Ауыл күні дәстүрлі мерекеге айналды

Зырян ауданында тарихы екі ғасырдан асатын мектеп бар. Соловьев ауылының тұрғындары осынау білім ошағының 205 жылдығын кең көлемде тойлады.
Еңбектің еленгені жақсы
Шежірелі мектепті мерейтойымен құттықтауға келген тілеулес жандарды көңілді концерт пен мазмұнды көрме, бал фестивалі мен салтанатты марапттау шарасы күтіп тұрған.
«Туған жер» бағдарламасының аясында ұйымдастырылған бұл мереке ауыл халқының көңілін бір жадыратып тастады. Бұл мектеп – ауыл халқы үшін мәдениет пен білімнің, өркениет пен өнердің ұясы. Сондықтан да тойға келген жұртшылық тайлы-тұяғымен мектепке қарай ағылды. Жергілікті жұртты ортақ қуаныштарымен құттықтауға бірінші болып аудан әкімі Нұржан Тоқсейітов жетіпті. Аудандық бөлім басшылары мен өзге ауылдық округтердің өкілдері де Соловьев халқына жылы лебіздерін жеткізіп жатты.
-Соловьев – тарихы бай, шежірелі мекен. Мұнда өз өлкесінің нағыз патриоттары өмір сүріп келеді. Сіздер ауданның азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қосып қана қоймай, өңірдің атын бүкіл Қазақстан көлемінде танытып отырсыздар, – деді аудан әкімі.
Расымен де, биыл «Агро-Алтай» шаруа қожалығы Зырян ауданының атын республика жұртшылығына тағы бір мәрте танытты. Николай Шапоревтің Элегант атты сәйгүлігі Президент жүлдесіне өткізілген айтулы бәйгеде алдына қара салмай, бірінші келген болатын. Жиырма шақты аттың ішінде бірінші келген Элегант бұған дейін де бәсі жоғары жарыстарда иесінің мәртебесін бірнеше рет асырған болатын.
Осындай жетістіктер үшін аудан басшысы Николай Шапорев пен өзге де шаруа қожалық басшыларына алғыс білдірді. Борис Лобадюк («Тамара» ш.қ.), Қаныбек Қожаханов («Соловьевские Нивы» ш.қ.), Сергей Скосягин («Беловодье» ш.қ.) және өзге де шаруашылық құрылым басшылары ауданның тыныс-тіршілігіне белсене үлес қосқандары үшін алғысқа ие болды.
Бұдан кейін еңбегімен дараланып, ауылдастарының ризашылығына бөленіп жүрген педагогтар мен медицина қызметкерлері, ардагерлер марапатталды. Ауданы әкімінің грамотасы мен ақшалай сыйақы алғандардың ішінде «Агро-Алтай», «Соловьевские Нивы и К» ЖШС-нің, «Тамара» шаруа қожалығының жұмысшылары – Сергей Стулов, Иван Измайлов, Эрик Фляндуг, Анатолий Кривицкий, Владимир Убозенко, Алексей Голубков, Евгений Шаповал бар. Мараптқа ие болған ауылдастарын халық та қошеметтеп жатты. Ал тынымсыз еңбекті қалыпты құбылыс көретін қанағатшыл жандар бұл қошеметті асқан ұяңдықпен қабылдады.
Ал ауылдың мал дәрігерлері аудан әкімі Нұржан Тоқсейітовтің айрықша алғысын асқан толқыныспен тыңдады. Марапат көрген еңбеккердің әрқайсысы осындай татулығы бекем мекенде тұрып жатқаны үшін тағдырына шүкірлік айтатынын жеткізді.
Ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі Вера Микшина Соловьев ауылы оның балалары мен немерелерін адам деген атқа лайық жандар етіп өсіргенін айтады.
