Қоғам

Ауданның жаңа әкімін таныстырды

Ержан Әбіш

Аймақ басшысы Даниал Ахметов іссапармен Күршім ауданына барып, мәслихат сессиясында депутаттар келісімі бойынша ауданның жаңа әкімі Алмат Ақышевты таныстырды.

– Алмат Талғатұлы – Күршім ауданының тумасы, басқарушылық тәжірибесі мол, экономика және туризм саласында қызмет атқарған. Облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және энергетика басқармасына жетекшілік етті. Енді оған осы аудандағы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу міндеті жүктеліп отыр, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ аймақ басшысы бұрын әскери комиссариат орналасқан Күршім ауылындағы мұражайдың бірінде болып, оны сәулетін сақтай отырып жөндеу үшін қаржы бөлуді тапсырды. Облыс бюджетінен қаражат аудан орталығына кіреберістегі көпірді жөндеуге де бағытталады. Қазір бұл жобаның сметалық құжаттамасы сарапталып жатыр.

Аудандық аурухананың хирургия бөлімі күрделі жөндеуден өтіп, онда шетелдік клиникаларда оқыған дәрігерлер жұмыс істеуде. Перзентхана бөлімінде де жөндеу жүріп жатыр. Бұл жүкті әйелдерге сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

– Облыстық денсаулық сақтау басқармасына Марқакөлдегі дәрігерлерді баспанамен қамтуды тапсырдым, аталған ауылдағы перзентхана заманауи құралдармен жабдықталған, тек екі маман жетіспейді. Олар үшін қысқа мерзімде үйлер салынатын болады, – деді аймақ басшысы.

Сапар соңында Даниал Ахметов әлеуметтік мекемелерді жылумен қамтитын қазандыққа барып, барлық нысандардың жылыту маусымына дайын екеніне көз жеткізді.

Осы айдарда

Back to top button