Қоғам

Ауыл медицинасы жаңа деңгейге көтеріледі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында ауыл медицинасын дамытуға, шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарын сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге бағытталған Ұлттық жоба қолға алынатынын айтты. Біздің облыста осы бағдарлама шеңберінде қандай медициналық нысандар бой көтереді? Қанша аурухана жаңғыртылады? Ауыл медицинасын өркендетуге қатысты осы және басқа да сауалдарымызға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гүлмира Сағидуллина жауап берді.

  •  денсаулық сақтау нысаны салынады

 Гүлмира Ғабдуллақызы, Жолдауда көрсетілген тапсырмалар біздің облыс үшін жаңалық емес сияқты. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Аягөз ауданаралық ауруханасының тәжірибесін үлгі етті.

–  Ел Президентінің Жолдауда ауылдағы денсаулық саласына баса назар аударғанына өте қуаныштымыз. Дегенмен, ауылдың денсаулық саласын көркейтуге үнемі  көңіл бөлініп келе жатқанын айта кеткен орынды болар. Әсіресе соңғы жылдары салалық министрлік тарапынан аудандық ауруханаларды, амбулаториялық емханаларды, босанатын бөлімшелерді  жабдықтауға,  нысандардың күрделі жөндеу жұмыстарына  қаражат, жалпы сипаттағы трансферттер бөлінді. Дұрыс айтасыз, ауданаралық ауруханаларды салу, оларды жаңғырту бізде облыс әкімінің бастамасымен 2016 жылы басталған болатын. Бұл істе біз пионерміз! Әлі есімде, сол кезде ауылдағы медициналық нысандарды қажетті құрал-аспаптармен жабдықтау  мақсатында «Парыз» қорынан қаражат бөлінді. 2018 жылы Семей өңіріндегі шалғай аудандарға сапалы қызмет көрсету үшін Аягөз ауданаралық ауруханасы мен Шығыс өңірі үшін Алтайда аурухана ашылып, ангиограф, КТ сияқты заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталды, инсульт орталықтары іске қосылды. Бүгінде Аягөздегі көпбейінді ауруханада әлемдік және отандық тәжірибеде қолданылатын диагностика мен емдеудің заманауи әдістері қолданылады, соның ішінде азинвазивті оталар жасалады, диагностикалық және емдік лапароскопия, холецистэктомия, аппендэктомия, герниопластика, артроскопия енгізілген. Перзентхана үшінші деңгейге жетті. Бұл облыс әкімі мен сол кездегі облыстық сала басшыларының орасан еңбегінің жемісі дер едім.

Президент келесі жылдан бастап ауыл тұрғындарының  мұқтаждықтарына бағытталған Ұлттық жобаны жүзеге асыратынын айтты. Осы жобаға біздің өңірден іліккен елді мекендер бар ма?

– Жолдауда ауылда денсаулық сақтау нысандарын – отбасылық дәрігерлік амбулаториялар, медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттерді салу, сонымен қатар ауданаралық ауруханаларды салу және жаңғырту туралы тапсырма берілді. Республика көлемінде 32 аудандық аурухана қайта жаңғыртылады, кімдерде жоқ, жаңадан салынады. Типті ауруханалар еліміз бойынша бірыңғай жобамен бой көтереді. Келесі жылы жалпы сипаттағы трансферттерден бір миллиардтан астам қаражат ауыл медицинасын жаңа деңгейге көтеруге бөлінеді деп жоспарланған. Оның жарты миллионы құрылыс және жөндеу жұмыстарына, 600 миллионы заманауи құралдармен қамтуға жұмсалмақ. Біздің өңірден бұл тізімге Алтай ауруханасы енді.

Бұдан басқа облыстың ауылдарында 36 денсаулық сақтау нысаны бой көтереді. Талдап айтсақ, Ұлан, Глубокое, Күршім, Зайсан, Тарбағатай, Алтай, Шемонайха аудандарында 27 медпункт, 7 дәрігерлік амбулатория және екі фельдшерлік-акушерлік  пункт салынады. Қай елді мекенге қандай нысан керектігін аудандардың өздері қажеттіліктеріне қарай шешті, барлық құжаттар әзірленіп, министрлікке жіберілді. Енді тиісті қаржы бөлінгеннен кейін құрылыс басталады. Негізгі мақсат – шалғай ауылдарға медициналық көмекті қолжетімді ету.

