Тәуелсіздік - 30ТОП

– АУҒАНДА БОЛҒАНЫМ ҮШІН АМАН ҚАЛДЫМ

Талғат БАШИРҰЛЫ, желтоқсаншы

 Біздің бақытымыздың бастауы, тыныш ұйқы мен уайымсыз күлкі еліміздің тәуелсіздігімен байланысты екені даусыз. «Мың өліп, мың тірілген» халқымыз осы тәуелсіздік жолында талай қырғынды басынан кешірді, арғы бабамыз Күлтегін жырлағандай, жұртымыз азаттық үшін қаншама рет «Қара терін төгіп, қызыл қанын ағызды». Алайда ұлттың асқақ рухын жоғалтып, жойып жіберу мүмкін емес. Оған бір дәлел – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы. Биыл Желтоқсан оқиғасына – 36 жыл, тәуелсіздігімізге – 31 жыл толмақ. Егемен ел болып, еңсемізді биік ұстап жүруімізге мүмкіндік жасаған Желтоқсан құрбандары мәңгілік жадымызда.

2020 жылы 24 қарашада №456 «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы шыққан болатын. Басты міндеті – халқына және ұрпақтарымызға – халықаралық стандарттар мен құндылықтар негізінде саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбандары үшін тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, олардың халқына және ұрпақтарына адал да жақсы есімдерін қайтару.

Осыған орай, әр өңірден саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрамы құрылды. 2021 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік және арнайы архивтеріндегі құжаттарды пайдалана отырып, ақталмаған азаматтар жайлы іздеу, зерттеу жұмыстары басталды. Іздеу-зерттеу барысында Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жерлестеріміз туралы тың мәліметтер табылды. Азаматтардың құжаттарын мемлекеттік комиссияға жолдадық. Солардың бірі Желтоқсан оқиғасына қатысқан Абай облысы (бұрынғы Семей обл.), Үржар ауданының тумасы Талғат Баширұлы Альмухаметов. Біздің кейіпкеріміз ол кезде Алматы сәулет-құрылыс техникумының 1-курс студенті еді. Қазір ол – Абай облысы, Үржар ауданы бойынша «Желтоқсан-86» қоғамдық бірлестігінің сенімді өкілі. Желтоқсан қаһарманымен сұхбаттасудың сәті түсті.

Талғат аға, желтоқсан оқиғасы сіздің есіңізде ме?

Иә сол күндер есімде, деп Талғат ағамыз біраз ойланып қалды. – Өмір бойы ұмытыла қоймас та, сірә!… Біраз үнсіздіктен соң ол әңгімесін бастап кетті.

Ауғанстандағы қиян-кескі соғыстың арасында жүріп, екі жыл мерзімді өтеген соң елге қайтып оралдым. Оның өзінде де қайтар уақыт жақындағанда моджахедтермен ұрыс барысында ауыр жараланып, Ресейдің Новосібір қаласында бірнеше ай емделіп, әрең жазылдым. Ата-анам мен туыстарымның көмегінің арқасында елге келдім. Сөйтіп, келесі жылдың көктемінде, яғни 1986 жылы Алматыдағы республикалық құрылыс және сәулет техникумына оқуға түстім. Оқып жүргеніме үш айдың жүзі ғана болған. Желтоқсан айының бір күні сабақта отырғанда сырттан у-шу болып жатқанын естідім. Бөлмемізге бір топ жас кіріп келіп: «Бәрің түгел митингке шығыңдар, Қазақстан Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаевтың орнына Ресейдің бір облысының (Ульяновск облысынан) ұлты орыс азаматын тағайындап қойды, барлығың қазір техникумның алдына жиналыңдар, топ болып орталық алаңға барамыз. Қазір сонда жастар жиналып жатыр. Біз де соларға қосылып, митингке шығамыз», деді айғайлай сөйлеп.