-Мен де өз жерлестеріммен, тәуелсіз еліммен мақтанамын. Мемлекет басшысының көреген саясатының арқасында «Рухани жаңғыру» атты аса маңызды бағдарлама жүзеге асып жатыр. Осы бағдарлама бүгінгі мерекенің кең көлемде атап өтілуіне жол ашты, – деді Нұржан Тоқсейітов.
Бір өзі он буынды түлеткен.
Дамудың даңғылына түскен мемлекетіміздің құндылықтарын ұрпақтың санасына сіңіріп, жүрегіне енгізу – педагог қауымның қасиетті парызы. Аудан әкімі оларды да назардан тыс қалдырмай, Соловьев және Маяк мектептерінің ұжымына алғыс айтып, 20-40 жыл бойы ұстаздық етіп келе жатқан білікті мамандар мен олардың ізін басқан жастардың жанкешті еңбегін ерекше атап өтті.
Сахнаға қол ұстасып шыққан ерлі-зайыпты Кузьминдер осы жас мамандар үшін кәсібиліктің үгісі деуге болады. Надежда Владимировна бастауыш сыныптарға білім берсе, Виктор Петрович – физика және информатика пәндерінің мұғалімі. Отағасын еңбек ардагері деуге де болады. Өмірінің 45 жылын педагогикаға арнапты.
Нина Возовикова да елге сыйлы ардагер ұстаздардың бірі. Ол өмірінің 40 жылын бастауыш сыныптарға арнаған. Алдынан оннан астам буын өтіп, үлкен өмірге жол алған. Бір кездері өзі де осы мектептен білім алған екен. Аудан әкімінің қолынан марапат алған сәтінде ардагер ұстаз мектепті екінші үйіндей көретінін айтып, ағынан жарылды.
Осындай шеберлердің арасында 11 жыл еңбек етіп, үлкен тәжірибе жинаған Валентина Семізбаева ауыл балаларына ағылшын тілін үйретіп келеді. Осы 11 жылдың ішінде ол да біраз жетістіктерге жетіп үлгерген. Биыл ол ауданның «Үздік педагогы» атанған. Әрдайым тынымсыз еңбектің үстінде жүретін жерлестерінің марапатқа ие болуы жас буынға да жағымды әсер еткендей. Күн сайын көріп, ауылдас ретінде араласып жүрген жандардың үлгі алуға тұрарлық адамдар екенін білу олар үшін де үлкен өнеге.
-Аудан басшысының бізге осынша назар бөліп, жылы лебіздер айтып жатқанына біз де ризамыз. «Туған жер» бағдарламасының арқасында ауылдың туған күнін тойлайтын дәстүрімізді қайта жаңғырттық. Бұл мереке енді жыл сайын тойланатын болады, – деді округ әкімі Мұқан Төлебаев. Әкімнің сөзін «Агро-Алтай» шаруа қожалығының басшысы Николай Шапорев жалғап, Нұржан Тоқсейітовке қасқырдың терісін сыйға тартты.
Мерекенің көрігін қолөнершілердің көрмесі қыздырды. Онда қойылған дүниенің бәрін осы ауылдың тұрғындары қолдан жасапты. Әіресе балалардың әке-ағаларына еліктеп, ағаштан түйін түйе білгені көңіл қуантады.
Омарташылар да ауылдың мерейтойына ең сапалы өнімдерін арқалай келіпті. Бал конкурсына қойылған балдың дәмін кез келген тұрғын бағалауға мүмкіндік алған болатын. Ал көптің көңілінен Николай Блинов ұсынған бал шықты.
