Қоғам

Ауыл шаруашылығының алғы шебіндегілер марапатталды

Ауыл шаруашылығының алғы шебіндегілер марапатталды


Жерден нәсібін терген диқандар мен төрт түлікті табыс көзіне айналдырған еңбеккерлер бір жылғы жұмыстарын қорытындылады. Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты шараға аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ қатысып, сала үздіктерін марапаттады.

Облыстық драма театрына аймағымыздың әр түкпірінен жиналған еңбекқор жандар арқа-жарқа амандасып, көңілді шүйіркелесіп жатты. Олай болатын жөні де бар. Биыл шаруа қауымы үшін табысты жыл болды. Әсіресе, диқандардың көңілі тоқ. Миллион тоннадан астам астықты қамбаға үйген егіншілердің мұртын балта шаба қоймас биыл. Өңірлік бағдарламаның жемісті жұмыс істеуінің арқасында 10 айдың ішінде 800 мың тонна сүт өндірілді. Сондай-ақ, 250 мың тонна ет алынды. Бүгінде облыс аумағында аграрлық салаға кәсіптенген 16600 шаруашылық бар. Бұл ұйымдар өңірдегі еңбекке жарамды халықтың 40 пайызын жұмыспен қамтып отыр.

Шара басталар алдында театр фойесінде аудандардың агроөнеркәсіптегі әлеуеті кестеленген шағын көрме ұйымдастырылды. Облыс басшысы әр ауданның шаруаларымен жеке кездесіп, қолға алынған жобалардың жай-күйін сұрады. Мысалы, Зайсан өңірінде балық өңдеу ісі қайта жанданбақ. Ондаған жылдар бойы тұралап келген «Қарабұлақ» балық зауытына инвестор қомақты қаржы құйып отыр. Аймақ басшысы бұл кәсіпорынды шикізатпен толық қамту үшін көршілес Тарбағатай ауданымен тізе қосып жұмыс істеуді тапсырды. Әр ауданның аграрлық саладағы басым бағыттарын айрықша атай келе, аймақ басшысы шаруаларды өз жетістіктерімен шектеліп қалмай, өзгелердің жақсы жағынан үлгі алуға шақырды.

Бұдан кейін салтанатты шараның шымылдығын құттықтау сөзімен ашқан Даниал АХМЕТОВ Мемлекет басшысының ғаламды дағдарыс қысқан тұста ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық беруі тегін емес екенін атады.

– Биыл Тәуелсіз Қазақстан 25-ке толады. Осы аралықта Отанымыздың дербес ел ретінде қалыптасуына аграрлық сала мамандары өлшеусіз үлес қосты. Саланың әрі қарай да қарқынды дамуы үшін құқықтық базасы нығайтылуда. «Қазагро» ұлттық холдингі арқылы шаруаларға жеңілдетілген несиелер мен лизингтер үздіксіз беріліп келеді. Ал «Агробизнес» бағдарламасы арқылы облысқа 40 млрд. теңгеден астам субсидия берілді. 2016 жылы ауылшаруашылық бағыттағы жобаларға 170 млрд. теңгенің инвестициясы тартылды. Осының барлығы әуелі Тәуелсіздіктің арқасында, содан кейін сіздердің еселі еңбектеріңіздің арқасында жүзеге асты, – деген аймақ басшысы соңғы тоғыз жылда облыс аумағына 43 млрд. теңгенің жаңа техникасы әкелінгенін де атап көрсетті. Өңірдегі тамақ өнеркәсібінің өнімі өткен жылғыдан екі миллиард теңгеге көбейген.

«Восток-Молоко», «Эмиль», «Өскемен құс фабрикасы» сынды үздік кәсіпорындардың жемісті жұмысына жеке-жеке тоқталған аймақ басшысы Владимир Акулов, Фарид Абитаев, Мұхит Тұмабаев, Қуаныш Сүлейменов, Василий Воропай сынды шаруашылық жетекшілерін ауылдастарына жайлы жұмыс ұсынып қана қоймай, елдің дамуына іспен атсалысып жүрген жандар ретінде атады.

Аталмыш мерекелік шараға әр ауданнан қарапайым шаруалар мен салаға жауапты басшылардан бөлек, ардагер еңбекшілер де шақырылыпты. Жиналған жұртты аға буынның атынан Төлеуберді Әубәкіров құттықтады. Өмірінің 55 жылын ауыл шаруашылығына арнаған ақсақал әуелі кеңшар көлемінде басшылық жасап, кейін Жарма ауданының тізгінін ұстаған екен. Ол өз буынының еңбегін еш қылмай, табысты жолды сәтті жалғаған бүгінгі буынға ризашылығын білдірді.

Сөз алғандардың барлығы саланы дамытуға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп отырғанын атап, өз жетістіктерімен бөлісті.
Мереке құрметіне жалпы жиыны 62 үздік маман марапатталды. Соның ішінде 32 адам Ауыл шаруашылығы министрлігінің медальдарымен және грамоталарымен, 22 адам облыс әкімінің грамоталарымен және Алғыс хаттарымен, сегіз адам арнайы аталым бойынша марапатқа бөленді. Солардың бірі – бородулихалық Ерлан Зәйтенов «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгісіне ие болды.

– Биылғы жыл біз үшін табысты болды. Келер жылға да ауқымды жобаларды жоспарлап отырмыз. 237 басқа арналған роботтандырылған тауарлы-сүт фермасын құрып, биожанармай өндірісін жолға қоймақпыз. Сонымен қатар, ірімшік зауытын қайта жарақтау жоспарланған, – дейді «Зәйтенов» шаруа қожалығының басшысы.

Салтанатты шара өңірдің таңдаулы да танымал өнерпаздары дайындаған мерекелік концертпен түйінделді.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button