Ауыл баласы қой бағуға неге қырсыз?
Соңғы жылдары өңірдегі мал өсірушілер еті мен сүті мол сиырға қарағанда, қой мен жылқы бағуға назар аудара бастады. Оның басты себебі, шөл және шөлейтті жерлері көп Тарбағатай ауданында қой өсірумен айналысудың тиімділігінде болып тұр. Десек те, ауылда осы қойды бағатын шопан жоқ.
Әдетте қой шаруашылығы экономиканың ең бір тиімді салаларының қатарында аталатыны белгілі. Қой шаруашылығы бір құлдыраса, оны көтеру оңай емес екенін соңғы жиырма жылдың жүзінде айқын аңғардық. Тарбағатай өңірінде сол кеңестік кезеңнен қалған мұра – 500 мың қойдың 70 пайызы құрып кеткен болатын.
Елімізде «Агробизнес-2020» бағдарламасының қабылдануы қой шаруашылығының бұдан кейінгі дамуына тамаша жол ашты. Қой шаруашылығы саласының өркендеуіне мемлекет тарапынан үлкен қолдаулар жасалуда. Соның арқасында Тарбағатай ауданында қой мен ешкі саны артып, 50 пайызға жуық өскені байқалады.
Сол атакәсіп болған қойдан шаш етектен пайда тауып отырғандар бар ма? Шаруаны нендей түйткіл мазалайды? Қылшық жүнді құйрықты қойлардың жаңа тұқымын өсіріп отырған осы өңірдегі шаруашылық иесі Ержан Қайдаров осы сауалға жауап бере отырып, қой шаруашылығының дамуына кедергі болып тұрған төрт факторды алдымызға тартты. Шауашылық иесінің айтуына қарағанда, дәл қазір қойдың етінен басқа пайдасы шамалы көрінеді. Оның өзінде ет бағасы мың құбылып тұрған мына заманда шаруалар пайдадан көрі шығынға шықпаудың амалын ойлайды. Ал жүн мүлде өтпейді. Оны алатын және кәдеге жарататын облыстағы жалғыз-жарым кәсіпорындардың өзіне де аса көп жүн қажет емес. Жүннің өтімдісі – биязы жүн, оған деген сұраныс көп болғанымен биязы жүнді қой өсіретін шаруашылық шамалы. Сондықтан аз жүнге бола Шымкенттегі кілем фабрикасы облысқа немесе ауданға келіп қой жүнін сатып алуға құлық танытпайды.
Ауыл шаруашылығы мамандарының айтысына қарағанда, аудандағы шаруашылықтардан жыл сайын қырқылып алынатын 500 мың тонна жүн жыл сайын іріп-шіріп далада қалатын көрінеді. Эколог мамандар жүн осылай далада қала берсе, болашақта ауру ошағына айналуы мүмкін деген болжам айтады.
Заманында табыстың көзі болған тері де кәдеге жараудан қалып барады. Шаруалардың айтысына қарағанда, қой терісі 50 теңгеден әрең өтеді оның өзінде қабылдау орындары алса ғана. Аудандағы мал терісін қабылдайтын арнайы орында болдық. Сатушы «қой терісін мүлде қабылдамайыз», – деп, азарда-безер болды. Басты себеп, бұл өңірдің қой терісі тондар мен жылы киімдер әзірлейтін кәсіпорындарға мүлде жарамайды, алдымен алдын ала өңдеуден өтуі керек көрінеді, ондай дайындау орны бұл өңірде жоқ, екіншіден, Тарбағатай өңірінің қой терісі сапасының төмен болуы – жайылымдағы селеу шөптерден мал терісінің жарамсыз болып қалатынында.
Қара қойдың тағы бір пайдасы құнарлы сүтінде екені белгілі. Қой сүтін кәдеге жаратуды қой шаруашылығын дамытудың ғылыми орталығы ойластырған да. Құнарлы қой сүті қатерлі ісікке де пайдалы көрінеді. Хош делік, бірақ, мына заманда қозы көгендеп жүрген қай қазақтың баласын көрдіңіз? Қойдың сүтін сауу еріншекке де, басқаға да еріккеннің ермегіндей көрінеді…
Бәрін айт та бірін айт, қазір мал бағуға да қырсыз болып барамыз. Әлгінде ғана айтқан Ержан бауырымыздың алға тартқан төрт факторының бастысы – осы. Аудандағы статистикаға жүгінсек, бүгінде 258 шаруа қожалығына 100-ге жуық шопан қажет екен. Міне, жұмыс орны деген осы емес пе?! Алайда, жастарды былай қойғанда, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген орта жастағылар шопан таяғын ұстауға құлықсыз. Себебі мың тарау, әркім әртүрлі сылтау айтады. Аудан орталығының дәл іргесіндегі «Қарғыба» ауылында жұмыссыз, текке жүрген бірнеше тепсе темір үзетін жігіттермен жүздестім, жұмыстары жоқ, қайсыбірі қаладан жұмыс таппай қаңғырып келген, қожалыққа баруға құлықтары жоқ.
Осы мәселенің мән-жайын білмек ниетпен басқа ауылдардың қожалық иелерімен де жүздестік. «Айша» шаруа қожалығының иесі М.Ахметовтің айтуына қарағанда, жұмыс іздеп келушілер көп болғанымен, бәрі де жалақының жоғары, 80-90 мың көлемінде болуын қалайды. «Мұндай жалақы науқан уақытында ғана болады, былайғы уақытта келіскен жалақысын береміз және уақытында алады», – дейді қожалық иесі. Тіпті, шаруашылықтың қайсыбір қыстақтарында шопан қауымына барлық жағдай жасалған, жарығы бар, «Отау ТВ» орнатылған, енді не қажет?
Ананы-мынаны сылтауратып, құлықсыздық танытып жүргенде, шопан ата таяғынан айрылып қалмасақ болғаны.
Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.