 500 тұрғын Жыланды ауылына тиесілі.
Мұнда атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық. Ауылда мешіт пен стадион салынып, пошта, кітапхана, медпункт, әлеуметтік қызмет үйіне жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Ауылдағы бес көшенің бәрі жарықтандырылып, биыл негізгі көшеге асфальт төселіпті. Ауызсу мәселесі жоқ. Әр үйдің өз құдығы бар. Монша да солай.
Жыландыда «Салтанат саябағы» ашылыпты. Басында ол балалар алаңы ретінде жоспарланған екен. Енді балалар алаңы да, жаздық сахна мен би алаңы да, соғыс боздақтары мен ардагерлеріне арналған монумент те осында орналасқан. Монументтегі мәрмәр тасқа осы ауылдан шыққан қырыққа жуық боздақ пен соғыс ардагерінің есімі қашап жазылған.
Осы орайда Мәлика Жыландыдағы «Семей орманы» резерватының Жаңасемей филиалының басшысы Арғынбек Сафиуллиннің атына алғысын білдіріп жатты. Өйткені, мұндағы атқарылып жатқан барлық оңды істер аталған филиалдың атсалысуымен жүзеге асырылуда. Ауыл мен жолды қардан, қоқыстан тазарту да филиалдың мойнында. Ауыл мектебіне көмектесу, ауыл тұрғындарын отынмен қамтамасыз ету сияқты мәселелерден де сырт қалып көрген емес.
– Ауылымыз өткен жылдың қорытындысында облыс бойынша шағын ауылдар арасында үшінші орынды иеленсе, ол жетістікте осы филиалдың да үлесі зор, – дейді жетекші маман М.Наурызбаева. Сол жолы жүлде ретінде қолға тиген алты миллион теңге жоғарыда айтқан әлеуметтік қызмет үйінің жөндеу жұмыстарына жұмсалыпты.
Ауылдың қазіргі жағдайымен танысып болған соң, осындағы мектепке бас сұққанбыз. Орталау мектептің қазіргі директоры Ержан Бегімов бұған дейін Долон ауылында әкім болып қызмет атқарыпты. Мектептің үш ғимаратқа бөлініп отырғаны болмаса, қай жағынан болсын, қапысы жоқ. Әсіресе, мұндағы тазалыққа сүйсінесің.
Мектеп басшысы әңгіме арасында келесі жылдан бастап өздерінде қазақ тіліндегі сыныптар ашыла бастайтынын айтты. Негізінен өз қандастарымыз мекендейтін ауылда бұл игі қадам екені белгілі. Мектепте жас мамандарға жасалып отырған қамқорлық жақсы. Олардың бәріне көтерме жәрдемақы беріліп, тұрғын үймен қамтамасыз етіле бастапты. Осыдан екі жыл бұрын «Дипломмен – ауылға» акциясы аясында Жыланды орталау мектебіне келген Нұрлан Сүлейменов әлгіндей игіліктен бөлек, қызмет бабымен жоғарылап, мектеп директорының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары болыпты.
– Жыландыда жұмыссыздық та, ауылдан ауа көшушілер де атымен жоқ. Керісінше жер сұраушылар көп. Өйткені, Жыланды біріншіден, қалаға жақын, екіншіден, олар бұл ауылдағы оңды істерден хабардар, – дейді аудан әкімі Нұрлан Сыдықов.
Дәулет Сейсенұлы
Бесқарағай ауданы.