Қоғам

Аулалар абаттандырылып, ойын алаңдары ашылды

Облыс орталығындағы бірнеше көпқабатты үйдің аулалары толықтай қайтадан жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Өскемендіктердің бұл қуанышына облыс әкімі Даниал Ахметов ортақтасып, заманауи ойын алаңқайлары, спорт алаңдары, демалыс орындары орнатылған, жолдары кеңейтілген су жаңа аулаларды «сыйға» алған тұрғындарды Қала күні мерекесімен құттықтады.

Барлық клубтар жөндеуден өтеді

Бұл күні алғашқы болып Аблакетка ауданындағы Геологическая көшесі, 26 мекенжайында орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің жаңартылған ауласының және осы үйдің бірінші қабатында орналасқан «Эллада» балалар-жасөспірімдер клубының тұсаукесері жасалды. Жаңадан салынған ойын алаңқайы мен футбол алаңын ауладағы үйлердің бүлдіршіндері мен спортқа әуес балалары лық толтырса, жаңадан іске қосылған жасөспірімдер клубына мектеп оқушылары көп жиналыпты. Құрметті меймандар келгенде жаңа алаңда футболдан жарыс қызып жатты. Ал қыста хоккей қорабына айналады.

Естеріңізде болса, шілде айында аула тұрғындары облыс әкіміне өз аулаларын жөндеу керектігі жөнінде өтініш білдірген болатын. Қалалық білім бөлімі өкілдерінің айтуынша, енді, міне, екі айдың ішінде бұрынғы ескі клуб «Парыз» қорынан бөлінген төрт миллион теңге қаржыға жөнделіп, мүлде басқа кейіпке енген. Енді мұнда шағын ауданның жастары да, жасамыс тұрғындары да ертеден кешкі тоғызға дейін спортпен тегін шұғылданып, бос уақыттарын мәнді өткізе алмақ.

– Біздің клуб 17 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Сонымен бірге осы Промбаза ауданындағы тұрғындардың бас қосатын бірден-бір орны. Есігіміз кешкі тоғызға дейін ашық. Күндіз жастар мен балалар келіп, спортпен шұғылданып, сурет салып, ермексазбен, қағаздармен, 3D қарындашпен жұмыс істеп, өздерін дамыту ойындарын жүргізсе, кешкісін үлкендер шахмат, дойбы, теннис ойнап, жаттығу залына бара алады. Мереке күндері көптеген әлеуметтік акцияларға, қалалық спартакиадаларға қатысамыз. Қайта жаңғыртудан өткен соң клубымызда роботты техника, интелектуалдық ойындар кабинеті, Wi-Fi аймағы, балалардың ойын бөлмесі және қыздарға арналған фитнес-зал ашылды. Бұл үшін облыс және қала басшылығына алғысымыз шексіз, – дейді клубтың жоғары санатты педагог ұйымдастырушысы Вера Семилапова.

Ал мұндағы спорттық үйірмелерге 60-қа жуық жасөспірім күн сайын тұрақты қатысып келеді.

– Мен бұл клубқа сегіз жылдан бері келіп жүрмін. Биыл жөндеуден соң мүлде басқаша өзгерді, тіпті танымай қалдық. Жаңа бөлмелер ашылыпты. Енді фитнеске баруға, спортпен шұғылдануға болады, – дейді шағын ауданның жас тұрғыны Палина Мочнева.

– Әкім аға, мұнда бір ғана аула жөнделді, бірден үш ауланы да жөндеу керек еді, – дейді жұртты ду күлдірген шағын ауданның кішкентай тұрғыны, болашақ футболшы, жеті жасар Мансұр Мұтабаев облыс әкіміне. Мансұрдың тілегін орындауға да бірден шешім қабылданды.

Өскемен қалалық оқу бөлімінің басшысы Жанат Айтпаеваның айтуынша, оқу жылының соңына дейін қаладағы барлық осындай клубтар жөндеуден өтпек.

