Ауыл тұрғындары қоқиқаз бен бірқазанды құтқарып қалды
Серебрянка қаласының тұрғыны Сергей Силантьев Ертістің жағасынан қоқиқаз тауып алды. Жыл құсы қанатынан жараланып орта жолда қалғанға ұқсайды.
– Жаралы қоқиқаз жағада дәрменсіз күйде, дірілдеп, тоңып отыр екен. Тіпті, қарсылық көрсетуге де шамасы болмады. Оны үйге әкеліп, жылы пештің жанына қойып, тамақтандырып, оған Вася деп ат қойдым. Қоқиқазды Өскемендегі зообаққа бердім, қазір құс ол жерде өзін жайлы сезініп жүр, – дейді Сергей Силантьев.
Шемонайха ауданы Первомай кентінің тұрғындары да қазан айының соңында таңертең кенттегі бір үйдің шатырынан тағы бір жыл құсы – бірқазанды тауып алыпты. Үйдің жанындағы қарға құлап түскен бірқазанды жылы жерге алып келген үй иесі ветеринар шақырып, сынған қанатын емдеткен. Бірқазанды тамақтандыру ауыл тұрғындарына оңайға түскен жоқ. Бірқазан үшін көршілес Зевакино ауылының балықшыларынан балық сұрап алуға тура келген.
Кент тұрғындарының айтуынша, Өскемендегі зообақ әкімшілігі де балықты көп жейтін бұл құсты асырау, бағып-күту қиын екендігін алға тартып, оны зообаққа алуға құлықсыздық танытып отыр.
– Бірқазандар біздің өңірмен ұшып өтпейді. Біздің жаққа қалай келіп қалғаны белгісіз. Жолынан жаңылған болуы мүмкін, – дейді Шемонайха аңшылар қоғамының директоры Виктор Шенгальц.
Жамал Ермен