Аурушаңдық республикалық көрсеткіштен жоғары
Айжанат Бақытқызы
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгіновтің Шығыс өңіріне жұмыс сапарымен кезінде облыстық денсаулық сақтау басқарасының басшысы Гүлмира Сағидуллина облыс орталығының Жібек маталар комбинаты шағын ауданында салынып жатқан Көпсалалы гематологиялық орталықтың құрылыс барысын көрсетіп, өңірдегі медицина саласының жайы туралы ақпарат берді.
Басқарма басшысының айтуынша, орталық 148 орындық, сондай-ақ өзге елді мекендерден келіп, дәрігер қабылдауын күтетін науқастар мен олардың туыстарына арналған 24 орындық пансионаты болады.
Орталыққа сәулелік диагностика, кардиология, кардиохирургия, гематология және сүйек кемігін трансплантациялау, күрделі соматика, операциялық блок және зертхана бөлімшелері кіреді. Әлемдік стандарттарға сәйкес келетін гематология орталығы диагностикадан оңалтуға дейінгі қызметтердің толық спектрін қамтамасыз етеді.
-Халықаралық институттармен ынтымақтастық елімізде медицинаның осы бағыты бойынша білімді тереңдету базасы болатын Ғылыми гематологиялық орталық құруға мүмкіндік береді. Республикалық және шетелдік ғылыми клиникалар базасында аталған орталықта жұмыс істеу үшін мамандар даярлау басталды. Үш жыл ішінде Израиль, Германия мен Ресейдің медициналық орталықтарында гематология, анестезиология-реаниматология, кардиохирургия, зертханалық диагностика, онкогематология, эпидемиология, МРТ диагностикасы мамандықтары бойынша 32 дәрігер оқытылды. Орта медициналық қызметкерлерді оқыту үшін «Медбикелер мектебі» құрылды,-деді Гүлмира Ғабдулқызы.
Орталық заманауи жоғары технологиялық жабдықтармен, оның ішінде күрделі кардиохирургиялық операцияларды орындау үшін екі ангиографпен, компьютерлік томография, магнитті-резонансты томографиямен жабдықталатындығы айтылды. Орталықтың құрылысы 2024 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.
Айта кетсек, облыс бойынша онкогематологиялық патологиясы бар 607 науқас есепте тұр, олардың ішінде диагноз қойылған сәттен бастап бес және одан көп жыл өмір сүрген – 340 науқас. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша облыста 103 онкогематологиялық науқас диспансерлік есепке алынып, аурушаңдық 100 мың тұрғынға шаққанда 13,7 құрады, бұл республикалық көрсеткіштен 26,3%-ға жоғары. Онкогематологиялық аурулардан болған өлім-жітім көрсеткіші-33 жағдай.
-Қазіргі уақытта денсаулық сақтау нысандарының 45 пайызы тозған. Медицина мамандарының тапшылығы сегіз мыңға жуық, оның жартысы – дәрігерлер. Медициналық жабдықтардың жетіпеушілігі байқалады, әсіресе бұл мәселе ауылды жерлерде өте өзекті. Сол себепті Ұлттық жоба аясында ауылдардағы денсаулық сақтау саласын жаңғырту ісі басталды. Жоба аясында 2025 жылға дейін елімізде 600-ден астам дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункт бой көтереді, соның 36-сы Шығыс Қазақстан облысында салынады. 32 ауданаралық ауруханалар жаңғыртылып, ультра-дыбыстық зерттеу, компьютерлік томография, МРТ, рентген сияқты құралдармен жабдықталады. Риддер қаласында емхана салынып жатыр, оның да құрылыс жұмысымен танысамыз,-деп атап өтті Алтай Сейдірұлы.
Сонымен қатар Алтай Көлгінов Ана мен бала орталығы және Сәулемен емдеу орталығының жұмысымен танысты. Басқосуда дәрігерлердің ерекше статусы, денсаулық сақтау мекемелерін заманауи құрылғылармен жабдықтау, біліктілікті арттыру және мамандандыру, жас мамандарды ауылға тарту үшін баспана мен көтерме ақысын төлеу секілді тақырыптар талқыланды.