Ауыл түлектері субұрқақ салып, саябақ ашты
Жуырда Қарақол ауылына барып тындырылған көп істерге риза болып қалдым. Әжептәуір ақындығы бар Марат Демежанұлы деген ағамыз салған жерден: – Ой, бауырым, жақсы келдің! Ауылымыз қазір ерекше түледі. Сенбесең, жүрші аралайық, – деп қоярда-қоймай жол бастай жөнелген…
Шынында да, аудан орталығынан жырақта жатқан Қарақол ауылында аз уақыт ішінде атқарылған істер ауыз толтырып айтарлықтай болыпты. Елді мекенде береке мен ынтымақтың жылы самалы есетіндей. Оны бірден сезінесің, көзге көрініп тұр. Әр жылдары мектеп бітірген түлектер «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында ауыл орталығында жаппай бір-бір нысаннан салып жатыр. Мәселен, 1986 жылы бітірген түлектер ауыл шетіне 400 түп алма ағашын отырғызып, ескі ғимаратты қайта жөндеп, монша салған. Қазір аптаның төрт күні монша жұмыс істеп тұр. Бағасы да қымбат емес, бір адамға 300 теңге. 1971 жылы туған азаматтар биыл Мәдениет үйінің ауласынан субұрқақ орнатыпты. Ал 1974 жылы туған түлектер Мәдениет үйі ғимаратының 34 метр болатын фойесінің төбесін қайта шатырлап берген. 1975 жылы дүниеге келген азаматтар да басқаларынан қалыспай базарға ұзындығы 14 метр қалқа жасап, арнайы орындықтар орнатқан.
– Ауыл халқы биыл тағайындалған жаңа әкімге риза, – дейді Марат Дікібаев ақсақал. – Осы жердің түлегі Марат Мұсабаев бауырымыз үш-төрт айдың ішінде көп шаруа жасады. Ауылдың кіреберісіндегі қаз-қатар тұрған үйлерді сымдай қылып шарбақпен қоршап, бояп қойды. Көктем келісімен судың астында қалатын Жақсыбеков көшесі мен «Микрорайон» деп аталатын жердің жолына құм төгіп көтерді. Шынын айтқанда, бізде бұрын мұндай үлкен шаруалар атқарылмаған.
Жалпы, Қарақол ауылы Сартерек, Сағат, Бірінші ферма, Екінші ферма деп аталатын бірнеше елді мекеннен тұрады. Сасықкөлдің жағасына орналасқан Сағат ауылы осы Қарақол ауылдық округіне қарайды. Округ әкімі Марат Мұратұлы бастаған азаматтар бұл ауылға өз қамқорлықтарын аяп отырған жоқ көрінеді. Сағат кентінен Ұлы Отан соғысына аттанған 13 ардагерге ақ мәрмәрдан ескерткіш орнатып, ашыпты. Сондай-ақ, Сасықкөлден мектепке дейінгі 500 метр жерге өз күштерімен су құбырын тартқан. Ішуге жарамаса да, мектеп ауласындағы бау-бақшаны суаруға жетіп тұр. Алматы – Өскемен тас жолы мен Сағат кентінің арасы – 18 шақырым. Сол екі ортадағы бұрыннан бар көпір құлап, қатынас қиындағаннан соң, «Түйекөпір» деп аталатын осы көпірді қайта қалпына келтірді. Осының бәрі – бюджеттен ешқандай тиын алынбай, халықтың, жергілікті қожалық иелерінің өз қаржысына жасалып жатқан шаруалар.
– Өзім туып-өскен ауылым болған соң, елдің жағдайына жанымыз ашиды. Тоқсаныншы жылдардағы алмағайып кезеңнің ауыл өміріне әжептәуір салмақ салып кеткені рас. Соның зардаптарын жою жолында жүрміз қазір. Сондықтан қолда бар мүмкіндікті сарқа пайдаланудамыз. Мен, әрине, мұндай шаруаларды жалғыз істеп жатқан жоқпын. Осындағы өзімді қолдап, көмегін тигізіп отырған ауылдастарыма айтар алғысым шексіз. Мәселен, мына құрылысы жүріп жатқан арканы өзімнің сыныптасым Архат Советқалиұлы қолға алып отыр. Құны 700 мың теңге тұратын мұндай іске екінің бірінің батылы бара бермейтіні рас. Оған үлкен рақмет дейміз. Алда әлі талай ойлар, жоспарлар бар. Алла қаласа, соларды орындауға жұмыламыз. Береке-бірлік болса, ырыс пен бақ өзі келеді ғой, – дейді ауыл әкімі.
Берікхан Тайжігіт