Қоғам

Аулалар абаттандырылып, көшелер көркейе түседі

Аулалар абаттандырылып, көшелер көркейе түседі


Семейді көркейту және абаттандыру жұмыстары ағымдағы жылы да кең ауқымда жүргізілетін болады. Ол үшін қазынадан 1 млрд. 828 млн. теңге қаржы қарастырылып отыр. Ал қала ішіндегі жолдарды жөндеуге 2 млрд. 195 млн. теңге көлемінде қаржы жұмсалмақ. Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов Семейге жұмыс сапарымен келген кезде айтылды.

Биыл Ленин көшесінде күрделі өзгерістер болмақ. Мәселен, оның Жамақаев көшесінен Шмидт көшесіне дейінгі аралығын абаттандыруға 578,4 млн. теңге бөлінген. Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, мұнда жаяу жүргіншілерге арналған жолдар, демалыс алаңдары, спорттық құрылғылар, теннис корттары, шағын сәулеттік мәнердегі алаңдарды жайғастыру әрі көгалдандыру, сондай-ақ балалар ойын алаңы мен велосипед жолдарын салу жоспарланып отыр. Бұл жерде бой көтеретін жаңа Арбаттың жалпы ұзындығы шамамен 700-800 метр болмақ. Әйтсе де облыс әкімі, жобаның кейбір тұстарын қайта қарауға кеңес берді.

– Бір шақырымдай жол жаяу жүргіншілерге арналып салынады. Бұл қаншалықты дұрыс? Осыны қайтадан қарау қажет. Осыған дейін көрсеткен жобаны біраз өзгерту қажет. Өйткені мұндай жобаларды кеңестік дәуірде қолданған. Қалада саябақтың болуына қарсылығым жоқ. Бірақ оның сапасына мән берілу керек. Себебі біз бұған шамамен 600 млн. теңге қаржы жұмсалғалы отырмыз. Ол жерде бүкіл тұрғындар мен қала қонақтары серуендеп, демалатын болады. Сондықтан да жаңа саябақтың кескін-келбеті бүгінгі күннің талабына сай, заманауи үлгіде болуы тиіс, – деп түсіндірген облыс әкімі Даниал Ахметов жауапты орындардың басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Бұған қоса қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы Марат Аленов, биыл шаһарда Street workout алаңдары салынатынын атап өтті. Олардың аумағы 300 шаршы метр болады. Шаһар бойынша мұндай жеті алаң салынады деп межеленуде. Сол секілді ағымдағы жылы «Менің аулам» жобасы да қолға алынбақ. Бұл мақсатқа 611 млн. теңге аударылып отыр. Нәтижесінде 52 көпқабатты тұрғын үйдің ауласына асфальт төсеу, жарық орнату, көгалдандыру, сонымен қатар спорттық және балалар ойын алаңын орнату қарастырылуда. Осы ретте барлық нысандарда жергілікті тауар өндірушілердің құрылыс материалдары қолданылатынын атап өткен орынды. Өңір басшысы мамыр айының соңына дейін бір аула толық дайын тұруы керек деген міндет қойды.

Биыл Семейдің жолдары да назардан тыс қалмайды деп сендірді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Нұрлан Серғазинов. Белгілі болғандай, күрделі жөндеу жұмыстары Мичурин (Мичурин көшесінен теміржол өткеліне дейін 4 шақырым 700 метр) мен Дальний (теміржол өткелінен Гражданский көшесіне дейін 1 шақырым 700 метр) көшелері қамтылады. Сол сияқты бұл бағыттағы шаруалар, Қаржаубайұлы көшесінде жалғаспақ. Оның ұзындығы бір шақырымға таяу. Жаңа жол жедел медициналық жәрдем ауруханасына дейін созылады. Ал орташа жөндеу жұмыстарымен 14 көше қамтылады. Оған 1 млрд. 356 млн. теңге бөлінген. Қалыпқа келтірілетін жол учаскелерінің ұзындығы 21 шақырым 700 метр.

Орташа жөндеу жұмыстары Қабанбай батыр, Абай, Найманбаев, Рысқұлов, Дастенов және Тәңірбергенов сынды бірқатар көшелерде атқарылатын болады, – деген Нұрлан Серғазинов, аталған көшелермен қоғамдық көліктер жиі қатынайтындықтан, басымдық осы аудандарға беріліп отырғанын жеткізді.
Бұдан басқа жолдардың ағымдағы жөндеу жұмыстарына 214 млн. теңге көлемінде қаржы бағытталмақ.

Жақсылық Мұратқали

Осы айдарда

Back to top button