Келесі бір жағымды жаңалық – 2025 жылға дейін өңірге тағы алты КТ сатып алынады. Олар осы аппаратқа мұқтаж Зайсан, Тарбағатай, Күршім, Самар, Катонқарағай, Шемонайха аудандарына бөлінеді. Бұдан басқа 2022 жылы аудандар үшін 12 соңғы үлгідегі цифрлы рентген аппаратына қол жеткіздік. Біз республика бойынша сандық  PAKS жүйесіне толықтай қосылған жалғыз облыспыз, жүйедегі деректерді синхронизациялау үшін заманауи үлгідегі құрал қажет. Бұдан басқа аудандық ауруханалардың перзентханаларын жарақтандыру үшін  жарты миллиард теңгеге  119 медициналық аспап сатып алынды.

 Әр мәселе бойынша жол картасы бар

 Гүлмира Габдуллақызы, сіз осы қызметке тағайындалғалы кабинетте отырғаннан, елді мекендерді аралауға жиі шығатыныңызды байқап жүрміз. Өңірдегі ауыл медицинасының дәл бүгінгі жағдайы қандай?

– Шынымды айтсам, ауылға барғанда медициналық ұйымдардың жақсы жабдықталғанын байқап жүрмін.  Жуықта Зайсанда болдым, аурухана ғимаратында жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін аурухананың босандыру бөлімшесі екінші аймақтандыру  деңгейіне көшеді. Жабдықталуы облыстық диагностикалық орталықтан кем емес. Құралдардан КТ-дан басқасымен толық қамтамасыз етілген. ЭКГ, флюорография, экспертті санатты УЗД, ФГДС  аппараттары, маммограф, зертхана, тіпті, науқастарды оңалту кезінде жүрегіне түсетін жүктемені анықтауға арналған триммер аспабына дейін бар. Ең маңыздысы – осы құралдармен жұмыс істейтін мамандар бар.  Тарбағатай аудандық ауруханасына жөндеу жұмыстары басталады. Тарбағатайда бар болғаны екі-ақ маман жетіспейді, салыстырмалы түрде алсақ, Өскеменде 102 дәрігер тапшы. Үлкен-Нарындағы  Катонқарағай аудандық ауруханасына «Ауыл – ел бесігі» жобасының аясында күрделі жөндеу жүргізілді, қазіргі келбеті мен жарақтандырылуы облыстық ана мен бала орталығынан да асып кетті десем, артық айтқандық емес. Мамандары жеткілікті. Шұғыл және жоспарлы медициналық көмек көрсету үшін оттегі станциясы, жылжымалы медициналық кешен, өкпені жасанды желдету аппараттары, жылжымалы рентген аппараты, 11 функционалдық кереует, paks жүйесі бар стационарлық рентген аппараты сияқты жабдықтар сатып алынды.  Сондай-ақ автомобиль паркі медициналық жабдықтармен жабдықталған үш реанимобильмен  толықты. Босандыру бөлімшесі екінші аймақтандыру  деңгейіне өтті. Бұрын жағдайлары күрделі жүкті әйелдер облыс орталығына жеткізілетін. Енді гинеколог-акушерлер тіпті кесарь тілігін де жасай береді, жағдайлары аса ауыр болмаса, барлық әйелдерді өздерінде босандыруға мүмкіндіктері жеткілікті. Бөлімше жаңа туған нәрестелерге ана құрсағындағы микроклиматқа ұқсас жағдай тудыратын, асты жылынатын, үстінде лампасы бар арнайы үстелмен жабдықталған.

Тағы бір жетістігіміз – бірқатар аудандық  ауруханаларда оттегі жеткізу орталықтандырылған, босандыру, жансақтау, инфекция бөлімшелеріне медициналық газ палаталарға дейін тартылған, бұрын мұндай болып көрген жоқ.

