Қоғам

Қауіпті көл

Қауіпті көл


Жер бетіндегі ең қауіпті орындардың бірі Қазақстанда десе, сенер ме едіңіз? Ойланып қаласыз, әрине. Ойлануыңыз орынды. Өйткені ол жерді аулақтағы шетелдіктерді қойып, өзіміз де біле бермейді екенбіз. Қай жер дейсіз бе? Айтайық, ол – Өлі көл.

Жо, жоқ! Таяу Шығыстағы Өлі теңізбен шатастырмаңыз. Бұл көл Алматы облысында орналасқан. Көлдің ұзындығы 100 метр болса, ені 60 метрдей. Өзі шағын болғанмен, құпиясы көп. Уфолог ғалымдарды қатты қызықтыратыны да сол ғой. Шілденің шіліңгір ыстығында көлдің суы мұздай болып жатады. Тіпті бетін қабыршық мұз жауып қалатын кездерді де көріпті жұрт. Кәдімгі өзен-көлдерде кездесетін тіршілік иелері Өлі көлде атымен жоқ. Балық та, бақа-шаян да, балдыр да жоқ. Тіпті көлдің жағасынан шыбын-шіркей, құрт-құмырсқаны көру мүмкін емес.

Ғалымдар бұл тылсым құбылыстың сырын көл түбінен бөлініп шығатын улы газдың әсері деп түсіндіреді. Ұдайы бөлініп тұратын газдың салдарынан су түбіндегі өсімдіктер мен жануарлар әлемі түгел қырылып қалса керек. Арнайы киім киіп, ауа толтырылған баллонмен тұңғиыққа түскен сүңгуірлердің өзі тереңдікте бес минуттан артық бола алмайды екен. Өлі көлдің құпиясын білетін жергілікті жұрт суға шомылмақ түгілі, одан бірнеше шақырым аулақ жүруге тырысады. Өйткені көл талай адамның өмірін жалмаған. Осы күнге дейін ашылмай келе жатқан бір құпиясы, өлген адамның денесі белгілі бір уақыт өткенде судың бетіне қалқып шығуы керек болса, мұнда керісінше түбінде тікеден-тік қалпында тұра береді.

Ел аузында бұл туралы әртүрлі аңыз-әңгімелер көп. Бір аңызда былай баяндайды: ертеректе бір ер жігіт қатты қызғаныш үстінде қалыңдығын осы көлге тұншықтырып өлтіріпті. Алайда көп уақыт өтпей ажал құшқан қыздың кінәсіз екендігі белгілі болады. Жазықсыз қиылған жанның көз жасы жібере ме? Содан кейін-ақ көлге түскендер арасында өлім-жітім көбейген. Ал көз тартар сұлу айдын өлі көлге айналған деседі….

Бүгінгі таңда Алматы облысы, Герасимовка ауылы маңындағы Өлі көлді көргісі келетін, оның құпияға толы сырларын білгісі келетін туристер де бар. Дегенмен қанша уақыт өтсе де, ғалымдар алақандай ғана көлдің жұмбағын аша алмай келеді.

Әйгерім Қайратқызы

Осы айдарда

Back to top button