Ауыл шаруашылығы жаңа бағытқа бет бұрды

Еліміз бойынша агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жаңа жобасы қолға алынды. Осыған орай ауыл шаруашылығын субсидиялау және мал басын көбейту, асылдандыру мәселелері де Абай ауданында қолға алынып отыр. Осыған орай, аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Тәттібековпен сұхбаттасқан едік.
-Аудандағы қожалықтардың барлығы дерлік төрт түлік өсірумен айналысады, – деп бастады әңгімесін Б.Тәттібеков. – Асыл тұқымды ірі қара малы мен жылқы, қой-ешкі төлдеріне субсидия алғысы келіп отырғандар бар. Қазіргі таңда аудан бойынша асыл тұқымды мал сатып алудың құнын арзандату бойынша және селекциялық жұмыстар жүргізу, мал шаруашылығы өнімінің сапасын жоғарылатуға орай субсидияландыру жақсы жолға қойылып отыр.
Мәселен, қозы етін өндірудің құнын арзандату бойынша әр басқа 1,5 мың теңге субсидия қаражаты төленеді. Бірақ бұған қойылатын біршама талаптар бар.
Айта кетсек, бірдейлендіру нөмірлерінің тіркелуі, сойылған сәттегі қозылардың жасы 12 айдан аспауы, зоотехникалық есептері мен ветеринариялық санитариялық іс-шаралардың жүргізілуі, қой ұшаларын стандартқа сай бөлшектеуді қамтамасыз ететін ет өңдейтін өндіріс орындарына өткізу сынды талаптар міндетті түрде орындалуы керек. Шаруашылық иелерінің қой малының селекциялық жұмыстарын субсидиялауға ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен желтоқсан айының аралығында өтінім беруге мүмкіндіктері бар. Асыл тұқымды саулықтардың селекциялық жұмыстарына 2500 теңге, ал тауарлы шаруашылықтың саулықтарының селекциялық жұмыстарына 1500 теңге төленеді. Биыл ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы берілетін «Береке» бағдарламасына да өзгерістер еніп отыр. Несие мақсаты мүйізді ірі қара малын семіртіп, ет өнімін өндіруге бағытталған. Ол үшін 20 адамнан кем емес адамдар немесе шаруа қожалықтары несиені алып кооператив болып құрылуы керек. Бұларға да берілетін біршама жеңілдіктер бар. Біріккен тұлғалар несие алып, мал бордақылау алаңдарын ашса, оған ет тапсыруға мол мүмкіндіктер берілері анық. Етке тапсырылған әр бұқашыққа 20 мың теңге субсидия қаражаты төленеді. Ол үшін қойылатын талаптар мен өлшем-шарттары орындалуы тиіс. Сонымен қатар, биыл ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы берілетін «Береке» бағдарламасына да өзгерістер енгендігін айта кеткім келеді. Бұған берілетін несие мақсаты мүйізді ірі қара малын семіртіп, ет өнімін өндіруге бағытталған. Ол үшін 20 адамнан кем емес адамдар немесе шаруа қожалықтары несиені алып кооператив болып құрылуы қажет. Оларға берілетін өзіндік жеңілдіктер де қарастырылған. Біріккен тұлғалар несие алып, мал бордақылау алаңдарын ашса, оған ет тапсыруға мол мүмкіндіктер берілері анық. Сондай-ақ кооперативке берілетін негізгі басымдықтар ішінде бұқашықтардың бордақылау шығындарын арзандату қарастырылған. Құрама жемнің құнын неғұрлым арзандатып беру қарастырылған.
-Ауданның басты бағыты мал шаруашылығы болғандықтан ет өндірісі қандай деңгейде дамып отыр?
– Шаруа қожалықтары мен қосалқы шаруашылықтар мал бордақылау алаңдарын құра отырып және кооперативтерге біріктіріп, бәсекеге қабілетті ет өндіруі керек, бұл – мемлекеттік бағдарлама. Ет экспортын дамыту сынды кешенді шараларды жүргізу де жоспарда бар. Бұл ретте кәсіпкерлерге, жалпы агроөнеркәсіпке мемлекет тарапынан мол мүмкіндіктер беріліп отыр. Біз де осы бағытта жұмыс істейміз. Елбасының биылғы Жолдауында көтерілген мәселе, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы. Бұл бойынша экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуын қалыптастыру қажет. Бұрындары негізгі құжаттамасы қағаз жүзінде жүргізілетін ауыл шаруашылығы саласы да жаңашылдыққа бет бұруды қарастырып отыр. Мәселен, қазіргі күні тиісті ведомства субсидия берудің екі бағытын ғана электронды жүйеде іске асырса, көп ұзамай құжат рәсімдеу түгелдей заманауи форматқа көшеді.
-Өзіңіз Египет Араб Республикасының астанасы Каир қаласында сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық бойынша Қазақстан-Египет үкіметаралық комиссиясының бесінші отырысына қатысып қайттыңыз. Сол сапардан алған әсеріңізбен бөліссеңіз.
