Қоғам

Ауыл шаруашылығының үздіктерін марапаттады

Ауыл шаруашылығының үздіктерін марапаттады


Кеше аймақтың ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне елеулі үлес қосып, елімізде өндірілетін отандық сапалы азық-түлік тауарларының қатарын молайтып жүрген сала өкілдері облыстық драма театрда бас қосып, өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтті.

Салтанатты кеш алдында театрдың фойесінде ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, онда облыста өндірілген сапалы бал мен панты, сүт, нан, шұжық, балық өнімдері, сонымен бірге ауылшаруашылық техникалары сатылымға шығарылды. Сондай-ақ, жиналғандар назарына 2018 жыл бойынша облыстың агроөнеркәсіптік кешенінің даму қорытындыларына арналған бейнеролик ұсынылды.

Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков ауыл шаруашылығы қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, облыс басшысының атынан үздіктерді Алғыс хатпен және Құрмет Грамотасымен марапаттады.

– Баршаңызды облыс басшысының атынан кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі ғана емес, мемлекеттің қоғамдық-саяси тұрақтылығы, азаматтардың әл-ауқаты, ұлттың денсаулығы, қазіргі және болашақ ұрпақтың игілігі ауыл шаруашылығына тікелей байланысты. Қазіргі кезде облыс халқының қырық пайызы ауылды жерде тұрады. Бұл – жұмыс істейтін экономикалық белсенді халықтың үштен бірі. Ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда артық. Мемлекет басшысы да өз Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты нақты міндеттер қойып отыр. Барлықтарыңызды кәсіби мерекемен және алда келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын, – деді Шалқар Байбеков.

Мұнан соң «Ауыл шаруашылығы өндірісіне қосқан зор үлесі үшін» он шығысқазақстандық Ауылшаруашылығы министрінің Құрмет Грамотасын алды. Олардың қатарында Абай ауданындағы «Айбар» шаруа қожалығының басшысы Қуат Өзбеханов, Жарма ауданындағы «Қарадоңғал» ЖШС директоры Оралғазы Жанақов, Катонқарағай ауданындағы «Сұңқар» шаруа қожалығының тракторшысы Ринат Базашев және басқалар бар.

Сондай-ақ, бес үздікке «Ауылшаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі салтанатты түрде тапсырылды. Өскемендегі «Пасека» шаруа қожалығының жетекшісі Валерий Қасымбаев, Бесқарағай ауданындағы «Мукинов» шаруа қожалығының жетекшісі Хабидолла Мукинов, Тарбағатай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мерей Қайырбеков және басқалар төсбелгі иегерлері атанды.

Ал «Еңбек ардагері» медалі Семей қаласындағы «Кеңесбек» шаруа қожалығының басшысы Кеңесбек Садықовтың, Глубокое ауданындағы «Березовское» шаруа қожалығының басшысы Григорий Селивановтың және Зайсан аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұратхан Қиямазановтың кеудесінде жарқырады.

– Ұзақ жылдар бойғы еңбегімізді бағалаған аудан, облыс басшылығына алғыс білдіреміз. Алда да еліміздің дамуына, ауыл шаруашылық саласының өркендеуіне үлес қоса береміз, – дейді Мұратхан Қиямазанов.

Кәсіби мереке өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button