Ауыл қарттарына арналған орталық ашылды
Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы аясында Өскемен қаласына қарасты Шығыс ауылында қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне арналған жаңа жаттығу залы ашылды.
Бұл залды халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру мақсатында «Шығыс шуағы» қоғамдық бірлестігі ашып отыр.
– Бұл залда жұмыс істеп жатқан адамдарға арнайы еңбекақы төленбейді. Ерікті қызмет істеп жатыр. БҰҰ-дан бөлінген қаражатпен материалдар сатып алып, орталық ашуға жұмсадық, – дейді аталмыш бірлестіктің жетекшісі А.Мұратбек.
Әр аптаның бірінші және бесінші күндері таңғы сағат оннан, түскі бірге дейін қызмет көрсететін бұл орын отыз адамға арналған.
– Мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарттарға ақысыз қызмет көрсететін бұл жаттығу залы бізге үлкен қуаныш сыйлап отыр. Енді олар осында спортпен шұғылданатын болады. Осындай игі іске бастама болып отырған басшылыққа барлық келушілердің атынан алғысымды білдіремін, – дейді ауыл қарты Т.Қалиясқар.
Еркегүл Мұқиятқызы