Қоғам

Ауыл әкімдерін кімдер сайлайды?

Ауыл әкімдерін кімдер сайлайды?


Екі жарым мың мен он мыңға дейін халықты басқарып отырған ауыл әкімдерінің жалақысы неге бірдей? Олардың беделін қалай көтеруге болады? Оларды кімдер сайлағаны дұрыс: халық па әлде депутаттар ма?

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның жүзеге асырылуын бағалау және оған сыртқы сараптама жасау жөніндегі республикалық арнайы мониторингтік топтың мүшелері Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалында қанатқақты жоба аясында оқып жатқан ауылдық округтердің, кенттердің әкімдерімен кездесу барысында осындай мәселелер сөз болды.

-Елден шыққанымызға екі айдың жүзі болды. Осымен он екінші өңірге ат басын бұрдық, – деп бастады кездесуді Мемлекеттік қызмет агенттігінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин. – Әрқайсыңыз – бір-бір ауылды басқарып отырған азаматсыз, сіздердің ұсыныстарыңыз бізге ауадай қажет. Мемлекеттік қызметті қалай өркендетсек, жемқорлықпен қалай күрессек, осыған қатысты ой-пікірлеріңізбен ашық бөліссеңіздер. Сіздердің айтқандарыңызды қаз-қалпында, Агенттік төрағасына жеткізер едік.

Осыдан кейін-ақ ауыл әкімдері атқамінерлері өздерін толғандырған мәселелерді қарша боратты.

Тұрғындардың тұрмыс жағдайын, проблемалары мен қажеттіліктерін дәл сол ауылдың басшысындай ешкім білмейді.Ауыл тізгінін ұстаған азаматтарды алдымен халықпен жұмыс істеу, оларға сөзін өткізу толғандырады екен.

-Қазір халықтың бәрі сауатты, қит етсе аудан әкіміне, прокуратураға, тіпті облыс әкіміне дейін шағынады. Барлық адамға бірдей жағу мүмкін емес. Ауыл әкімдерінің беделін қайтсек көтереміз? Астанадан шалғай жатқан ауылдың бас көтерері де, сүйеніші де -жалғыз әкім. Ауыл әкімі әр тұрғынның қуанышы мен қайғысына ортақтасып, сол отбасына міндетті түрде кіріп шығуы керек. Аудан орталығына бара қалсақ, бір жерден түстенуіміз қажет, не болмаса шашымды алдыруым мүмкін дегендей. Үйде де, түзде де шаруамызды жаяу-жалпы тындыруға мәжбүрміз. Өйткені қызметтік көлікпен жүргенімізді байқап қалса, жеке басымызға пайдаланған болып шыға келеміз,– деді тарбағатайлық ауыл әкімдерінің бірі.

Алдағы уақытта ауыл әкімдері қалай сайланады? Егер тұрғындар сайлайтын болса, ел ішінде руға, атаға бөліну сияқты келеңсіздік қайта белең алуы мүмкін деген күдіктерін де жасырмады әкімдер. Ауыл ағасы осы уақытқа дейін депутаттардың дауысымен анықталып келгендіктен, сайлау жақындаған сайын халық қалаулыларының көңілін табуға тырысқан жағдайлар да кездескен көрінеді. Бұл өз кезегінде «бармақ басты, көз қыстыға әкеліп соғуы ықтимал.

Кездесуде халық санына қарамастан, барлық ауыл әкімдерінің бірдей жалақы алуы, еңбек өтілдерінің ескерілмеуі де айтылды.

-Қазір Агенттіктің өзінде, Астана мен Алматы қалаларында, Маңғыстау облысында мемлекеттік қызметшілерге еңбекақыны баллдық шкала бойынша төлеудің жүйесі қанатқақты жоба ретінде қолға алынды. Жаңа жылдан бастап жыл соңына дейін қолданушылардан түскен өтініш-ескертпелерді жинаймыз. Келешекте мемлекеттік қызметшілердің барлығы еңбекақыларын осы жүйемен алатын болады. Сіздердің бүгінгі айтқандарыңыз да ескеріледі, – деп түсіндірді Арман Бердалин.

Арман Тілектесұлы алдағы уақытта мемлекеттік қызметшілердің барлығына куәліктің орнына төсбелгі берілетінін жеткізді. Департамент директорының айтуынша, төсбелгіні дайындауға 400-500 теңгежұмсалса, куәліктің құны 3-4 мың теңге, яғни арзанға түседі. Оның үстіне ІТ-картада мемлекеттік қызметші туралы барлық мәлімет көрсетіледі.

Сондай-ақ Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттіктің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Жанна Қабдолдақызы болашақта аудан мен қала әкімдері үшін де білімдерін жетілдіру курстары ұйымдастырылатынын айтты.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button