Қоғам

Ауданның тынысын ашатын алты бағыт

Ауданның тынысын ашатын алты бағыт


Облыс əкімі Даниал Ахметов Зырян қаласында аудан активімен кездесу өткізіп, Елбасы Жолдауының өңірде іске асырылу барысымен таныстырды. Аймақ басшысы маңызды құжаттың басты алты тармағына жеке-жеке тоқталып, оның жүзеге асырылуы қалай жүретінін тарқатып айтып берді.

– Мемлекет басшысы – Нұрсұлтан Назарбаевтың бесінші қазандағы Жолдауы – егемен елдің одан арғы даму жолы айқындалған стратегиялық бағдар! Бұл құжат – Елбасымыздың тәуелсіздік алған күннен бастап жүргізіп келе жатқан сындарлы саясатының заңды жалғасы. Ол әр азаматтың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуға негізделген. Әлеуметтік сала тұтастай қамтылған алты бағыт – ел ойында жүрген күрделі сұрақтарға толық жауап береді. Біздің мақсат – Ұлы замандасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы ұсынған стратегиялық міндеттерді лайықты орындау! – деген облыс әкімі Жолдау аясында өңірімізде атқарылар жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті.

Облыс әкімі Жолдауда кәсіпкерлік саласын қолдауға айрықша мән берілгенін айтып, осы тұрғыда мемлекет тарапынан қолдау шаралары жалғаса беретінін жеткізді. Мәселен, бүгінде ауданда 3,5 мың адам шағын және орта бизнеспен шұғылданады. Ал «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жергілікті кәсіпкерлердің 60 жобасына 70 миллион теңгенің қолдауы көрсетілген-ді. Енді осы бағдарлама 2025 жылға дейін ұзартылып отыр. Алдағы бес жылда облыс бизнесмендері қосымша 15 миллиард теңгенің субсидиясын алмақ.

Даниал Ахметов өз сөзінде туризм саласын дамыту іс-шараларына айрықша тоқталды. Бұл бағытта Семей əуежайы жөнделген, енді Өскеменнің, сосын Үржардың əуе айлақтары қалыпқа келтірілмек. Бұл келушілер ағынын арттыруға, қызмет сапасын жақсартуға септеседі. Сондай-ақ инфрақұрылымды өркендету саласында Өскемен мен Семейге су жаңа 255 автобус сатып алынады, оларда электронды билеттеу жүйесі қолданылмақ.

Зырян ауданында 17 мың бас сауын сиыр бар, жылына 30-40 тонна өсімдік майы өндіріледі. Аймақ басшысы осы деректерді айта келе өнімді экспортқа, оның ішінде Қытайға шығару қажеттігін айтты. Облыста салынып жатқан қытайлық стандартты растау зертханасы осы мақсатта жұмыс істемек.

– Біз Қазақстан мұхитпен шектеспейді деп налимыз. Алыс-беріске кедергі дейміз. Бірақ өз басым олай ойламаймын. Бізде Қытай деген мұхиттай алып көршіміз бар. Бұл – миллиардтан астам халқы бар алып тұтыну нарығы. Өзімізден артылған өнімдерді сол елге жоғары бағада сататын болсақ еш ұтылмаймыз. Мүмкіндіктерді ұтымды қолдана білу керек, – деді Даниал Ахметов.

Сүт демекші, облыс 2015 жылы халықтан 3,7 мың тонна сүт сатып алса, қазіргі кезде ол көрсеткіш 22 мыңға жеткен. Облыс әкімі сатып алынатын сүт көлемін тағы 16 мың тоннаға арттыруды талап етіп отыр. Нәтижесінде, 2015 жылы сүт зауыттарының жүктелімі 29 пайыз болса, бүгінде – 65 пайыз. Ендігі меже – 80 пайыз. Келешекте Шығыс тек елімізді ғана емес, көршілес шетел өңірлерін де сүтпен қамтиды.

Жоспары мықтының жолы ашық

Келер жылы Зырян қаласындағы көше шамдары толық жаңартылатын болады. Бұл туралы жиында облыс əкімі Даниал Ахметов айтты. Бір жылдың ішінде кеншілер шаһарындағы шамдалдар толық ауысады. Жаңа шамдар 40% тиімді. Ал қазір тұрған шамдалдар аулаларға, балабақша, мектеп, ауруханалар маңына орнатылады.