Келесі ретте аймақ әкімі Виноградов көшесіндегі №№ 19, 21, 23, 25, 27, 29 мекенжайындағы көпқабатты үйлер орналасқан аулалардың ашылу салтанатына қатысты. Бұл аулада көзі тірісінде ұзақ жылдар есімі Қазақстанды қойып, Кеңес Одағына танылған ұстаз, қазақтың Хан-апасы, Қанипа Бітібаева тұрған болатын. Бұл аулада аулаішілік жолдар кеңейтіліп, автотұрақтар, тұрғындар демалатын орындар қарастырылған, спорт алаңы, балалар алаңқайы салынып, жарықтандыру бағандары, жиектастар ауыстырылған. Мұндағы алты үйдегі 575 пәтерде барлығы 1486 адам тұрады.

Шағын ауданның өз балабақшасы болады

Қаланың орталығынан шалғайлау, тау етегінде қоныс тепкен жаңа 16-шы шағын аудандағы Әлия Молдағұлова атындағы көшеге тиесілі үйлердің аулалары да қайта жаңғыртудың шапағатын көріп отыр. Бұл жердегі 16 үйде 13 аула бар. Оларда үш мыңнан аса тұрғын тұрады. Аудан тұрғындарының ары қарайғы өмір сүру сапасын жақсарту үшін мұнда жергілікті атқарушы билік үлкен футбол алаңын, бес балалар алаңқайын, үш спорттық алаңқайды салып берген. Жолдар кеңейтіліп, асфальт төселіп, орындықтар, қоқыс жәшіктері, жиектастар орнатылған.

Жап-жаңа жасыл алаңда доп теуіп жүрген жас футболшыларға футбол доптарын сыйға тартқан облыс әкімі олармен бірге доп теуіп көрді. Ал ауланың ересек тұрғындарына алдағы қазан айында аулаға көгалдандыру жұмысын жүргізіп, көшет егуді тапсырды. Атқарылған іске разы болған шағын аудан халқы бізде демографиялық дүмпу жақсы, балаларымызға енді бір балабақша болса деген тілегін де айтып қалды. Ол тілек те келер жылы орындалатын болды. Көңілі шалқыған қуанышты жұрттың атынан Майлыхан Ақмолдин ақсақал облыс басшысына ақ батасын берді.

Сондай-ақ бұл күні Даниал Ахметов Қаныш Сәтпаев даңғылының бойындағы №№ 48, 50, 50/1, 52, 54 үйлер орналасқан екі ауланың ашылуына қатысып, тұрғындарды Қала күні мерекесімен құттықтады. Мұндағы жөнделген екі аулада екі мың төрт жүзге тарта тұрғын бар. Оның жартысынан астамы балалар. Аулада балалар асфальтқа сурет салу байқауына қатысса, Дархан Қасеновтің жетекшілігіндегі «Жұлдыз» балалар өнер мектебінің оқушылары мазмұнды концертік бағдарлама ұсынды. Жергілікті кәсіпкерлер Қала күніне орай тегін палау таратты. Облыс басшысы жөндеу жұмыстарын жоғары бағалады.

– Бүгін Өскемен қаласы бойынша қайта жаңғыртудан өткен бірнеше ауланың жұмысымен танысып, ашылу салтанатына қатыстым. Атқарылған жұмыстарға көңіл толады. Қаламыз жасарып, жайнап келеді. Ендігі кезекте тұрғындардың өздері осы аулаларды ары қарай күтіп ұстауға атсалысуы қажет. Алдағы қазан айында бір кісідей жұмылып, аулаларға тал егетін боламыз, оған өзім де келіп қатысамын. Бұл шаруа келесі жылы да жалғасады. Тағы да осындай 52 аулалық аумаққа ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Барлықтарыңызды бүгінгі қуаныштарыңызбен және Қала күнімен шын жүректен құттықтаймын, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button