Қоғам

Аутизмге шалдыққан балаларға көмек көрсетеді

Аутизмге шалдыққан балаларға көмек көрсетеді

Өскемендегі А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Кедергісіз кітапхана» жобасы аясында «Диагноз – аутизм» атты дөңгелек үстел отырысы өткізілді. Аталмыш басқосуға коммуникативті ауытқуы бар балалар мен олардың ата-аналары, сондай-ақ, дәрігерлер қатысты.
Дөңгелек үстел барысында кітапхана директорының орынбасары Бибігүл Шағиева бүкіләлемдік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні жыл сайын 2 сәуір күні атап өтілетінін жеткізді.
– Аутизммен ауыратын балалар санының күрт өсуіне алаңдаушылық танытқан Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 2008 жылы 21 қаңтарда қаулы шығарды. Ал дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, шамамен 67 миллион адам аутизм дертіне шалдықса, қазір 150 баланың бірі аталған дертке ұшыраған. Бұл балалар аутизмінің күн санап өсіп отырғанын көрсетеді. Сондықтан, аутизмді ерте жастан анықтап, оған тиісті сараптама жасатып, емдеу шараларын қабылдау маңызды, – дейді Бибігүл Шағиева.
Кездесу барысында «Аутист-балалар айналасындағы әлемді қалай көреді?», «Неге олардың көпшілігі математика мен музыкадан қабілетті?», «Қоғаммен қарым-қатынас жасауға не кедергі?» деген сауалдар төңірегіндегі мәселелер талқыланды. Дөңгелек үстелге қатысқан дәрігер-психиатр Светлана Королеваның айтуынша, аутизм дерті – психологиялық ауытқу емес екен.
– Бұл баланың психологиялық дамуының проблемасы. Жалпы, аталмыш дертке шалдыққандардың көбісі аңқау, тез өкпелегіш, сондай-ақ, керемет дарын иелері болады. Сол себептен, олардың бойындағы қабілетін бүлдіршін кезінен бастап жетілдіру қажет. Сонда ғана бала бойын билеген қорқыныш сезімінен арылып, қоғаммен қорықпай қарым-қатынасқа түсе алады, – дейді Светлана Королева.
Өскемендегі «Блисс» психологиялық орталығының директоры А.Мерсиянова балаларды өз орталығына келіп, тегін емделуге шақырды. Ал «Ақ Тай» мүмкіндігі шектеулі балаларға қолдау көрсету қорының жылқы терапиясымен емдеу инструкторы Е.Руденко болса, мұндай балаларды ат спортына беру қажеттігін айтты.
Бұл күні «Кедергісіз кітапхана» жобасының аясында ұйымдастырушы Раушан Алханова ерекше қажеттілікті талап ететін оқырмандарға арналған ресурстар мен қызмет түрлерін таныстырды.
Шара соңында балалар шеберлер мектебіндегі саз-балшықтан жасалған бұйымдарды тамашалап, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған «Еркін елдің кемел тұлғалары» атты әдебиет көрмесіне шолу жасап қайтты.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button