Қоғам

Қауіпті аймақтар қатаң бақылауға алынды

Қауіпті аймақтар қатаң бақылауға алынды

Облыс аумағында тасқынға қарсы жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Барлық елді мекендер төтенше жағдайлар қызметкерлерінің қатаң бақылауында. Мамандар тұрғындарға жадынамалар таратып, апат бола қалған жағдайда не істеу керектігін үйретуде.
Айталық, Өскемен, Семей, Зырян және Риддер қалаларының тұрғын секторында дәл осындай түсіндіру жұмыстары қызу жүргізілуде.
Мамандардың айтуынша, топан су жайылуы мүмкін 35 қауіпті аймақ бар. Олардың әрқайсысына қатысты атқарылуы тиіс жұмыстардың уақыты мен түрлері белгіленген. Қардың еруі ғарыштан бақыланып, гидротехникалық нысандарда тәулік бойы кезекшілік қойылған.
Бүгінгі күні әсіресе, Катонқарағай және Бесқарағай аудандары мамандардың жіті бақылауына алынған. Аталған өңірлерде облыстық ТЖД «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі» жеке құрамының 25 адамы және ШӨӘЖҚБ-нің құтқару бөлімшесінің өкілдері жұмыс істеуде. Жақында ғана тағы бір өрт сөндіру-құтқару тобы облыс орталығынан Зырян ауданына аттанды.
Тиісті орындардың хабарлауынша, аймақта жағдай тұрақты. Топан су басқан апатты оқиғалар тіркелген жоқ. Тек еріген қар суының тұрғын үйлер аумағына жайылуына байланысты бір-ер факті тіркелген. Оның өзінде де жедел келген құтқарушылар мотопомпамен қарғын суды тартып, дер кезінде көмек көрсетті. Дегенмен, мамандар төтенше жағдайдың алдын алу үшін тұрғындардың өздері де аулаларын қардан тазартып, арық-бұлақтардың арналарын тазартуға атсалысқаны жөн. Әйтпесе, айтып келмейтін апаттан сақтану қиынға соқпақ.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button