Ауданымыз Ұлы Жібек жолының торабында тұр

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында күллі түркі халықтарының өткен өркениеті халқымыздың байырғы тарихымен байланыстырылады. Мақалада ғұндар мен сақтар атап көрсетіліп, түркі мемлекеттері мен бірлестіктерінің Қазақстан аумағынан тарағаны туралы тұщымды ой айтылып, тұжырымдалады.
Екіншіден, тарихта болған оқиғалар сараланады. Президент евроцентризм ұғымын сынға алып, тұтас ойлау мен объективті шешімдерді шындыққа негіздеп, халық пен мәдениеттің үлесін ұмыт қалдырмауды айтады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы даланың қырларын белгілеп, негізгі өлшемдерді дәл анықтаған. Сонау атам заманнан бері халқымыз атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығын жетік меңгерген. Мәселен, еліміздің солтүстік өңірінде энеолит заманын қамтитын «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесі жылқының тұңғыш рет қазақ даласында қолға үйретілгенін анықтаған. «Ту ұстаған салт атты жауынгерлер бейнесі – батырлар заманының ең танымал бейнесі, сонымен қатар атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі. Біз әлемнің барлық түкпірінде қазақ жерінен тараған осынау ұлы технологиялық революцияның жемісін адамзат баласы ХІХ ғасырға дейін пайдаланып келгенін ұмытпауға тиіспіз», – деді Ұлт Көшбасшысы.
Сонымен бірге, сол заманның жауынгерлері киім үлгісін астыңғы және үстіңгі деп екіге бөліп, қазіргі шалбардың пайда болуына себепкер болған. Осылайша, алғашқы темір сауыт жасалып, жан-жақты сайланған атты әскеріміз пайда болды. Демек, сайын даланың бір қырында металлургия да дамыған деп ой топшылауға болады. Ал аты әлемге жайылған «Алтын адамның» жанынан табылған күміс кеседегі ойылып жазылған жазулар Орталық Азия төңіріндегі ең көне жазу екендігі тарихи құжатта айтылған. Тарихпен астастырып, еліміздің өткенін жіпке тізген Елбасы мақаласындағы дүниелер Үржар ауданында да кең көрініс тапқан. Өздеріңізге белгілі, біздің өңірімізде «Елеке сазы», «Берел» қорғаны, «Шілікті» патша қорғандары мен өзіміздің Үржар ауданының Лайбұлақ асуынан археологиялық жұмыстардың нәтижесінде «Сақ ханшайымы» табылған.

Елбасы мақаласында «Ұлы даланың ежелгі өнері және технологиялар музейі» туралы ауқымды ғылыми дереккөздер мен келелі бағыт айтылған. Осы ретте «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мақаласы аясында Қабанбай ауылынан ашылатын тарихи-өлкетану мұражайы Ұлы даланың жеті қырына өзіндік үлесін қосады. Демек, айдынды Алакөл жағасына келген демалушылар халықтың тарихы мен мәдениетінен сусындап, танысатыны анық. Жалпы, мұражайда 9000-ға тарта экспонаттар пен құнды жәдігерлер орналастырылмақ. Ұлы есімдер қатарына Барлық тауында дүниеге келген Қабанбай батыр бабамызды жатқызуымызға болады. Бүгінде батырдың табаны тиген Алакөл үлкен туристік кешенге айналып үлгерді.
Бүгінгі жаһандану заманында «Ұлы даланың ұлы есімдерін» келешек ұрпаққа әспеттеу маңызды бағыт екені рас. Олардың сара жолы мен өсиеті арқылы ұлттық құндылықтарымыз одан әрі тереңге бойлары сөзсіз. Сондай-ақ Елбасының «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» атты идеясы жастардың ой-өрісін кеңейтіп, рухын нықтауға орасан зор үлес қоспақ. Бұл тұрғыда, Президент «Дала фольклорларының антологиясын» жасауды тапсырып, өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілерін жинақтау керектігін атап өтті.
Қазіргі күні Қазақстан Еуразия жүрегінен ойып тұрып орын алған дамушы мемлекет. Біздің еліміз транзиттік «дәліз» болғандықтан, Ұлы Жібек жолының негізгі сауда-саттық платформасы қазақ жерімен өткен. Дала белдеуі Қытай, Үнді, Жерорта теңізін, Парсы, Таяу Шығыс және славян өркениеттерін байланыстырған. Біздің ауданымыз Ұлы Жібек жолының торабында тұр. Көршілес елмен жалғастырған қақпаның керуен жолы дәл Үржар өңірімен өткенін аңғару қиын емес. Біздің Тарбағатай тауымыз – алманың атамекені. Елбасы айтқан сиверс алмасы Барқытбелдің баурайында әлі де өсіп тұр. Бір сөзбен айтқанда, тарихымыздың тағылымды кезеңі қайта жаңғыратыны көңіл қуантады. Ең бастысы, енді төл тарихымыздың төрге озатыны сөзсіз.
Біржан Тұрлыбеков,
Үржар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы