Қоғам

Ауыл әкімінің армандары

Жарма ауданы Шалабай ауылдық округінің әкімі Жанар Есембаева «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауында жүлделі үшінші орынға ие болды. Жанар Есембаева осы додада қара үзіп келген жүлдегерлердің ішінде жалғыз нәзік жан. Байқау Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған болатын.

Осыдан отыз жыл бұрын Шалабайға сонау Атырау облысынан келін болып түскен Жанардың бар өмірі осы ауылда өтіп келе жатыр. Балалары осы жерде білім алып, үлкен өмірге қанаттанды. Сондықтан болар, ауыл әкімінің басты  мақсаты – жастардың серік ( тірек) ауылы атанған Шалабайдан қалаға ағылмай, туған жерлерінде еңбек етіп, көркейтуіне жағдай жасау. Сол кезде атыраулық бойжеткен отыз жылдан соң осы ауылдың тайлы-тұяғына дейін өзінен ғана көмек күтіп отыратынын, әрине, білген жоқ.

«Ауылына қарап, азаматын таны» демекші, Шалабайдың еңселі үйлері мен тұрғындарының жақсы тұрмысына қарап, ауыл әкімінің өз қызметіне тиянақты, білікті басшы екенін аңғару қиын емес.  Атқа мінер азаматтардың өзі шыдай бермейтін жүкті көтеріп жүрген Жанар Есембаева ауылды басқару тізгінін қолына 2009 жылы алыпты. Он бір жылдың ішінде Бақыршық тау-кен кәсіпорны  және «Шалабай» ЖШС-мен меморандумға отырып, ауылды көркейтуге бағытталған бірнеше жобаны сәтті жүзеге асырған.  Бақыршық тау-кен кәсіпорны Шалабай ауылдық округінің бір түлегіне ЖОО-да тегін оқуға грант берген, жастарға би алаңы және сахна алаңы салынып, балаларға арналған ойын алаңы іске қосылды, меморандум аясында дәрігерлік амбулаторияны медициналық құралдармен жабдықтауға қол жеткізіпті. «Шалабай» ЖШС ауылдық округ халқына «Shalabay.kz» тренажер залын ашып берген. Ауылдың бес көшесі жарақтандырылыпты.

Елді мекенге 2014 жылы су құбыры тартылғандықтан, бұл жердегі үйлердің барлығында ыстық-суық суын, жуынатын бөлмесі мен әжетханаларына дейін үй ішіне енгізу мүмкіндігі бар. Ол жағынан қаланың жайлы пәтерлерінен еш кемдігі жоқ. Алайда бағдарламаға енбей қалған тұтас бір көшенің тұрғындары мен жекелеген отбасыларының мәселесін ауыл әкімінің өзіне шешуге тура келіпті. Нәтижесінде, көп балалы ана, «Алтын алқа» иегері Биғайша Кұсайнованың үйіне ауыз су тартылуына демеуші тауып, қосып беріпті.  Жобаға енгізілмей қалған Нуркин көшесінің тұрғындарына да ауыз суға арналған бір баған орнатылды.  Шалабай ауылындағы тұрғын үй кезегінде тұрған  екі отбасына үй берілсе,  ауылдық округ әкімінің көмегімен  бір отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы Семей қаласынан үй алған екен.

-Ауылымызда жұмыссыздық жоқ. Тұрғындар темір жолда,  «Шалабай» ЖШС мен Бақыршық тау-кен кәсіпорнында жұмыс істейді. Табыстары да жаман емес, мысалы, жаз кезінде малшылар үш жүз мың теңгеге дейін жалақы алады. Аралас жалпы білім беретін орта мектебіміз бар. Жастар жұмыстарын алаңсыз істеу үшін бала бақша керек-ақ. Байқауға осы бала бақша ашу туралы жоба жасап, ұсынған едім. Егер грант ретінде қолдау көрсетіліп жатса, жас отбасылар үшін өте қолайлы болар еді, – дейді Жанар Есембаева.

Ауыл әкімінің тағы бір арманы – ауыл ішіндегі жолдарды жөндеу. Өткен ғасырдың 60-жылдарында салынған орталық көше содан бері күрделі жөндеу көрмеген. Ішкі жолдарды жөндеуге 13 миллион теңгенің, орталық көшенің күрделі жөндеуіне 24 миллион теңгенің жобалық-сменталық құжаттары дайындалыпты.

Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button