Қоғам

Ауыл әкімдері проблеманы неге жасырады?

Жыл басынан бері өңірдегі партиялық қоғамдық қабылдаулар 1280 азаматтарды қабылдау шарасын өткізген. Екі мыңнан астам адам өздерінің жеке мәселелерімен аталмыш қабылдауларға жүгінген екен.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысында қоғамдық қабылдау бөлімдерінің жыл басынан бергі жұмысы сараланды.

Облыстық қоғамдық қабыдау бөлімінің меңгерушісі Жансая Қаныбекованың айтуынша, бұл бағытта жаңа әдістер қолданылуда. Мәселен, облыстық қоғамдық қабылдауға сайт арқылы осы жылы 237 өтінім түскен екен, сондай-ақ азаматтарды қабылдау Skype және бейнебайланыс арқылы да жүргізіледі.

Қоғамдық қабылдау бөлмелерін қолжетімді ету үшін жыл басынан 1280 қабылдау ұйымдастырылып, 2311 адам қабылданған. Оның ішінде облыс әкімі, облыстық партия филиалының төрағасы Даниал Ахметовтің қабылдаулары да бар. Сонымен қатар қабылдауларды облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, мәслихат депутаттары, қалалар мен аудандар әкімдері жүргізіп тұрады.

Бүгінде өңірлік партия филиалының бір облыстық және 19 аудан-қалалық қоғамдық қабылдауы бар.

Маманның мәліметтеріне сүйенсек, тұрғындардың дені қабылдау бөлмелеріне қаржылық-материалдық қиындықтар, жұмыссыздық, еңбек даулары, баспананың жоқтығы, жер телімін алу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы түйткілдері сияқты мәселелермен келетін көрінеді.

– Менің ойымша, аталмыш есепке түбегейлі талдау жүргізу керек. Мәселен, сауалдардың саны мен тақырыптары аудан-қалалар бойынша сараланса жөн болар еді. Сонымен қатар олардың қайсысы оң шешілгенін, ал қайсысы шешілмегенін қадағалау керек. Нәтижесінде біз қай филиалдың қалай жұмыс істеп отырғанын анықтаймыз, – деп өз пікірімен бөлісті комиссия мүшесі, Өскемен қалалық мәслихатының хатшысы Александр Светаш.

Отырыста жекелеген депутаттардың ауылдық аймақтардағы халықпен сылбыр жұмыс істейтіні, олардың өткір мәселелеріне немқұрайлы қарайтыны да сөз болды.

– Жуырда Партиялық бақылау комиссиясы  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңеспен бірлесіп Көкпекті мен Катонқарағай аудандарын аралап, атқарушы органдардың жұмыстарын тексерді. Байқағанымыз, ауылдық жерлерде, аудандарда мәселелерді жасыру, жоғары жаққа өтірік ақпарат беру деректері орын алуда. Айталық, ауыл әкімінің жалған мәліметі ауданға, одан соң бізге түседі. Салдарынан, партия филиалы проблемалардан хабарсыз қалады, – деп мәселе көтерді осы ретте «Нұр Отан» партиясының мүшесі Олег Чернышов.

Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері кеңесе келе, бұл мәселені жүйелі түрде қарастыруды және барлық аудандар мен ауылдық округтерге толық мониторинг жүргізгеннен кейін өз жұмысын тиісті дәрежеде орындамағандарды жауапқа тартуды ұйғарды.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button