Денсаулық сақтау

Ауыл тұрғындары тегін тексерілді

Ауыл тұрғындары тегін тексерілді


Елімізде денсаулық саласына қатысты 29 ұлттық бағдарлама бар. Солардың бірі – «Денсаулық жолы» бағдарламасын жаз ортасында өткізу жақсы дәстүрге айналған. Жобаның ерекшелігі – ауыл тұрғындарына тар шеңберлі дәрігерлердің қызметін «үйлерінде» ұсыну. Биыл осындай мүмкіндікке Глубокое ауданындағы Ушанов ауылының тұрғындары ие болды.

Ушановтықтарды облыстық аурухананың, Өскемен қаласындағы №1 емхана мен Защита теміржол ауруханасының дәрігерлері қабылдап, АИВ жұқпасына жедел тексерілу қызметтерін көрсетті.

-Осы жерде тұрғаныма 60 жыл, осындай акция бірінші рет өтіп тұр. Әрине, өте қолайлы, бізге басқа жаққа барып керегі жоқ, – дейді ауыл тұрғыны Валентина Лубянская. – Өзім кардиологта есепте тұрмын, ал аудан орталығы Глубокоеға баруға жер қашық. Жаңа ғана кардиолог тексеріп, басқа дәрі жазып берді. Мендегі құрғақ жөтел сол жүрек дәрісінің кері әсері екен. Енді невропатологқа да көрініп алмасам, арқам ауырып жүр.
Акцияны «Шығыс Қазақстан облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы» медициналық мекемесі облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен ұйымдастырды. Ауылға кардиолог, невролог, педиатр және онколог сияқты мамандар атбасын бұрған-ды. Барлық ниет білдіргендер осы мамандарға қаралып, кеңес алды, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары дұрыс ауқаттану бойынша, сүт безі қатерлі ісігін өз бетімен анықтау жөнінде шеберлік сабақтарын өткізді.

– Бүгінгі таңда тек емделуге емес, салауатты өмірді насихаттауға үлкен мән беріледі. Әр адам өзінің денсаулығы үшін ынтымақтасты жауапкершілікті сезінуі тиіс, – деп есептейді «Шығыс Қазақстан облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы» медициналық мекемесінің директоры Сәруар Кожаханова. – «Денсаулык жолы» бағдарламасының мақсаты – ауыл тұрғындарына консультативті көмек көрсету. Жыл сайын біз облыстың әр елді мекендеріне дәрігерлерді апарамыз. Бізге үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан, дәрігерлердің жұмыс кестесін ауылға баруларына қолайлы етіп құрған емдеу орындарының басшылығы мен салалық басқармаға алғысымыз шексіз.

Төрт сағаттың ішінде тар шеңберлі мамандар 50-ден астамтұрғынды қабылдап, 84 кеңес берді. Әсіресе кардиолог маманның қабылдауына адам көп болды, дәрігер 31 пациентті қабылдап, кеңестерін берді. Ал онколог маманға, керісінше, адамдар аз келді. Мұның мәнісін Защита теміржол ауруханасының онкологы Олжас Нұрғалиев былайша түсіндірді:

– Адамдар онкология деген сөздің өзінен қорқады. Кейбіреуі денсаулығының сыр беріп жүргенін біліп, жаман дерттен іштей күдіктенгенімен, оны дәрігердің аузынан естігісі келмейді. Бәрі жақсы болар деп үміттенеді. Ал бұл – үлкен қателік. Онкологтардан қорықпау керек. Оларға жылына бір рет қаралып, аурудың алдын алған дұрыс. Ерте анықталған дертті жеңу де оңай.

Онколог-дәрігер тұрғындар қазір тегін скринингтік тексерулерден, флюорографиядан өтуге де салғырттықпен қарайтынын айтады. Ал өкпе рагы елімізде ең жиі кездесетін жаман аурулардың бірі.

Бұдан басқа АИВ-пен күрес және алдын алу орталығының өкілдері ауылдықтарды АИВ-қа тексеріп, осы дерттің алдын алу жөнінде кеңес берді. Өкініштісі, бұл тексеруден өтуге он бір адам ғана келді. Алайда орталық мамандары жұқпалы инфекцияның тіпті жасы келген адамдардан да анықталғанын жасырмайды. Мысалы, АИВ жұқпасы тіркелмеген деген шалғай аудандардың бірінде жетпістен асқан бір ерлі-зайыптыларда қатерлі жұқпа шығыпты. Сондықтан да тұрғындар профилактикалық мақсатта жүргізіліп отырған осындай акцияларды барынша ұтымды пайдаланғандары абзал.

Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button