ҚоғамТОП

Ауыл медицинасы алға басып келеді

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық  жобасының басты игілігі де осы шығар. Енді білікті де білімді мамандарымыз ауылдан қашпай, туған жерінде қызмет етуге пейілді. Өйткені енді қала мен дала медицинасының арасында орасан айырмашылық болмауға тиіс. Ауылдың емдеу мекемелері де заманауи медициналық құралдармен жарақтандырылып, халықтың сапалы медициналық қызмет алуына мүмкіндіктер жасалып жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ауыл медицинасының ахуалын жақсарту жөнінде тапсырма бергені белгілі. Медицина саласын дамытуға  жоспарланған 460 млрд теңгенің 40%-ы ауыл-аймақтардың денсаулық саласын жаңғыртуға бөлінді.

Расында, көп ауылдағы медициналық инфрақұрылымның тозығы жеткен. Тексеру нәтижесінде еліміз бойынша 200-ден аса елді мекенде медициналық көмек беретін мекеменің жоқтығы, 400-ге жуық объекті жалға алынғаны және кейбірі апаттық ғимаратта орналасқаны анықталған.

Содан кейін-ақ Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында ауқымды шараларды бастап кетті. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық  жобасы аясында 2023-2024 жылдары елімізде 655 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысанын салу жоспарланды. Оның ішінде 257 медициналық пункт, 238 фельдшерлік-акушерлік пункт және 160 дәрігерлік амбулатория бар. 32 аудандық аурухананы жаңартып, көпбейінді мекемелерге айналдыру көзделді.

 

Оң өзгерістерді сезіне бастады

 

Бұл бағдарлама әсіресе елді мекендерінің арасы алшақ, облыс орталығына дейінгі қашықтық 450-500 шақырымға жететін біздің өңірдің тұрғындары үшін тиімді болары сөзсіз. Ауылдағы ағайын бұл оң өзгерісті былтырдан бастап сезіне бастады.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық бағдарламасы аясында 2023-2024 жылдары Шығыс Қазақстанда 36 медициналық нысан, оның ішінде 7 дәрігерлік амбулатория, екі фельдшерлік-акушерлік пункт, 27 медициналық пункт салынады.

Облыстық құрылыс, сәулет, және қала құрылысы басқармасының мәліметі бойынша өткен жылы жоспарланған 18 медпункттің 17-сі (Тарбағатай ауданында – 6, Шемонаиха ауданында – 1, Күршім ауданында – 5, Ұлан ауданында – 5) пайдалануға берілді. Тағы бір медициналық нысан – Прапорщиков ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысы алдағы мамыр айында аяқталуға тиіс.

– Құрылысы биыл жоспарланған 18 медициналық нысанның 17-сінің мердігерлік ұйымдары анықталған. Белокаменка ауылындағы медпункттің жобасы бойынша конкурстық процедуралар наурыз айында жүргізіледі. Емдеу мекемелерінің құрылысы мен инженерлік инфрақұрылымына қаражат облыстық бюджеттен қарастырылған. Қазіргі кезде барлық жобалар бойынша сарапшылардың оң қорытындысы алынды, – деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Дидар Кеңесбаев.

Облыс орталығының іргесінде тұр деген Ұлан ауданының өзінде тұрғындар үшін сапалы медициналық көмек алу мұң болып келген-ді. Енді Алмасай, Казачье ауылдарында, барлығы бес елді мекенде ашылған медпункт тұрғындарға көрші елді мекендерге сабылмауға мүмкіндік береді.

– Көптеген жылдар бойы медициналық көмек үшін көрші Герасимовка ауылына шабылуға мәжбүр болдық. Енді өз ауылымызда медициналық қызметтерді аламыз, скринингтік тексерулерден өте аламыз. Медпункт барлық жабдықтармен жарақталған. Сау баланың кабинеті, гинекологиялық және терапиялық кабинеттер жұмыс істейді, – дейді Казачье ауылының тұрғындары.

Мыңға жуық тұрғыны бар Алмасай ауылында жаңа фельдшерлік-медициналық пункттің ашылуы алмасайлықтар үшін тосынсый болыпты. Бұрынғы медпункттері апаттық жағдайда болғандықтан басы ауырып, балтыры сыздаған жандарға сегіз жылға жуық басқа жерлерге сабылуға тура келген. Фельдшерлік-акушерлік пункттің ашылғанына бәрінен бұрын ауылдың қариялары ерекше қуанған. Себебі, енді сапалы медициналық көмек алу үшін аудан орталығына немесе қалаға барудың қажеті жоқ.

Облыста екі жылда салынуға тиіс 36 емдеу нысанының тоғызы Тарбағатай ауданына тиесілі. Соның ішінде алты медпункт былтыр салынып, пайдалануға берілді. Мысалы, Шорға ауылында медициналық пункт ашылды. Сондай-ақ Құйған және Тәуке ауылдарының медпунктеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осылайша шекаралық аймақта қайта еңсе тіктеген Тарбағатай ауданының медициналық мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді.

 

Заманауи аспаптың игілігін көріп жүр

 

Ұлттық жобаға сәйкес енді ауыл-аймақпен қатар аудандағы ауруханалардың да ахуалы әжептәуір жақсара түседі. Біздің өңірден аталмыш бағдарлама аясында Алтай қаласындағы ауданаралық аурухананы жаңғырту қолға алынбақ. Ауданаралық ауруханаға өткен жылы 1 270,3 млн тенгенің 976 әртүрлі медициналық аспабы сатылып алынған. Емдеу мекемесі ангиограф, компьютерлік томография сияқты заманауи медициналық құралдармен жабдықталған, коронарлық араласу бөлімі жұмыс істейді.

