Қоғам

Ауыл тұрғындарымен кездесті

Ел Президенттігіне Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан үміткер Нұрлан Әуесбаев Ақтөбе облысына сапармен барды.

Аймақтағы сайлауалды науқан аясында ол Бестамақ ауылы тұрғындарымен кездесті.

Жұрт үміткерге кент ішімен өтетін Ақтөбе – Астрахань тас жолына байланысты шағымданды. Бүгінде жобаға сай кеңейтіліп жатқан бұл жол елді мекенді екіге бөліп отыр. Сондай-ақ жолдағы көлік ағыны қарқынды. Бұл тұрғындар үшін қиындықтар тудыруда. Біріншіден, жол бойында орналасқан үй тұрғындарын күндіз-түні тынбайтын көлік дыбысы мазалайды. Екіншіден, тұрғындар үнемі жолды кесіп өтуге мәжбүр, бұл – өте қауіпті.

Ауыл тұрғындарының мұң-зарымен танысқан Нұрлан Әуесбаев адамдар қауіпсіздігі мемлекеттің басты міндеті екенін атап өтті. Айналма жол салу қажет. Не себепті әкімдік пен жол құрылысы басқармасы тұрғындар қажеттігін елемей жүргені сұрақ тудырады. Үміткер мәселені тез арада шешу керектігін белгіледі.

Мұндай жағдай қайталанбауы үшін мемлекеттік басқару жүйесін реформалау қажет. Нұрлан Әуесбаевтың пікірінше, бірінші кезекте барлық деңгейдегі әкімдерді сайлауды енгізуді жеделдету қажет. Сонда ғана шенеуніктер халық алдында жауапкершілік сезініп, қарапайым азаматтардың пайдасына шешім шығара бастайды.

Оған қоса, ЖСДП үміткерінің сайлауалды бағдарламасы парламенттік-президенттік республиканы құруды көздейді. Үміткер пікірінше, күшті Парламент жартылай бір мандаттық округтардан сайланған депутаттардан құралуы керек. Халықтық парламенттік бақылау сыбайлас жемқорлыққа басты тосқауыл болуы тиіс.

Нұрлан Әуесбаев қатысушыларды оған – халық билігі мен еркін қоғамға дауыс беруге шақырды.

Кездесуден кейін Нұрлан Әуесбаев Есет батыр кесенесіне барып, халыққа амандық, бақ-береке тілеп, құран бағыштады.

Осы айдарда

Back to top button