Аударыспақшыларымыз Түркістаннан табысты оралды

Түркістан қаласында ұлттық спорт түрлерінен ересектер арасындағы ел чемпионаты аяқталды. Чемпионат аясында көкпар мен аударыспақтан, теңге ілу мен қыз қуудан жарыстар өткізілді. Өкінішке қарай, бұл сынға үкілеп қосқан спортшыларымыздың кейбірі үмітті ақтай алмады. Жақсы нәтижелерге қол жеткізген аударыспақшыларымыз болмағанда облыс құрамасының қоржыны бос қалар еді.
Көкпарға еліміздің әр облысынан және Астана, Алматы қалаларынан барлығы 16 команда қатысты. Жеребе бойынша командалар өзара 4 топта сынға түсті. Қарсыластарына есе жіберіп алған Шығыс Қазақстан көкпаршылары 16 салым көрсеткішімен турнирдің тоғызыншы сатысына тұрақтады.
Сол сияқты теңге ілу мен қыз қууда да жолымыз болмады. Есесіне, өңір құрамасының өкілдері 5 салмақ дәрежесі бойынша ұйымдастырылған ат үстіндегі білектілердің «айқасында» бір емес, бірнеше орынды иеленді. Атап айтсақ, 70 келі салмақ дәрежесінде барлық бәсекелестерін бұйым құрлы көрмеген шығысқазақстандық Ермек Жапишев үздік атанып, алтыннан алқа тағынды. Бұл салмақтағы екінші орын жарыс қожайындарының еншісіне бұйырса, үшінші жүлде павлодарлық аударыспақшының қанжығасында кетті.
80 келі салмақтағы тамаша өнер көрсетіп, жарыстың ақтық сынына жолдама алған тағы бір жерлесіміз Тимур Ендоянов оңтүстікқазақстандық қарсыласына есе жіберіп алып, күміс жүлдені місе тұтты.
Сонымен қатар қос жерлесіміз: 90 келі салмақта Мақсат Аримов және 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Мансұр Танекенов ақтық сында сүрініп, екеуі де күміс медальмен марапатталды.
Серік Әбілхан