Қоғам

Ауыл халқы азайып барады

Азамат Темірбеков

Облыста жыл басынан бергі уақыт аралығында ауыл халқының азаюы бір пайызға жуықтады.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша статистика департаментінің басшысы Ерназ Нұрлановтың айтуынша, бүгінгі күні облыс халқының саны – 730,9 мың адам, оның ішінде 483 мыңы қала, ал 247,9 мыңы ауыл халқы.

– Жалпы, 2022 жылдың бірінші қаңтарынан бергі кезеңде облыс халқының саны 2019 адамға азайды. Атап айтсам, қала халқының үлесі 0,2 пайызға артып, ауыл халқы 0,9 пайызға кеміді, – дейді департамент басшысы.

Демографиялық үрдістердің осындай өзгерістерге алып келуі бірінші кезекте халықтың экономикалық жағдайымен байланысты екені бесенеден белгілі. Бүгінде бұл процеске ауыл-аймақтағы экономикалық белсенді халықтың жұмыссыздығы мен жастардың білім іздеуге ұмтылуы басты себеп болуда. Дегенмен статистикалық деректерге сенсек, осы жылдың екінші тоқсанында облыстағы жұмыссыздар саны 17719 адам ғана болған. Осылайша, облыс бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыздың шамасында қалыптасқан.

Ал осы уақыт аралығындағы орташа айлық жалақы 282 159 теңгеге өсті. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім қарқыны 23,2 пайызға тең. Біздің облыс республика бойынша еңбекақы деңгейі жөнінен сегізінші орынды иеленді.

Осы айдарда

Back to top button