Сапарларыңыздың барысында шешімін таппаған өзекті мәселелер кездесті ме?

– Әрине, аудандарда проблемалар жоқ емес. Мысалы, күрделі жөндеуді қажет ететін ауруханалардың бірі –Шемонайхадағы аурухана, ғимараты өте ескі. Қазір оларға жобалық-сметалық құжаттамаға қаржы бөлінді, келесі жылы жөндеу жұмыстарын бастаймыз, жаңа құралдар алынатын болады. Алайда аурухана қазірдің өзінде флюорография, цифрлық рентген аппараттары, екі маммографпен  қамтылғанын, оттегі генераторы орнатылғанын айта кеткен жөн.

Біз ауылдардағы денсаулық саласына қатысты олқылықтардың барлығын білеміз, тұрғындармен кері байланыс орнатылған. Ол үшін бізде  ақпаратты-түсіндіру тобы жұмыс істейді. Әр мәселе бойынша жол картасы дайындалған. Ұлан ауданындағы Жоғары Тайынты ауылының тұрғындары терапевтің жоқтығына шағымданды. Алайда норматив бойынша бұл елді мекенде  медпукт қана болу керек. Біз соған қарамастан тайынтылықтарға аптасына екі рет терапевт қабылдайтындай жағдай жасадық, дәрігер кесте бойынша келіп тұрады.

 Қажет мамандарды медицина ұйымдары оқытып жатыр

 Жоғарыда кадр тапшылығы туралы айттыңыз. Бұл проблеманы шешу жолдары бар ма?

–  Қазір облыс бойынша 162 дәрігер жетіспейді, басым бөлігі Өскемен қаласы, Риддер, Глубокое, Шемонайха, Алтай аудандарына қажет. Биыл бізге резидентурада тапшы мамандарды оқыту үшін республикалық 128 грант бөлінді. Біз бұл студенттерді 2024-2025 жылдары күтеміз, қандай аудандарға, қай ауруханаға баратындары әлден белгілі. Тағы бір жолы – бүгінде медициналық ұйымдардың қаржылық жағдайы өздеріне керек мамандарды оқытуға жеткілікті. Облыстық ана мен бала орталығы, онкологиялық орталық, облыстық аурухана басшылары қазір өздеріне ондаған мамандарды оқытып жатыр, биыл бұл үрдіске аудандар да қосылды. 23 тамызда резидентураға үміткерлер медициналық ұйымдар басшыларымен және аудан әкімдерінің орынбасарларымен кездесті. Нәтижесінде 14 келісімшарт жасалып, қазір облыста 60 студент медициналық ұйымдардың есебінен оқуларын жалғастыруда. Осы жерде ауылға баратын мамандарға қомақты әлеуметтік пакет қарастырылғанын айта кетейік. Оларға 100 АЕК мөлшерінде көтермеақы төленеді, баспанамен қамтылады және жеңілдікпен несие ала алады. Өкініштісі, қалаға бөлінген мамандар үшін мұндай жеңілдіктер қарастырылмаған. Біз салалық министрлікке өз тарапымыздан хат жазып, қалалық мамандарды да осы тізімге қосуды өтіндік.

Өскемендік жас мамандарды баспанамен қамтуда әзірше әр аурухананың қызметтік пәтерлері сеп болып тұр. Бас кезінде сонда тұрып, кейін несие алып, өз пәтерін алып кетеді. Биыл облыс басшысы «Бір қабатты Шығыс» жобасымен салынып жатқан үйлерден денсаулық сақтау саласының жас қызметкерлеріне 10 пәтер беру туралы тапсырма берді. Таяуда аппараттық мәжілісте аймақ басшысы Өскемен қаласының медицина қызметкерлері үшін отбасылық жатақхана салу туралы тағы бір хаттамалық тапсырма берді. Осы тапсырмалар уақытында жүзеге асып жатса, жас мамандар үшін айтарлықтай көмек болар еді.

Әңгімеңізге көп рахмет, еңбектеріңіз жемісті болсын!

Әңгімелескен – Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button