Жасы да, жасамысы да өнерпаз
Ән-күйсіз той өтуші ме еді? Жергілікті өнерпаздар мен мектеп оқушылары бұл тойда барын салды. «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» деген тақырыппен өткен концерт шынайылығымен баурады. Оның шымылдығы «Воля» ансамблінің әнімен түрілген. Бұл ұжым дәстүрлі «Алтын Тұрғысын» фестивалінің бінеше мәрте лауреаты атанған. Одан бөлек «Беловодье» орыс фольклорының дәстүрлі халықаралық фестиваліне үнемі қатысып келеді. Ансамбль негізінен казак әндерін насихаттаумен айналысады. Ұжымның құрамы да ерекше. Мәдени ұйымдастырушы Ирина Шапорева, дыбыс операторы Ерлан Қалиасқаров, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрайымы, бұрынғы әкім Тамара Нипучиренко, аудандық мәслихат депутаты, физика пәнінің мұғалімі Екатерина Дольчева және өзге де ұстаздар мен ардагерлер осы ансамбльдің сапын ән салып жүр.
Әр саланың мамандарынан жасақталғанына қарамастан, бұл ұжымның әрбір әні жүректен шығып, жүректерге жол тауып жатады. Аға буынның жұлдызды жолын «Импульс» және «Веснушка» атты балалар ұжымы да абыроймен жалғап жүр. Концертте ауылдың әскери-патриоттық әндер тобы да, «Ритм» би ұжымы да өнерлерін паш етті.
Өнерге құштар ауылдың арманы да жоқ емес. Ол арман – жаңа мәдениет ошағы.
-Кезегі келгенде оған да қол жеткіземіз деген үміт бар. Шаруашылығымыз шалқып тұр, ауылда тіршілік қайнап жатыр. Қожалық басшылары әр бастамамызды қолдап, демеу болып келеді. Округымызда өрт мектеп және аурухана бар. Жыл сайын жаңа нысан ашылып жатады. Бір жолы жастар аллеясы ашылды, бір жолы көшелерге жарық тартылды, бір жолы жол жөнделді. Ең бастысы түлектердің бір бөлігі туған ауылына оралуда, – дейді Тамара Ничипуренко.

Ардагердің ақ батасы
Округтің қазіргі әкімі Мұқан Төлебаев бүкіл жоспарды халықпен ақылдаса отырып құратынын айтады. Халыққа ең қажетті деген дүниелерді анықтап, содан кейін іске кірісу оның дағдысына айналған. Тіпті ауылдың өзекті мәселелерін талқылайтын белсенді топ жасақталыпты. Ауылда аға буын өкілдеріне деген құрмет ерекше. Мереке қарсаңында аудан басшысы округ әкімі мен ардагерлер кеңесінің төрайымын ертіп, тыл ардагерлерінің үйіне бас сұқты.
Бәтіш Қалжырова – тоғыз баланы жеткізген батыр ана. Жасының 88-ге келгеніне қарамастан, шаңырақтың билігі өз қолында. Немере мен шөберенің саны 45-тен асады. Соның бәрі әжелерінің қиындыққа толы балалық шағын, аштық пен соғыс әкелген азапты санаға мықтап сіңірген.
-Қазіргі өміріме өкпем жоқ. Осы жасымда құдайдан дәулет сұрағаным күпірлік болар еді. Басты дәулетім – үрім-бұтағымның амандығы, – дейді әжей.
Ал 90 жастағы Михаил Зырютин осыдан екі жыл бұрын қажет шөпті өзі тасып тұрған екен. Өмірі тұтас мал соңында өтіпті. Соғыстан кейінгі жылдары алдына 150 жылқы салып беріпті. Ал 10-15 жылдың ішінде оның күтіміндегі қылқұйрықтың саны бірнеше есеге артқан. Қарт жылқышы өзі бастаған істің бүгін аяқсыз қалмай, шаруашылық тағаны беки беретініне сенеді.
-Сіз нағыз жастарға үлгі етіп көрсететін жансыз. Еңбектің қай түрі болса да, қаймықпай, ерінбей кірістіңіз. Сол үшін алғысымыз шексіз. Ауыл күні бірінші кезекте сіздің мейрамыңыз болуы керек, – деді Нұржан Тоқсейітов.
Оксана Сосновская
Арнайы бет Зырян аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша әзірленді