Ғасырға жуық тарихы бар Зайсан ауданы, Қаратал орта мектебінің көпшілікті елең еткізген семинарын көрмекке біз де асықтық. «Халықпен халықты, адаммен адамды теңестіретін – ол білім», – деген екен заңғар жазушы Мұхтар Әуезов. Ал құнарлы білімді беру үшін балаға қолайлы орта қалыптастыру – басты талап және міндет.
Облыс орталығынан 500 шақырым шалғайда жатқан Қаратал орта мектебінің аудандық білім беру мекемелерінен және ата-аналармен, қоғамға берген есебі, семинары жаңашыл бағыттағы сипатта заманауи технологиялар мен білім беру үрдісімен, ұлттық құндылықтарды қоса оқушы бойына сіңіріп отырған ауыл мектебі екенін паш етті.
Қаратал орта мектебінің оқушылары облыстық, республикалық байқауларда топ жарып, алдыңғы қатардан көрінсе, мектеп «Орта білім беретін үздік ұйым», «Табысты мектеп», ауылдық округ бойынша «Жылдың үздік мекемесі», облыс деңгейінде «Үздік абайтану кабинеті», «Үздік кітапхана», «Оқырман отбасы» байқауларында жүлделі орындар мен номинацияларға ие болған. Мектеп директоры жоғары санатты, тәжірибелі де білікті басшы Майгүл Сәрсенбаева мен мектеп ұжымының, ата-аналардың еңбегінің жемісі.
Жуырда осы мектепте «Табысты мектептің кепілі – қолайлы орта» тақырыбында семинар болды. Оған білім беру ұйымдарының басшылары қатысты. Семинар аясында мектеп тәжірибесіне енгізіліп жатқан оқу-тәрбие бағытындағы 14 жобамен қатар, білім ордасының ішкі-сыртқы безендірілуі, оқу залдары, атаулы кабинеттердің жұмысы, ата-аналармен бірлескен жұмыстар паш етілді.
«Болашаққа баспалдақ»
Бала мектеп табалдырығын алғаш аттаған сәттен бастап жаңа орта, жаңа достармен табысатыны анық. Барлығы дерлік бастауыш сыныптың білімін бірден қабылдауы мүмкін емес. Мектепке дейінгі даярлық тобынан бастап әр бала әртүрлі қабылдайтыны анық. Бір оқушы жылдам игеріп, оқу үдерісіне бірден ілесіп кетсе, енді бір оқушылар баяу қабылдайды. Жылдам қабылдап, оқу талабына бірден ілесіп кеткен оқушылар мен баяу қабылдайтын оқушылардың арасындағы алшақтықты теңестіру бағытында Қаратал орта мектебінің «Болашаққа баспалдақ» жобасы өз нәтижесін беруде. Ата-аналар мен мектеп ұжымы бірлесіп жүзеге асырған жобамен танысқан қатысушылар да оның ерекшелігін атап өтті. Бұл жерде ерекше назарға алатын жағдай – бастауыш сыныпта баяу қабылдайтын оқушыларға ерекше үйрету тәсілдерін қолдану. Мәселен, ондай балаларға қалам ұстағанда қолдың моторикасын дамыту үшін ойын әдістерін қолдана отырып, оның қызығушылығын ояту әдісі қолданылады.
Бірінші сыныпқа келген бала бұрын ойынмен айналысса, енді оған оқумен айналысуға тура келеді. Оқу – ойынға қарағанда өте күрделі үдеріс. Осы кезеңде баланың сөздік қорын дамытумен бірге таза, жатық, түсінікті сөйлеу, оқу, жазу дағдыларын қалыптастыруда әртүрлі жұмыс формаларын ұйымдастыру маңызды.
– Бастауыш сынып – баланың дамуына, қалыптасуына жағдай жасайтын негізгі саты. Кез келген жаңашылдық бастауыш сыныптан бастау алады. Мектепте «Болашаққа баспалдақ» жобасы аясында 1-сынып оқушыларына арналған арнайы сынып бөлмесін жабдықтадық. Аталған бөлме оқушының қызығушылығын тудыру үшін әртүрлі ресурстармен толықтырылған, – деп түсіндірді жоба жетекшілері – директордың бастауыш сыныптар бойынша орынбасары Р.Куленова, бастауыш сынып мұғалімдері Ш.Бастаубаева, А.Кипа және мектеп психологы Н.Кудайбергенова.
