Аурухана қағазбастылықтан арылыпты

Аймақ басшысы Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Бородулиха ауданында болып, Елбасы Жолдауының өңірде орындалуына байланысты аудан активімен кездесті. Маңызды құжаттың басымдық берілген алты бағытын жеке-жеке тарқатып, облыстың және ауданның алдында тұрған нақты міндеттерге тоқталды. Алдымен облыс әкімі аудандағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, қазіргі тыныс-тіршілігімен танысты.
Соның бірі – Бородулиха аудандық орталықтандырылған ауруханасы. Бұл денсаулық сақтау мекемесінде ауыз толтырып айтарлық жетістіктер жетерлік екендігі ауласына кірген бетте байқалды. Ең бірінші жаңалық – бұл мекемеде былтырғы қыркүйектен бері қағазбастылық мүлдем жойылған. Қанатқақты жоба аясында құжат айналымы жүз пайыз электрондық автоматтандырылған медициналық жүйеге көшірілген.
Нәтижесінде дәрігерлердің жұмыс уақыты қырық пайызға дейін үнемделіп отыр. Жаңашылдық облыс әкімі Даниал Ахметовтің тарапынан жоғары бағаға ие болды.
– Өткен жылдан бастап “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасына сай аурухананың іс қағаздарын толық автоматтандырылған медициналық жүйеге көшірдік. Бұл бізге өте тиімді болып, дәрігерлердің жұмысын айтарлықтай жеңілдетті, қазір ешбір журнал қолмен толтырылмайды. Электронды денсаулық паспорты енгізілген, науқастар дәрігерге интернет арқылы жазылады, – деді аудандық аурухананың бас дәрігері Умуд Эфендиев.
– Бұл – өте дұрыс бастама. Енді дәрігерлер үнемделген сол уақытты алдына келген науқасқа, не болмаса озінің білімін жетілдіруге арнайтын болады. Келесі кезекте дәрігерлердің білімін шетелде жетілдіру міндеті тұр. Келер жылы облыстағы барлық бас дәрігерлер шетелде білімін жетілдіреді. Олар әлемнің озық клиникаларында оқуы үшін алдағы үш жылда 47 млрд. теңге қарастырылып отыр, – деген аймақ басшысы мекеменің техникалық жарақтандырылуына көңіл толатындығын атады. Соңғы екі жылда бұл ауруханаға 190 млн. теңге бөлінген.
Алдағы уақытта аурухананы күрделі жөндеуге, қажетті медициналық заманауи жабдықтар алуға тиісті қаржылай қолдау болатындығын айтқан аймақ басшысы аурухананың ота залын, жансақтау бөлімін, балалар бөлімшесін, қазір жөндеу жүріп жатқан перзентхана бөлігін аралап, жұмысымен танысты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығына мұндағы перзетхананы заманауи стандартқа сай жаңартуды, жаңа туған нәрестелер үшін жаңа кувез алуды тапсырды.
Айта кетсек, бұл аурухана облыстағы үздік денсаулық сақтау мекемелерінің қатарынан. Мұнда жылына 250-ден астам күрделі оталар заманауи озық медициналық аппараттар арқылы жасалса, соның тоқсан пайызы лапароскопиялық әдіспен, яғни тіліксіз жасалады. Қазірдің өзінде мұнда 13 білікті жас маман еңбек етіп жүр.
Робот техникаларына қызығушылық жоғары
Облыс әкімі Даниал Ахметов аудан орталығындағы Н.Островский атындағы орта мектепке барып, оқушылардың сабағына қатысты, олардан сабақтың өту барысы қаншалықты тиімділігін сұрап білді.
Бұл мектепте «Менің мектебім» жобасы аясында заманауи физика, робот техникасы кабинеттері және IT-сынып ашылған. Аудан бойынша барлығы тоғыз мектепте аталған бағдарламамен жаратылыстану ғылымдарының және IT-технологиялардың 13 сыныбы жарақталған. Алайда, оқушылар мен ұстаздар робот техникасын үйрену үшін аптасына бір сағат аздық ететіндігін айтады.
– Егер балалар сабақ уақыты аз десе, оны көбейтудің жолдарын қарастыруымыз керек қой. Біз балаларды үнемі сабаққа жегіп қоймай, арасында демалтып, ойын ойнауын да ойлайық. Сол үшін IT-сыныпта интерактивті тақта орнатылған, мәселен, онда жетпістен астам қосымшалар бар, – деген облыс басшысы оқушылармен және ұстаздармен бірге қазақ және ағылшын тілі сабақтарының өту барысын да талқылады. Ең бастысы, оқушыларды бірыңғай грамматикамен жалықтырып алмай, сабақты мейілінше тәжірибелік тұрғыда қызық етіп өткізуді ұсынды.
Естеріңізде болса, өңірде үштілділік бағдарламасы іске асырылуда. Соған сай сабақ беру тәсілі түбегейлі өзгерген. Осындағы ағылшын тілінің мұғалімі Ирина Ангельчиваның айтуынша, жаңа тәжірибенің ұтары көп.
– Бұрынғы әдістеме бойынша негізінен мұғалім сөйлеп, оқушылар тек тыңдап, қойылған сұрақтарға ғана жауап беретін. Негізінен грамматика оқытылатын. Сондықтан оқушылар ағылшын тілінде сөйлеуге жасқанатын. Қазіргі жаңа әдістеме неғұрлым көбірек сөйлетуге бағытталған. Сабақтың өту тәртібі өзгерді. Оқушылар қойылған сұрақтарға еркін жауап береді, ойын түріндегі тапсырмаларды орындайды. Олар енді ағылшын тілінде сөйлеуден еш қорықпайды, – дейді ол.
