Ауламыздың жағдайы адам көргісіз

Өскемендегі Пушкин кітапханасының артында 400 шаршы метрдей аумақты алып жатқан аула бар. Сол ауланың жағдайы адам көргісіз. Әсіресе балалар ойнайтын алаңның сиқы әбден кетіп тұр.
Ескіріп, тозығы жеткен темір әткеншек пен балалар ойнайтын басқа да құралдардың қираған, тот басқан түріне қарап түңілесіз, шынымен. Сондықтан да болар, бұл маңнан асыр салып ойнап жүрген балдырғандарды көрмейсіз. Өкінішті-ақ…
Ал анау ауланың әр жерінде алқам-салқам күйде қалқайып тұрған орындықтардың сырланбағанына, әй, бір он шақты жылдан асқан шығар. Тазалық туралы мүлдем жақ ашпай-ақ қояйық. Қазақстан көшесіндегі 102-ші және 98/3-ші үйлердің түстік жағынан кіреберіс тұсы былығып жатыр. Көзбен көрмесе, айтып жеткізу қиын. 98/3-ші үйдің шығыс жағы да солай.

Ауланың ішінде үйлерді жағалай жүретін көлік жолы бар. Олар да қарық боп тұрған жоқ. Ойлы-шұңқырлы жолмен жаяу жүрудің өзі мұң. Әсіресе Қазақстан көшесі 102-ші және 98/1-ші үйлердің шығыс жағындағы жолдың сапасы еш сын көтермейді. Жауын-шашында бұл шұңқырларға су толып, көлшіктерге айналады. Көлшікте «малтап» жүргенімізге үш-төрт жыл болды. Ол жерден жүріп өту мәшінге де, жаяу адамға да әжептәуір қиындық туғызады. Асфальт сұрамаймыз, сол шұңқырға бір-екі мәшін қиыршық тас төксе, ердің құны емес шығар…
Тағы бір айтпай кетуге болмайтын келеңсіз жайт, осы аулада иесімен бірге серуендейтін иттер көп. Хайуан болған соң, оған қоса далаға шыққан соң дәретке бармай тұрсын ба? Әрбір жерге тезегін тастап, былықтырып кетеді. Ал оның артынан жинап жүрген иесін көрмейсіз. Жалпы, адамдар демалатын, балалар ойнайтын аулада итті серуендету қаншалықты дұрыс?
Қаланың шеткері аудандары қалай екенін қайдам, орталықтағы ауланың жағдайы осындай. Бәленбай көшені абаттандырдық, түгенбай ауланы түгендедік деп жалпақ жұртқа жар салып жатқан жергілікті биліктің назары біздің көшеге қашан түсер екен?
Советхан Қалиғожин