ҚұқықТОП

Кәсіпкер әкімдік қызметкерлерінің үстінен шағымданды – ШҚО

Глубокое ауданының кәсіпкері әкімдік қызметкерлерінің үстінен шағым түсірді.

ШҚО-да кәсіпкерге әкімшілік кедергі келтірген лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Didar ақпарат. 

Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке және «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасына Глубокое ауданының кәсіпкері аудандық әкімдік қызметкерлерінің үстінен шағым түсірді. Хатта кәсіпкердің қоймасында ұзақ уақыт бойы тегін сақталып келе жатқан, тәркіленген мүлікті сату бойынша аукционды әкімдік қызметкерлері мерзімінде қайта өткізбегендігі көрсетілген. Бұрын өткізілген аукционда жеңіске жеткен сатып алушы сатып алынған мүліктен бас тартыпты.
ҚР Қаржы министрінің «Мүлікті тәркілеу бөлігінде қылмыстық іс бойынша сот үкімі негізінде не мүлікті мемлекетке беру туралы шешім негізінде тыйым салынған мүлікті өткізу немесе пайдалану қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, жеңімпаз белгіленген мерзімде қабылдау-тапсыру актісіне қол қоймаған жағдайда, сатушы сатып алу-сату шартын біржақты тәртіппен бұзады.

– Заң бойынша, Глубокое ауданының қаржы бөлімі сатып алушы қабылдау-тапсыру актісіне қол қоймауына байланысты шартты біржақты тәртіппен бұзып, мүлікті аукционға сатуға қайта шығаруға тиіс болатын. Алайда, 2023 жылдың наурызынан бастап аукцион қайта өткізілмеген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен «Атамекен» ӨКП араласқаннан кейін сатып алу-сату шарты бұзылып, аукцион қайта басталды. Осыған орай, құқық бұзушылыққа жол берген лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – деп түсіндірді облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінде.

 

Кәмал Естай

Осы айдарда

Back to top button