Аурухана орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылды
Семейдегі аурухана 2013 жылы пайдалануға берілген. Әлеуметтік нысан орталықтандырылған жылу жүйесіне енді ғана қосылды. Әу баста осы аурухананы ашқан кезде электр қуаты арқылы жылумен қамтылуы тиіс деген жоба бекітіліп кетіпті. Бірақ бұл тиімсіз болды, бар болғаны екі-үш жыл ішінде жылу ақысы еселей өсіп, мемлекет қазынасына орасан зор шығын әкелген. Нақты айтсақ, аурухана бұған дейін жылуға айына шамамен 37-40 млн. теңге төлеп келіпті. 2015 жылы облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ аурухана ұжымы өтініш жасағаннан кейін, осы жағдайды тікелей назарына алып, арнайы құбырлар тартып, жылуды орталықтандырылған жүйеге қосуды тапсырған. Оның үстіне жұмыс сапарымен Семейге келген сайын сол тапсырманың орындалуын бүге-шігесіне дейін тексеріп отырды. Соның нәтижесінде қысқа мерзімде жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, аурухананы жақын маңдағы «5-интернат» қазандығына қосу жұмыстары басталды. Сөйтіп, ұзындығы 2 700 метр жылу желісі тартылып, биыл аурухана орталықтандырылған жылу желісіне қосылуға қол жеткізді. Биылдан бастап, жылу үшін жұмсалатын шығынның көлемі 5-6 есеге азаятын болып отыр.
– Бұрындары ай сайын жылуға 40 млн. теңгедей төлеп келдік. Енді биылдан бастап, айына 6-7 млн. теңге ғана төлейміз деген үмітіміз бар, – дейді жедел медициналық орталық директоры Қайноллан Мусин, – бұрындары барлық қаражатты жылуға беріп қойып, қарап отыратынбыз. Бұл өте тиімсіз болды. Енді үнемделген қаржы науқастарды емдеуге, аурулардың алдын алуға, ауруханаға жаңадан технологиялар мен дәрілік препараттар алуға жұмсалатын болды.
Ұжымның осы ушыққан мәселені басты назарына алып, дұрыс шешім қабылдаған облыс әкімі Даниал АХМЕТОВКЕ айтар алғысы шексіз. Аурухана 325 орынға арналған. Облыстағы ең ірі емдеу мекемесі қазіргі заманғы медицина талаптарына сай жұмыс істеп тұр. Мұндағы гематология бөлімінде қазір 16 адам ем қабылдап жатыр. Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылғаннан бері бәріміздің жанымыз жадырап қалды.
– Дәрігерлердің қызмет көрсетуі көңілімізден шығады, – дейді емделуші Тамара Борисовна, – палаталар да жылынып қалды. Осында бір жыл бұрын жылуға көңілім толмаған еді. Ем қабылдап жатырмыз. Бәрі ұнайды. Қызмет сапасы да дұрыс.
Гематолог-дәрігер Ж.Бешімбаева ауруларды емдеп-жазуға келгенде ешқандай кедергілердің жоқтығын алға тартып отыр. Аурухана құрылысы 2011 жылы басталып, пайдалануға 2013 жылы берілген. Әу баста талай ескертілсе де, нысанды жылумен қамту мәселесі ушығып, дауға айналып кеткен екен. Облыс басшысы өз қамқорлығына алғанынан кейін бұл аурухананың негізгі проблемасы шешіліп, жұмысын алаңсыз істеп отыр.
Раушан Нұғманбекова
Семей.