Жаңа жүйенің арқасында оның оқушылары жоғары нәтижелер көрсеткен. Нәтижесінде биыл Ирина Ангельчива облыс әкімінің сыйлығына ие болған. Елбасы Жолдауына сәйкес, облыс мектептерінде НЗМ стандарты бойынша оқытуды енгізу қарқынды жүргізілуде.
Сондай-ақ облыс әкімі аудандық Мәдениет үйінің фойесінде ұйымдастырылған ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесіне қатысты. Өнім өндірушілер мұнда нан-тоқаш, ет, сүт, кондитер, шұжық өнімдерін, балды көптеп әкелген екен. Бұдан бөлек, жәрмеңкеге келушілер назарына талдан, жүннен тоқылған, қолдан жасалған сан алуан кәдесыйлар, ауданда өндірілетін газды бетон, пималар ұсынылды. Облыс басшысы аудан фермерлерінен өндірілген өнімді қайда өткізетіндерін сұрастырып, тауарлы-сүт фермалары мен сүт қабылдау пункттерінің санын арттыруды, өнімдерді қайта өңдеуді ауданның өзінде іске асыруда тапсырды.
Сүт сату – табыс көзі
Облыс әкімі Даниал Ахметов аудандық Мәдениет үйінде аудан активімен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын баян етті және Елбасының Жолдауында айтылған негізгі міндеттерді жүзеге асыруға тоқталды.
– Президенттің жаңа Жолдауында қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуіне және табыс пен тұрмыс сапасының артуына баса мән берілген. Бородулиха ауданында бюджеттік мекемелерде 1400 адам жұмыс істейді. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың жалақысы орта есеппен алғанда 35 пайызға артатын болады, – деді облыс әкімі.
Даниал Ахметов айтып өткендей, Мемлекет басшысы еліміздегі агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін барынша дамыту міндетін алға қойып отыр. Соған орай, өңірде ағымдағы жылы ауылшаруашылық саласын дамытудың 2018-2022 жылға арналған бағдарламасы әзірленген. 2019 жылдан бастап етті өңдеу мен тұрғындардан сүт сатып алуды арттыру және ауданы 82 мың гектар сұранысқа ие суармалы жерлерді қалпына келтіру бойынша жобаларды іске асыру жоспарлануда.
– Жалпы алғанда, тұрғындардан сүт сатып алу көлемін 2022 жылға қарай 54 мың тоннаға дейін жеткізу қажет. Оның 33 мың тоннасын сүт қабылдау бекеттері арқылы және 21 мың тоннасын ауылшаруашылық кооперациясы жүйесі арқылы ұйымдастыру керек. Бұл жергілікті сүт өңдейтін кәсіпорындардың жүктемесін 29-дан 80 пайызға дейін арттыратын болады. Басты мақсат – тұрғындардан сүт сатып алуды көбейту. Сонда облыстың әр тұрғыны үйіндегі қосалқы шаруашылық арқылы да табыс таба алатын болады. Осы арқылы Мемлекет басшысы тұрғындарға үйінде отырып-ақ, өзін-өзі жұмыспен қамтуға жағдай жасап отыр, – деді облыс әкімі.

Сонымен бірге, облыс әкімі жиында бүгінгі күнде өз кәсібін ашам дегендерге ешқандай кедергі жоқтығын, керісінше қолдау болатындығын нақты мысалдармен жеткізді. Ең бастысы, ниет пен нақты іске құрылған бизнес жоспар болу қажет. Ал Бородулиха ауданында кәсіпкерлікпен айналысуға, ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге мүмкіндік жетерлік.
Облыс әкімінің айтуынша, соңғы үш жылдың көлемінде өңірде білім, денсаулық саласын дамытуда жүйелі түрде жұмыстар атқарылып, қомақты қаржы бөлінуде. Мысалы, білім саласында 4,9 млрд. теңгенің бірегей жобалары іске асырылса, денсаулық сақтау саласында дәрігерлерді оқытуға, емханаларды халықаралық стандарттар бойынша жарақтауға, саланы цифрландыруға соңғы үш жылдың көлемінде 30 млрд. теңгеге таяу қаржы бөлінген.
– Мына Семейдегі әуежай халықаралық талапқа сай жөнделеді. Сонда 60 шақырым жерде тұрған Сіздерге Қазақстанның барлық аймағына, алыс-жақын шетелдерге ұшуға мүмкіндік туады. Өзіміздің Алакөл үлкен туристік орталыққа айналады. Облыстағы автокөлік жолдары жөнделіп жатыр. Білім беру мен денсаулық саласын дамытудамыз. Өскемен мен Семейде автобус парктері жаңартылып, Англия, Германия, Франциядағы секілді электронды билеттендіру енгізіледі. Барлық салада цифрландыру жүргізіліп жатыр, бұл адамдар үшін барынша тиімді, уақыт үнемделеді. Осының бәрі Жолдауда айтылғандай, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған, – деді облыс әкімі.
Активте қоғам, денсаулық сақтау, ауылшаруашылық, өнеркәсіп саласының өкілдері және депутаттар Елбасы Жолдауына сәйкес ауданда атқарылатын іс-шаралардың жоспарымен бөлісіп, тұрғындар көкейдегі сауалдарын қойды. Сауалдардың дені ауруханаға қаралуға, тарифке, жолдарды жөндеуге қатысты болды. Жезкенттіктер кентке арнайы келсеңіз, бізде проблема көп деген өтініш те білдірді.
– Жезкенттің жолының жағдайымен бүгін активтен соң танысамын. Келесі айда ауданға тағы да келемін. Сол кезде жезкенттіктермен арнайы кездесу өткізіп, барлық мәселелерін жеке тыңдап, оны шешудің жолдарын қарастыратын боламыз, – деді облыс әкімі.
Дәурен Аллабергенұлы