Қоғам

Ауқымды істер атқарылды

Ержан Әбіш

Облыстық мәслихаттың кезекті он тоғызыншы сессиясында аймақ басшысы Даниал Ахметов өзіне жүктелген міндеттердің жыл басынан бергі орындалуы жөнінде есеп берді.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйекте жариялаған Жолдауы біздің алдымызға мүлдем жаңа әрі ауқымды міндеттерді жүктеп отыр. Салық, кедендік бақылау, бюджет, кәсіпкерлікті қолдау сынды бірқатар саланы реформалар күтіп тұр. Олар ел экономикасының қарқынын еселеп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруы тиіс. Маңызды құжатта айтылған экономикалық міндеттер бойынша біз іс-шаралар жоспарын құрып, атқаруға кірісіп кеттік, – деп бастады сөзін Даниал Ахметов.

Облыс әкімінің есептік баяндамасында өңір экономикасының соңғы сегіз айда тұрақты даму бағытынан айнымағанын атап көрсетілді. Санмен айтар болсақ, жыл басынан өнеркәсіп өнімінің көлемі 107, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 103, тартылған инвестициялар мөлшері 113, атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 105 пайызға артқан. Экономиканың негізгі салаларындағы осындай дамудың арқасында жергілікті қазынаға түскен қаражат 1,5 есеге ұлғайып отыр.

Басым бағыттардың бірі – кәсіпкерлікті өркендету және олардың өнімін экспортқа шығару. Бұл мақсатта Кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында 892 миллиард теңгенің 32 жобасы іске асқан.

– Жыл басынан барлық мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде шағын және орта бизнестің 384 жобасы 11,8 миллиард теңгеге субсидияланды және кепілдендірілді, – деді аймақ басшысы.

Ауыл шаруашылығы саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қазіргі кезде тиімділігі жоғары әрі сұранысқа ие дақылдардың алқабын ұлғайтуға баса мән беріліп отыр. Биыл қуаттылығы 300 мың тонна болатын «Алтын Шығыс» май зауыты іске кіріскен-ді. Алдағы уақытта қуаты 50 тоннадай болатын «Алтын май» күнбағыс майын өндіру кәсіпорны жұмысын бастауы тиіс. Осы өндіріс орындарын шикізатпен қамту үшін негізінен майлы дақылдар көптеп егілетін болады.

– Азық-түлік қауіпсіздігі – ең басты мәселелердің бірі. Біз әлеуметтік тауарлардың бағасын ырықтандыру бойынша кешенді шараларды атқарып келеміз. Мәселен, 3 мыңнан астам сауда орнымен үстемеақыны 7-10 пайыздан асырмау турлы меморандум жасалып, оның орындалуы қатаң бақылауға алынған, – деді аймақ басшысы.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы ауылдық елді мекендерді әлеуметтік-инфрақұрылымдық дамытуды көздейді. Осы жылы аталған бағдарлама бойынша 42 тірек және серіктес ауылда 4,6 миллиард теңгенің 67 жобасы жүзеге асуда. Жыл соңына таман тірек ауылдардың стандарттармен қамтылу деңгейі 72 пайыздан асатын болады.

– Денсаулық сақтау саласында материалдық-техникалық базаны нығайту ісі жалғасып келеді. Біз негізінен қан айналымы жүйесінің ауруларымен, обырмен күреске күш салып отырмыз, ана мен бала денсулығы да – басты назарда. Жалпы, аталмыш салаға осы жылы 38 миллиард теңге бағытталды, – деді Даниал Ахметов.

Облыс медициналық кадрларды оқыту жөнінен елімізде көш бастап отыр. Жыл басынан гематолог, кардиолог, гинеколог, онколог сынды 13 дәрігер Германия мен Израильде шеберліктерін шыңдап келді. Алдағы уақытта 23 гематолог пен анестезиолог Ресей мен Латвияға біліктіліктерін арттыру үшін аттанады.

Білім саласына тоқталған облыс әкімі өңірде үш ауысымды және апатты мектептердің жоқтығын атап көрсетті. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 8950 орындық 20 мектеп салынады. Олар халықаралық стандарттарға сай жарақталмақ.

Биыл 40 білім нысаны 1 миллиард теңгеге жөнделді, материалдық базаларын нығайтуға 180 миллион теңге жұмсалды.

Балабақшамен қамту 3-тен 6 жасқа дейін 100 пайызды құрайды, 2 жастан 3 жасқа дейінгі бүлдіршіндердің мектепке дейінгі біліммен қамтылуы осы жылы 88 пайыздан 98 пайызға ұлғайды.

– Дарынды балаларды қолдау маңызды. Сондықтан 441 оқушыға 44 миллион теңге ынталандыру мақсатында берілді. Үздік ІТ жобалар әзірлеген 10 жасқа 10 миллион теңге төленді, – деген облыс әкімі спорт саласы да назардан тыс қалмағанын жеткізді. Биыл Өскеменде Үстел теннисі орталығы ашылды. Тағы 7 спорт нысаны салынуда.

Өскемен әуежайының реконструкциясы аяқталды. 100 тонна жүкті уақытша сақтайтын қойма және 30 тонналық жүк терминалы салынды.

– Өңірдегі ең ірі инфрақұрылымдық жобаның бірі – Бұқтырма көпірі. Осы жылы құрылысқа 10,2 миллиард теңге бөлінді. Бұл – тұрғындар бұрыннан сарыла күтіп жүрген көпір. Ол Президент тапсырмасына сәйкес салынуда. Құрылыс барысы қатаң бақылауға алынған. Нысан салынып, ел игілігіне айналады, – деді аймақ басшысы.

Бүгінде облыста 861 мың шаршы метр баспана салынып жатыр. Құрылыстың жалпы құны 187 миллиард теңгеге тақайды. Оның 348 шаршы метрі биыл пайдалануға беріледі. Өткен жылмен салыстырғанда бұл 126 пайызға артық.

– Атқарылып жатқан жұмыстардың бәрі халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейді. Біздің басты міндетіміз – өткір әлеуметтік мәселелерді жылдам әрі тиімді шеше отырып, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, қоғамдық сананы жаңғырту. Алда бізді Президент және Праламент сайлаулары сынды үлкен саяси науқандар күтіп тұр. Бұл барша қоғамның бірлігі мен жауапкершілігін талап етеді, – деді облыс әкімі.

Мәслихат депутаттары облыс әкімінің есебін бекітіп, Президент Жолдауында айтылған міндеттерді орындау, ұлттық жобаларды іске асыру, инвестиция тарту, азық-түлік бағасын ауыздықтау бойынша жұмыстарды ширата түсуді ұсынды.

Осы айдарда

Back to top button