Сонымен қойшы, бәріміз есік алдына шығып, даурыға сөйлеп, қазіргі Қ.Сәтпаев даңғылымен жоғары өрледік. Алаңға келсек, жастардың қалың тобы у-шу болып жатқанын көрдік. Қайсыбірінің қолынан плакатқа жазылған ұран сөздерді оқыдық. Кейбіреуінің «Долой Колбина!» деп айғайлағанын естідім. Алаңның Орталық Комитет жағында сап түзеген әскерлерді көріп, тіксініп қалдық. Сөйтіп, алаңға жиналған жастармен бірге айғай-шуға бастық. Жұқа киініп шыққан едім, аздан соң тоңа бастадым. Біраз уақыт өткенде Орталық Комитеттен бірнеше адам бері шығып, алаңның ортасындағы мінберге көтерілді. Бұрын газеттен көріп жүрген Қазақ ССР Президиумының төрағасы С.Мұқашевты және Орталық Комитеттің хатшысы З.Камалиденовты, сонымен қатар тағы бірнеше адамды таныдым. Олар бізге қарап біраз сөйлеген соң «Балалар мұнда тұрмаңдар, тараңдар», деп сөзін аяқтады. Содан соң келген іздерімен кері қайтты. Күн суытып, қараңғылық түсті. Ду-ду еткен адам қарасы көбейген, көпшілік қосыла «Менің Қазақстаным» әнін шырқап тұрды. Алаңның айналасын қоршаған милиция мен әскер жасақтарын көрдік. Менің тағы бір айтарым, алаңның телерадио ғимараты жағында қатар-қатар өртке су шашатын машиналардың тұрғанын аңғардым. Біраздан кейін бізге қарама-қарсы сап түзеген әскерлердің қозғала бастағанын көрдім. Бір уақытта шулап тұрған жастарға әлгі әскерлер тап берді. Жастар мен әскердің арасында қоян-қолтық айқас басталды да кетті. Қолдарында күрекшесі бар солдаттар жиналғандарды аямай ұрып, жабылып ұстап, дайын тұрған арнайы көліктерге тией бастады. Айналаның бәрі у-шуға толып кетті. Киімдері жыртылып, бетін қан жуған жастарды ұрып-соғу жалғасып жатты. Біздің жігіттер де аянып қалған жоқ, жігіттердің біразы айналадан іздеп-тауып, қолдарына іліккен түрлі заттарды, кірпіш, мрамордың сынықтарын және басқа да нәрселерді лақтыруға кірісті. Бұл әрекет ұзаққа созылды. Маған қарама-қарсы келіп қалған бір-екі солдатты әскерде меңгерген әдістерімен алып ұрдым. Өзім кері шегініп, қалың топтың арасына кіріп кеттім. Өстіп ары-бері қан-жоса болып төбілесіп жүргенімізде түннің біраз уақыты болғанын сезіп, өзіммен келген таныс студенттерді іздей бастадым. Әскерлер жабыла ұстап жиналған жастарды үсті жабық көліктерге тиеп жатты. Айнала у-шу, ауыр жарақат алып ыңырсыған жігіттердің, көлікке мінбей шыңғырған қыздардың дауысы естіліп жатты. Бір уақытта ұзын бойлы қызды шашынан сүйреп бара жатқан солдаттың жанына жүгіріп барып, әлгінің қолын қайырып, жамбасқа салып лақтырып жібердім. Босатылған қыз айғайлап, қаша жөнелді. Мен болсам өзіме жақындаған әскерилерді жолатпай, шегіне төбілесіп жүрген кезімде біреудің артымнан: Талғат, Талғат! деп шақырғанын естідім. Артыма жалт қарасам досым Қалибек екен. Ол жаныма жүгіріп келіп «пәтерге кеттік, таңертең ерте келеміз» деп айқайлады. Сөйтіп, екеуіміз Әль-Фараби даңғылына қарай жүгіре басып алаңнан ұзай бердік. Таң ата орталық алаңға бет алдық. Ойымыз кешегі түннен кейінгі өзгерістерді көру. Жастық қой, шіркін! Ұсталып қаламыз-ау, оқудан шығарып тастайды ғой деген ой санамызда жоқ. Көңіліміз алабұртып, қалайда алаң жақты шолып қайту болды. Біз келсек, алаңда көп ешкім жоқ екен. Алаңға кіре алмай жүрген бір топ жасты көрдік. Соларға келіп, қосылдық. Анандайдан милиционерлердің бір-екеуі келіп, бізге ескерту жасады. Әскерлер болса әлі де Орталық Комитетке жақын арада сап түзеп, ұзыннан-ұзақ тұрғанын көрдік. Сонымен не керек, қасымдағы Қалибекпен және бірнеше жігіт қосылып бір топ болып Фурманов көшесімен төмен қарай қозғалдық. Гоголь көшесімен жүріп «Отырар» қонақ үйінің алдынан өткенде шетелдік азаматтар бізге қол шапалақтап қолдау көрсетті. Ары қарай жүре бергенде көп қабатты тұрғын үйдің жоғарғы жағынан лақтырылған бір-екі құмыра топтағы біреуіміздің иығымызға және бірінің арқасына сарт ете қалғаны. Құмыра тигендер қатты ауырсынды. Жоғары қарап едік, балконда тұрған орыс кемпір бізге қарап былапыт сөз айтып, жұдырығын түйді. Ыза болған жігіттер, жаңағы құмыраларды кемпірдің балконына қарай зырқыратып лақтырып кеп жіберді. Терезелердің салдыр-гүлдір сынғаны, кемпір мен тағы біреулердің ойбайлаған дауысы естілді. Мира көшесінде тұрған горисполкомның кызыл таңғыш байлаған кызметшілерімен төбелес басталып кетті. Алаңға қайта келсек, әскер мен милиция алаңды қоршап алыпты. Ешкімді кіргізбейді. Сонымен, ұсталып қалмайық деп, жігіттермен бұралаң көшелерге түсіп, пәтерімізге әрең қайтып келдік. Ертеңінде алаңға барғандардың түгелін залға жинады. Келсек, сахнада техникум директоры және оның орынбасарлары отыр екен. Оқу орнының сабақ беретін оқытушылары қабырғаға жақын жағалай отыр. Бір уақытта техникум директоры орнынан тұрып, бізге қарап ренжи сөйледі. Сонымен қатар отырған мұғалімдердің кейбіріне бізге ие болмай көшеге жіберіп қойғаны үшін, сөгіс жариялады. Алаңдағы оқиғаға қатысқан бірқатар студент оқудан шығарылды. Бірақ түгелімізді жеке-жеке кабылдап, айыбымызды мойнымызға салды. Кезек маған келгенде мені де орнымнан тұрғызып, біраз сөз айтты.