-Халықаралық деңгейдегі маңызды кездесуге еліміздің делегациясын Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бастап барды. Кездесу барысында жүргізілген келіссөздер нәтижесінде Қазақстан-Египет үкіметаралық комиссиясы кезекті 5-інші отырысының хаттамасын жасап, қос тарап бірігіп қол қойды. Бұл аса маңызды құжатта екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық мәселелерінн бірігіп іске асыру қаралды. Екі елдің үкіметаралық комиссиясы отырысында қос мемлекет арасындағы мәдениет және тарихи-мәдени мұраларды қорғау, спорт пен туризм, білім беру, діни қызмет, сауда, өндіріс, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау сияқты көптеген салалар бойынша бірігіп жұмыс істеу туралы да айтылды. Сөйтіп, осы кездесуде белгіленгендей, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрме аясында Ежелгі Египеттің өнер туындылары көрмесі де өтті. Болашақта Ұлттық музейімізде әлемдік мәдениет залын ашу үшін қазақстандық реставраторлар, археологтар Египетте даярлық курстарынан өтетін болды. Менің ойымда қалған ерекше бір толқынысты сәт-Арыстанбек Мұхамедиұлының Мысыр елінің инвестициялар және халықаралық ынтымақтастық министрі Сахара Насрмен және мәдениет министрі Х.Наманам, Көнелер ісі министрі Х.Аль-Анани жән Каир шаһарының губернаторымен екіжақты кездесулер өткізіп, соңынан қаладағы «Достық пен еркіндік» саябағында орналасқан Абай бюстіне гүл шоқтарын қоюы. Осы сәтте Абай ескерткішінің жанында тұрып суретке түскен кезімде, ойыма алыста қалған туған елім Шыңғыстау баурайы түсті. Абай қай жерде де менің жүрегімде, қай жерде де оның ескерткіші бар, қандай керемет! Содан соң ел делегациясы ретінде ұлы даланың ұлы тұлғасы Сұлтан Бейбарыс мешітіне зиярат еттік. Естеріңізде болса, өткен жылдың қазан айында Мысыр төріне Абай ескерткіші қойылды деген сүйінші хабарды естіген едік. Бүкіл Абай ауданы болып, төбеміз көкке бір елі ғана жетпей қалған болатын. Абайдың және оның әдеби мұрасының әлемдік деңгейде кеңінен насихатталуы күллі қазаққа мәртебе екенін көріп жүрміз. Осы сапарымыздың барысында Египет Араб Республикасының Қазақстанға деген құрметі мен ерекше ықыласын танып қайттым. Тіпті олар, жас қала Астана мен іргетасы сонау перғауындар билігі заманында қаланған әйгілі Каир қаласын «Бауырлас қалалар» деп атайды екен.
– Абай ауданының мәдени-әлеуметтік дамуы бүгінгі күні қандай деңгейде деп айтар едіңіз?
-Абай елі үшін ең құнды байлық – ел Тәуелсіздігімен бірге түлеген дана Абай мен Шәкәрім мұраларының жаңғыруы және Елбасы Нұрсұтан Назарбаевтың бастамасымен Семей ядролық сынақ атом полигонының жабылуы деп білемін. Кеңес үкіметі кезінде Абай ауданында төрт түлік мал өрістеп тұрды. Соның ішінде қой малының деңгейіне қазіргі Абай ауданының шаруашылықтары жетіп қалды. Сол кезеңмен салыстырып қарағанда мүйізді ірі қара саны 11,5 есеге, жылқы саны 3 есеге жуық артып отыр. Тәуелсіздік жылдары аудан бойынша жаңадан үш мектеп, бес балабақша ашылды. Спорт саласы бойынша бір спорт модулі, «Шыңғыстау» спорт кешені, бір мектеп жанындағы спортзал салынды. Бұл енді Қарауылдың өз басында, ал шеткі ауылдарда жаңадан футбол алаңдары, хоккей кордтары пайдалануға берілді. Медицина саласы бойынша жаңадан бір дәрігерлік амбулатория салынса, аудандық аурухана, емхана, ғимаратына және барлық ауылдық дәрігерлік амбулаторияларға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұрындары тек аудан орталығы мен Медеу ауылдық округінде ғана болған мәдениет ошақтарымен қазір барлық ауылдық округтер де қамтылған. Орталық кітапхана, өлкетану мұражайы, Жидебайдағы Абай музейі күрделі жөндеуден өтіп, «Қызмет көрсету кешені» іске қосылды. Мұнан бөлек, Қарауыл мен өзге ауылдардағы негізгі көшелер асфальтталып, жарықтандырылды. Ауылдық саябақтар қайта жасақталып, алты балалар саябағы, Мамай батыр, Әнет баба, «Еңбек аллеясы» парктері ашылып, Жеңіс саябақтары жөндеуден өткізілді. Барлық ауылдарда мобильді байланыс іске қосылып, бірқатар ауылдар интернет желілерімен қамтамасыз етілген. Осының барлығы ауданымыздың Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген игі табыстары.
-Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Раушан Нұғманбекова
Абай ауданы.