Ауыл туризмінің артықшылықтары қандай?
Катонқарағай ауданында ауыл туризмі кең етек алып келеді. Жергілікті халық та шеттен келген туриске бұрынғыдай тосырқап қарамай, өнімін сатып, нәпақасын айыруға машықтана бастаған. Тіпті, кейбірі баспанасын ұсынып, қонақжайлықты жанұялық бизнеске айналдырып отыр. Өрелдік Исатай Сүлейменов те – сондай іскер азаматтардың бірі.
«Қонақжай үй» деген ұғымның қолданысқа енгеніне де көп бола қойған жоқ. Оның кәдімгі қонақүйден айырмасы көп. Мұнда мейманханадағыдай бесжұлдызды сервистік қызметтің бірі де көрсетілмейді. Ең бастысы, турист онда жергілікті ауылдың тыныс-тіршілігімен біте қайнасып, барлығын шынайы түрде өз басынан өткереді. Ал Катонқарағай – бұл жағынан да туристер үшін тым тартымды аймақ.
Жаз шыға самырсыннан балқарағай қағып, оны үгу, көкбояу мен қызылқат теру, елігі әупілдеп, бәбісегі шақырған орманды атпен аралау, киіз басып, алаша тоқу, ат құлағын жасырған шөпті шалғымен баудай түсіру сынды шаруалар жергілікті тұрғындар үшін күйбің тірліктің қамы болғанымен, туристер үшін демалудың ерекше түрі саналады. Қаланың даңғазасы мен жасанды жайлылықтардан жалыққандарға ауылдың қоңыр тұрмысы біраз уақыт болса да жұмақ боп көрінуі заңды да.
Өрел ауылының тұрғыны Исатай Сүлейменов осыдан үш жыл бұрын мұндай кәсіппен айналысам деп ойламаған да. Тіпті, Өскемендегі немерелеріне жақын отыру үшін қаладан пәтер алып қойған екен. Бірде Рахман арасанындағы құрылыс жасағын басқара келген бір азамат «Үйіңізде отбасыммен қона жатып демалсақ» деген өтініш білдіреді. Бір апта аунап-қунаған қонақтар кетерде жамбасақы қалдырып, Катонды көргісі келіп жүрген таныстарының бәрін осында жіберуге уәде беріп, риза көңілмен қайтады. Айтқанындай, берісі Өскеменнен, арысы Голландиядан Өрелге туристер жаз бойы ағылған. Осылайша, ойламаған жерден Исатай Сүлейменовтің үйі қонақжайына айналып шыға келіпті. Ол бұл іске бел шешіп кірісуге «Қызғалдақтар елінен» келген туристер әсер еткенін айтады. Рита және Ивона есімді азаматшалар мұнда алты күн жатып, сырмақ басуды үйреніп қайтқан екен. Ұлттық қолөнердің қыр-сырын үйреткені үшін осы ауылдың тағы бір тұрғыны Нұргүл Рақышева күніне 1,5 мың теңге пайда тауыпты. Ал Құмарбек, Құсман, Жүнісхан есімді ауылдастары аттарын күніне екі мың теңгеге жалға беріп отыр. Исатай ағамыз көлікпен саяхаттаса да, атпен сейіл құрса да туристермен бірге жүріп, бұл маңның тарихын баяндап, гид қызметін де атқара береді.
-Өрелден екі шақырымдай жерде Қарадырдың қуысы дейтін жер бар. Сондағы таңбалы тастарға жиі апарамын. Берелдегі патшалар жазығына, Рахман қайнарына барғысы келгендерді көршіміз Виктор «Нива» көлігімен тасиды. Мен өзге жұмыстармен облыс орталығына кеткенде, жұбайыма көрші әйелдер көмектеседі. Оларға ақшаны өз қолымыздан төлейміз. Осылайша, біздің қонақжай үйіміз бізден басқа бес адамға маусымдық жұмыс тауып беріп отыр, – дейді үй иесі.
Қонақжайдың бір күнгі бағасы кісі басына екі мың теңгеден. Ал топтасып келген ұжымдарға жеңілдіктер қарастырылған. Қысқасы, адам саны көбейген сайын баға арзандайды. Мұнда жыл сайын шамамен 20 отбасы келіп, демалып тұрады. Әзірге бұл қонақжай бір мезетте жалғыз отбасыны қабылдай алады. Меймандардың иелігіне қарағайдан салынған төрт бөлме беріледі. Олар бұл жерде өз үйіндегідей өмір сүруі үшін кеткенінше басқа қонақтар қабылданбайды. Қасықтан бастап кір жуғыш машинаға дейін қонақтардың құзырына беріледі. Қалаған уақытында моншаға түсуі де баспана жалдау құнына кіреді. Тек қайыңның бейнегімен соғынғыңыз келсе, 300 теңгеге сатып аласыз. Кәуап қақтағысы келгендерге істік пен мангал да тегін беріледі. Атпен тау-тасты аралаудан бөлек, жұтпа салуға да мүмкіндік бар. Бұл өлке тұтастай ұлттық қорықтың аумағында кіретіндіктен, мұнда аң аулау мүмкін емес. Келер жаздан бастап шағын отбасыларға арнап екі бөлмелі тағы бір қонақ пәтері жабдықталмақ. Онда да су жаңа тұрмыстық техника мен жиһаз қойылатын болады. Оған қажетті қаражатты Еурокомиссияның арнайы қоры бөліп отыр. «Алтын Алтай» конкурсына ұсынған жобасы грантқа ие болып, 600 мың теңгенің затын алуға мүмкіндік туған. Үй иесі гранттың тең жартысын игеріп қойғандарын айтады. Қалған ақшаға қазақ үйінің жабдықтарын сатып алмақ. Еурокомиссия грантының әрбір тиыны тиімді жұмсалуын «ТЭК» экологиялық-туристік орталығының директоры Наталья Блох қадағалайды. Исатай Сүлейменов грант қаржысына о баста шетелден келген қонақтарды ұялмай қабылдайтындай етіп, үйге еурожөндеу жасамақ болған екен. Алайда, қор өкілдері меймандар ондай жайлылықтан жалыққандықтан, осында келетінін айтып, керісінше бәрі табиғи, ұлттық нақышта болуын талап еткен екен.
-Қалған ақшаға үлкен тұскиіз, сырмақ пен алаша сынды жабдықтар сатып аламыз. Ақыры осы іске кіріскен соң, тиянақты айналыссақ деп отырмыз. Қыста туристер өте сирек келеді. Бұл мезгілде көлігіммен адам тасып, нәпақа табамын. Ауылға су тартып жатыр. Біз де үйімізге кіргізіп алайық деп отырмыз. Судың үйде болғаны қонаққа да, зейнеттегі жолдасыма да қолайлы. От жағады демесеңіз, біздің қарағай үйіміз қаланың пәтеріндей жайлы болады. Қайта онда мұндағыдай тұнып тұрған табиғат жоқ, – дейді Исатай Сүлейменов.
Есімжан Нақтыбайұлы
Катонқарағай ауданы.