«Талғат Башырұлы, сен әскерде Отан алдындағы парызыңды Ауғанстанда атқарған екенсін, сол үшін де оқуда қалдырып отырмыз. Бұдан кейін біздің үнемі бақылауымызда жүретін боласың, мұндай жағдай енді қайталанбайды деп сенеміз», деді қатаң үнмен. Сөйтіп, әупірімдеп оқуда әрең қалғаным бар.

Талғат Баширұлының айтуынша, алаңға шыққан жастарға еш аяушылық болмаған, орталық алаңға тек жігіттер ғана емес, қазақтың қайсар мінез қыздары да барған. Олар елі мен жері үшін соңына дейін күресті».

  • Талғат аға, желтоқсан оқиғасынан кейін сіздің өміріңізде өзгеріс болды ма?
  • Желтоқсан оқиғасынан кейін менің өмірімде аса бір өзгеріс болған жоқ. Кейін жұмысқа орналасқанда, бастықтар «Желтоқсан оқиғасына қатыстың ба?» деп сұрайтын. Біраз жыл бойы маған сенімсіздікпен қарап жүрді.
  • Осындай оқиға өміріңізде қайталанса не істер едіңіз, өкінбейсіз бе? Бүгінгі таңда осы оқиғаға көзқарасыңыз қандай?
  • Осындай оқиға қайталанатын болса, ойланбастан қатысатын едім, елім үшін, жерім үшін, мемлекетіміздің болашағы үшін. Шынымды айтсақ, осы Желтоқсан оқиғасына қатысқаныма қазір қуанбасам, өкінбеймін.
  • Осы оқиға мемлекеттің құрылуына әсер етті ме?
  • Желтоқсан оқиғасы мемлекетіміздің құрылуына үлкен әсер етті. Біздің тәуелсіздігіміздің бастамасы болып, қазақ халқының патриоттық, ұлттық сезімін оятты. Сол кездегі жастар өздерінің бірлігін, мықтылығын, батырлығын көрсетті. Жүзге, руға, елге бөлінбей, бір қазақ болып алаңға шықты.
  • Қазіргі жастарға айтар тілегіңіз?
  • Жастарға айтарым, ата-бабамыздан мұраға қалған жеріміз бен елімізді көздің қарашығындай сақтап, аға буыннан дұрыс тәлім-тәрбие алып, Отанымызды қорғауға дайын болыңдар деп айтар едім. Кез келген сәтте елімізді қорғауға, жеріміздің тұтастығын қорғауға, сондай-ақ ішкі тұрақтылыққа сызат түсірмеуге шақырар едім, – деп әңгімесін түйіндеді желтоқсаншы Талғат Баширұлы.

Бұл күнде үлгілі де өнегелі бір отбасының тірегіне айналған, ұрпақ өрбітіп, немере сүйіп отырған Талғат Баширұлына мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасылық бақыт тілейміз. Осындай қазақтың қаһарман ұлдарының арқасында Қазақ елінің тұғыры биік, іргесі берік бола түспек.

Қ.Нұрсолтанова,

Облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның №8 жұмыс тобының мүшесі

Осы айдарда

Back to top button