Қоғам

Аурухана қашанғы қаңырап тұрады?

Аурухана қашанғы қаңырап тұрады?


Өскемендегі жедел жәрдем ауруханасының қараусыз қалған ғимараттары он күннің ішінде жөнге келетін болды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы осылай деді.

Айта кету керек, кейінгі уақытта интернет кеңістігінде, дұрысы әлемжелілерде аталған мекемеге қарасты бос тұрған екі ғимараттың жағдайына қатысты алаңдаушылық білдірген адамдардың пікірлері көбейген болатын. Олар аурухана аумағында үйсіз-күйсіз жүрген қаңғыбастар мен нашақорларды байқаған.
Мәселенің анық-қанығын білу үшін аталған ауруханаға барып, жағдайды көзбен көріп қайттық. Осыған орай облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ильяс Мұхаметжанмен кездесіп, мәселенің қашан шешілетінін, ғимараттың алдағы уақытта қандай мақсатта қолданылатынын, осы бағытта қандай жұмыстар жүріп жатқанын сұраған едік.

– Ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұған дейін бөлінген қаржы ағымдағы жөндеу жұмыстарына деп қарастырылғандықтан, бюджетке қайта қайтарылды. Ал келешекте бұл жерде психоневрологиялық қызмет пен ЖИТС орталығы орналасатын болады. Денсаулық сақтау министрлігінің Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай перспективалық жоспарына сәйкес психоневрологиялық диспансер мен наркологиялық диспансер бір орталыққа біріктіріледі. Қазіргі уақытта ғимараттың техникалық төлқұжаты әзірленуде. Құжаттар қалалық кадастр бөлімінен 5 мамырда шығады. Одан кейін осы жерге көшетін медициналық ұйымдардың әрқайсысына аумақ бөлініп беріледі. Содан кейін барып, әр мекемеге күрделі жөндеуге қаражат сұраймыз. Емдеу мекемелері қазір жобалық-сметалық құжаттарын жасап жатыр, – деді Ильяс Мұхаметжан.

Бос ғимараттың осы уақытқа дейін қараусыз қалуын шенеунік былайша түсіндірді:

– Мен өзім бүгін барып көрдім. Әрине, жүрегің ауырады. Біздің халқымыздың мүмкін сана-сезімі мен көзқарасы кішкене бұрыс болғандықтан шығар, қаншама сақтаулы, қорғанысы немесе күзеті бар мекеме болса да, азаматтар қиратып жатады, өкінішке орай. Ол жерге екі күннен бері денсаулық сақтау басқармасының күзет қызметі қайта жұмылдырылып, күшейтілді. Біздің басқарманың күзет қызметі келісімшарт бойынша биылғы қаңтар айына дейін күзеткен болатын. Одан кейін болашақ ғимараттарын күзетуді сол жерге көшіп келетін ұйымдар келісімшарт негізінде өз басшылықтарына алған еді. Енді келесі дүйсенбіден бастап ол жерде тендерді ұтып алған мамандандырылған күзет өз жұмысын бастайды. Бұл мәселе он күннің айналасында реттеледі.

Естеріңізге сала кетсек, облыс орталығындағы жедел жәрдем ауруханасы 2015 жылы денсаулық саласындағы оңтайландыруға байланысты жабылып қалған болатын. Өткен жылы облыс әкімі бос ғимаратты басқа қызметтерге беру үшін жөндеу жұмыстарын жүргізуге қыруар қаржы бөлінгенін айтқан еді. Алайда екі жылдан бері бұрынғы аурухананың тағдыры әлі шешілмей келеді.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button