Қоғам

Ауданның жаңа әкімін таныстырды

Ержан Әбіш

Аймақ басшысы Даниал Ахметов іссапармен Алтай ауданында болып, мәслихат депутаттарының келісімі бойынша ауданның жаңа әкімі Ернар Мұстафинді таныстырды.

– Оның жұмыс тәжірибесі мол, депутаттар қолдауымен алға қойылған міндеттерді орындай алады деп сенемін. Ең алдымен, бұл – Алтай қаласының сутартқышын жаңартуды аяқтау, қысқа мерзімде заманауи фитнес орталық пен жаңа мектептің құрылыс жобаларын дайындау, – деді Даниал Ахметов.

Облыс әкімінің айтуынша, Серебрянка қаласын сумен жабдықтау жобасы аяқталып, сараптамадан өтуде. Мұндағы бейорганикалық өндіріс зауытында барлық заңды рәсімдер жүргізіліп жатыр, ол уақытты қажет етеді. Зауытты іске қосу алгоритмі әзірленді. Жуырда кәсіпорын жұмысын бастайды. Ал Алтай – Өскемен жолындағы құрылыс жұмыстары жобасы түзетілгеннен кейін қайта жанданады. Бұл – облыс үшін маңызды бағыт.

Сондай-ақ аймақ басшысы аудан активімен бірге Президент Жолдауын талқылады. Ауданда мықты қожалықтар көп, олар жерді қайтару, өсімдік, мал шаруашылығы бағдарламаларын субсидиялау сынды бастамаларға үміт артуда. Әлеуметтік сала, денсаулық, білім мәселелері де сөз болды.

– Алтай – дамып келе жатқан аудан. Өткен жылдары инфрақұрылым және жылу мәселелері шешілді. Алдағы уақытта Бұқтырма су қоймасының жағалауы мен Жаңа Бұқтырма кенті абаттандырылып, құрылыс және әлеуметтік сала жобалары іске асады, – деді облыс әкімі.

Осы айдарда

Back to top button