«CLIL» әдісі
Абай атамыздың «Тіл игеру үшін тілек те керек, жүрек те керек» деген ұлағатты сөзі тілдің мән-жайына үстірт қарамай, үңіле зерделеуді қажет ететінін ойға салады. Жалпы білім беретін жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер бойынша ағылшын тілін кіріктіре оқытуда заманауи «CLIL» әдісін белсенді қолдану өте тиімді. Оқушылардың басқа сабақтарда да ағылшын тілінде сөйлеуі Қаратал орта мектебіндегі ағылшын тілі мұғалімдерінің де біліктілік деңгейінің жоғары екендігін көрсетеді. Семинарда «CLIL» әдісі бойынша шеберлік сағаты өтті.
«Эксперименттік химия». Қаратал орта мектебінің оқушысы Сағындық Берік 2018 жылы «I QANAT» олимпиадасының республикалық кезеңінен бас жүлдені жеңіп алып, мектебіне құны 3 млн теңге тұратын «FabLab» сандық зертханасын сыйға тартқан екен. Бүгінде мектеп оқушылары осы заманауи құралды зертханалық және жобалау жұмыстарында пайдаланады. Болашақта жетілдіріп, үлкен құрылғылар жасау мүмкіндіктеріне жол ашады. Сонымен бірге «Эксперименттік химия» үйірмесінде оқушылар болашақта таңдаған мамандықтарына сәйкес, мектеп практикасында демонстрациялық, зертханалық және практикалық сабақтар кезінде әртүрлі эксперимент жасайды. Аталмыш кабинетке келген құрылғыларды «Жас физик» үйірмесінде де қолданып жүр. Оқушылардың қызығушылығы да жоғары.
Ұлттық құндылықтар – ұрпақ жалғасы
«Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт». Шығыс ойшылы Науаи: «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына» десе, Абай атамыз: «Танымның бар тамашасы – кітапта, оған қол жеткізу үшін кітап оқудан жалықпа», «Артық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге» деп насихаттаған. Халқымыз әр ғасырда-ақ ел даналары мен замана тұлғаларының өзінен кейінгі ұрпаққа қалдырып отырған ұлағатты да өнегелі сөздерін кітаптан алған. Кітаптың – рухани қазына аталуы да сондықтан. Бүгінгі күні бос уақытымызда әлеуметтік желіні шарлап кететініміз анық. Осы орайда кішкентай оқырмандарымыздан бастап ата-аналарымыз, мектеп оқушылары оқыған кітаптарын жарнамалап, кітаптың маңызын насихаттауда белсенділік танытып жүр. Қаратал орта мектебінің кітапханасы жыл сайын «Үздік кітапхана», «Оқырман отбасы» байқауларында жүлделі орындарға ие болады. Ал мектеп кітапханасының меңгерушісі Н.Калиеваның озық тәжірибесі мен шығармашылығы, жаңашылдығы облысқа үлгі етілген. Бүгінгі күні мектепте «READх» – «Мен оқыған бір кітап» жобасы жалғасуда. Жоба жетекшісі – бастауыш сынып мұғалімі Ж.Болатова, шығармашылықпен еңбек ететін ұстаздарымыздың бірі.
Семинар барысында әлем әдебиетінен Джеймс Гринвудтың «Өгей бала» шығармасы таңдап алынды. Ерекше тартымды сахналық қойылым көрсетіліп, оқиға желісі бойынша дебат ұйымдастырылды. Адамзат баласының баға жетпес асыл құндылығы – кітапты насихаттаудағы мұндай шаралардың маңызы жоғары.
«Әдебиет әлемінде жерлес ақындар». Халқымыз қашанда ұстазы мен ақынын ардақтап, аялай білген ғой. 2019 жылы Қаратал орта мектебінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын, Қаратал мектебінің түлегі Ұлықбек Есдәулет атында «Ұлтжанды Ұлықбек» әдеби залы ашылған болатын. Әдеби залда ақынның өзімен кездесу сағаттары, «Ұлықбек оқулары» байқауы ұйымдастырылып тұрады. Бүгінде «Әдебиет әлемінде жерлес ақындар» жобасы жалғасын тауып, оқушылар ақын өлеңдерімен танысып, жатқа оқуды дәстүрге айналдырған. Семинар барысында әдеби залда мектеп басшысы М.Бопанқызы және оқушылар Ұлықбек ақынның өлеңдерін оқып, жоба жетекшісі С.Калиолдаұлы жерлес ақынға арнаған жыр шумағын ұсынды.
Домбырада ойнау өнері мен күй тарту ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жалғасып келеді. Бүгінде жеткіншектерді ұлттық аспапта ойнауға баулитын үйірмелердің, музыка мектебінің жұмысы жақсы жолға қойылған. Ата-аналар да балаларының ұлттық құндылықпен сусындауына үнемі қолдау көрсетіп келеді.
Жоба аясында аспапқа қызығушылығы бар мектептің 15 оқушысы қамтылып отыр. Домбыра үйрену оңай емес. Қиын тұстары да бар. Дегенмен шыдамдылық танытып, үйірмеден қалмаса, бойында таланты бар балаға ешбір кедергі жоқ екенін үйірме жетекшілері де жеткізді. Үйірмеге қатысамын деушілерге жас шектеуі жоқ.
«Тай жарысы»
Көне заманнан бері келе жатқан, балалардың сүйіп ойнайтын ойындарының бірі – тай жарысы. Тайға ертоқым салынбайды, бала жайдақ мініп шабады. Бұл тек ойын емес, баланы жастайынан қоғамдық өмірге, еңбекке тартып, шаруашылық жағдайымен ерте танысуға, жылқыны танып, білуге баулиды және шыдамдылыққа тәрбиелейді. Жылқыға отырған баланың омыртқасы мен арқасы түзеледі. Қимыл-әрекеті жақсарады. Ал далада бой жазып, тайға мініп, таза ауада серуендеудің пайдасы айтпаса да түсінікті. Қаратал орта мектебінде ата-аналардың қолдауымен «Тай жарысы» жобасы жүргізіліп келеді. Бұған ата-аналар да қолдау көрсетіп отыр. Жобаның жетекшісі – Б.Ишимбаев. Жобаға 20 оқушы қатысады. Ауыл шетінде тай жарысына арнайы жол жасалған. Семинар аясында болған тай жарысында шабандоздар марапатталып, ақшалай сыйлықтарға ие болды.
«Умный четверг». Тілдік құзыреттіліктің талап деңгейінде болуы – қоғамдағы ең маңызды қажеттіліктердің бірі. Өз ана тілімен қатар, орыс, ағылшын тілінде еркін сөйлейтін оқушылардың қатары көбейіп келеді. Қаратал орта мектебінде өткен семинар барысында ағылшын тілі, орыс тілі пәндерінің бірлестігі ұйымдастырған «Умный четверг» жобасының басты талаптарының бірі – аптаның әр бейсенбінде кезектесіп орыс, ағылшын тілдерінде қарым-қатынас орнату. Орыс және ағылшын тілдерінде жасалған оқу залдары, ағылшын және орыс тілі пәндерінің мұғалімдері, оқушылардың орыс, ағылшын тілдерінде еркін сөйлеуі қатысушылардың ерекше назарын аударды. Бұл – пән мұғалімдерінің жүйелі жұмысының нәтижесі.
«Мектеп парламеті»
Қаратал орта мектебінде өткен семинар аясында «Мектеп парламенті» мен фракция жетекшілерінің жұмыс жүйесі таныстырылды. Мектепте оқушылар ұйымына арналған кабинет бар. Кабинет талапқа сай жабдықталған. Бұнда оқушыларға түрлі диалог алаңдарын және дебат ұйымдастыруға, жобалар жасауға мүмкіндік туғызылған.
Сондай-ақ Қаратал орта мектебінде «Ақыл-ойдың спорты – шахмат», «Отбасы, мектеп, қауымдастық: бала мүддесіне қызмет етеміз» қатарлы бірқатар жоба қолға алынған және ол бастамалар өз жемісін беріп отыр. Семинар барысында қатысушылар осынау жобалардың тиімділігін көзбен көріп, көңілге түйді. Өзара тәжірибе алмасты. Ауданның білім саласының өкілдері үшін бұл бір пайдалы да нәтижелі жиын болды десек, артық айтқандық емес.
Еркебұлан Зағыпаров
Зайсан ауданы.