– Биыл ауданаралық ауруханы «1,5 Тесладан кем емес МРТ» жүйесімен жабдықтауға 650 млн тенге қарастырылған. Соңғы үлгідегі жүйені орналастыратын бөлмені салу мәселесі де көтерілді, аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек, – деп түсіндірді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасында.

Алтай ауданының ауданаралық ауруханасына жыл басында сатып алынған заманауи медициналық «Karl Storz» бейнеэндоскопиялық кешенінің көмегімен 24 лапароскопиялық ота жасалды. Енді Алтай, Катонқарағай, сондай-ақ Серебрянка қалаларының тұрғындары да ауданнан шықпай-ақ күрделі оталарды жасата алады.

– «Karl Storz»  кешені – эндоскопиялық хирургия саласындағы неміс компаниясының ең заманауи жабдығы, ол гинекологиялық және урологиялық операцияларды үлкен дәлдікпен және мұқияттылықпен жүргізуге мүмкіндік береді. Жыл басынан бері дәрігерлеріміз 24 лапароскопиялық ота жасады. Оның ішінде лапароскопиялық тәсілмен өтті алып  тастау бойынша 17 ота, қуықасты безіне бірнеше операция жасалды. Лапароскопиялық оталардан кейін асқынулар болмайды, науқастар тез оңалып, денсаулығының қалпына келу мерзімі қысқарады, –деді Алтай ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Олжас Нұрекенов.

64 жастағы Абай Дәулетбаев «өтінде тас бар» деген диагнозбен түскен екен.

– Маған емдеуші дәрігерім жаңа аппаратпен ота жасау жөнінде ұсыныс айтты, мен келістім. Ота жасаған күннің ертеңінде жалпы палатаға шығарды. Бұрындары науқастар өтті алып тастағанда ауруханада апталап жататынын еститінбіз. Ота өте жеңіл өтті. Өзімді жақсы сезінемін, – дейді Абай Дәулетбаев.

Осы жабдықтың көмегімен барлық операциялар тегін жүргізілетінін, олар МӘМС есебінен ауыл тұрғындары үшін қолжетімді екенін айта кету керек.

Шемонаиха аудандық орталық ауруханасының перзентхана бөлімшесі де жаңа туған нәрестелерге арналған толық реанимациялық жиынтығы бар қарқынды терапия палатасымен жабдықталған. Жақында сатып алынған СИПАП аспабы  өкпесінде патологиясы бар жаңа туған нәрестелердің өкпелерін ашуға көмектеседі. Сонымен қатар хирургиялық бөлімшеге электр қуаты болмаған кезде 10 сағат жұмыс істей алатын инновациялық операциялық шамдар сатылып алынды. Рентген кабинетінде жаңа көпфункционалды рентгендік диагностикалық кешен жұмыс істейді.

– Ерекше мақтанышымыз – жаңа компьютерлік томограф, оның көмегімен бірқатар ауруларды егжей-тегжейлі анықтауға болады, бұл үшін енді облыс орталығына барудың қажеті жоқ, бұл аудан тұрғындары үшін өте ыңғайлы. КТ орнатылғалы жүзден астам пациентке зерттеу жүргізілді. Сондай-ақ шемонаихалықтар қан қысымы мен жүректің жұмысына мониторинг жасайтын СMAD аппараты мен Холтер аспабында тексеріле алады, – дейді орталық аудандық аурухананың бас дәрігері Бақыт Таймасова.

 

Бәрін де кадрлар шешеді

 

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық бағдарламасының бір тармағы – ауылдағы медициналық мекемелерді кадрлармен қамту.

– Ауданаралық аурухананы кадрлармен жасақтау үшін аурухана қаражаты есебінен резидентурада анестезиология-реаниматология, радиология, эндокринология, отоларингология мамандықтары бойынша төрт маман оқып жүр. Олар биыл оқуды тәмамдаған соң қызметтеріне кірісуге тиіс. Сондай-ақ ағымдағы жылы жергілікті атқарушы органның гранты есебінен үш маманды оқыту жоспарланған. Олар келер жылы жұмыстарына кіріседі, – деді облыстық денсаулық басқармасында.

Шалғай ауылдарға маман тарту мәселесі оңай емес. Сол себепті аудандық ауруханалардың басшылары бар маманның білімін жетілдіруге ерекше назар аударады. Тарбағатай ауданының акушер-гинеколог дәрігері Семей қаласының онкологиялық орталығында жатыр мойыны ауруларына клиникалық кольпоскопия жүргізу бойынша біліктілігін арттырып келген. Нәтижесінде аудандық ауруханада осы медициналық қызмет қазір қолжетімді. Ауданның тарихында болмаған жетістік – Тарбағатай аудандық ауруханасының екі дәрігері РһD дәрежесіндегі медицина докторы атаныпты, травматология және сәулелі диагностика салалары бойынша. Соның арқасында резидентурада оқитын студенттер аурухана базасында білім алып, машықтануға мүмкіндік алған. Бұл да  – ауданға жас мамандарды тартудың тиімді тетіктерінің бірі.

Осы айдарда

Back to top button