– Жалпы облыс бойынша 60 мыңдай жаңа диодты шамдар орнатылады, ал босағандары өзге жарықтандырылмаған аумақтарға көшеді. Қаржыны Еуропалық даму және қайта құру банкі арқылы алып отырмыз. Өскемен мен Семейден бастау алған іс келер жылдан бастап барлық аудан орталықтарында жалғасын таппақ, – деді осы орайда аймақ басшысы. Бұл жаңалықты қалалықтар қуана қабылдады.

Сондай-ақ актив жиынында Бұқтырма су қоймасы жағасындағы демалыс аумағына қаржы құйылатыны жөнінде айтылды. Аймақ басшысы аудан әкімдігіне демалыс аумағын дамытудың тиянақты жоспарын жасауды, жергілікті кəсіпкерлерге мастер-жоспар əзірлеп ұсынуды тапсырды. Несиелік қаржы 15-20 пайызбен сегіз жылға берілмек. Қазіргі кезде демалыс аумағында бір жазда 400 мыңнан астам адам демалған. Десек те, демалыс базалары ұсынып отырған қызметтің сапасы көп жағдайда көңіл көншітпейді.

– Туризмді дамыту керек. Инфрақұрылымды біз жасап береміз. Ал кəсіпкерлер заманға сай демалыс орындарын салсын, сапалы қызмет ұсынсын. Иә, біз Бұқтырма жағалауынан жер беруді тоқтатқан болатынбыз. Алайда, егер ұтымды жоспар ұсынатын болсаңыздар, ең қолайлы аумақтан жер телімін беруге әзірміз, – деді олбыс əкімі.

Келер жылы Зырян қаласының аулалары жөнделе бастайды. 2019 жылдан бастап Зырян аулалары Өскемен мен Семейдің үлгісінде абаттанады. Аймақ басшысы аудан əкіміне осындай міндет жүктеді. Аулаішілік жолдар үш метрден алты метрге кеңейтіледі, бір пəтерге 1,5 көліктен келетіндей автотұрақтар, балаларға арналған ойын алаңдары жасалады. Сондай-ақ келесі жылы шаһар қазандығына қуатты турбогенератор орнатылып, жалпы сомасы 6 миллиард теңгеге жаңартылады. Облыс əкімі бұл ретте ортақ іске кәсіпкерлерді де шақырып, жұмыстардың сапасына мəн берілу керектігін атап айтты.

Облыс əкімі қалада тұрғын үй құрылысын үдетуді міндеттеді. 60-шы пəтерлі көпқабатты үйді тездетіп аяқтауды тапсырды. Мұндағы 10 шағын ауданға жол, су, жылу тартылған. Бірақ жеке тұрғын үй құрылысы жөнді жүрмей жатыр. Осыны айтқан аймақ басшысы жергілікті кəсіпкерлерді құрылыспен айналысуға шақырды. Бұл жөнінде облыс əкімдігінің өз жоспарлары да бар екен. Алдағы уақытта баспана салу ісі серпін алмақ.

– Өздеріңізге ұсынылған баяндама нақты шаралармен, қаржы көздерімен қуатталған. Сондықтан біз экономиканы басшылыққа алып, халықтың әл-ауқаты мен тұрмысын жақсарту жолында елді жұмылдырып, бірігіп жұмыс істейтін боламыз, – деп түйіндеді өз сөзін облыс әкімі.

Ауданның тынысын ашатын алты бағыт

Жаңа атауды жатырқамады

Жиында сөз алған қаладағы №6 орта мектеп директорының орынбасары Людмила Валовой ұстаздар Жолдауды қуана қабылдағанын жеткізді. Ауданның жеті мектебінде заманауи пəндік сыныптар, он мектебінде роботты техника кабинеті ашылған. «Мұғалім мəртебесі туралы» заңның қабылдануын да педагогтар ұзақ күткен болатын. Сондай-ақ ұстаз қаланың жаңа атауын көпшілік жылы қабылдағанын алға тартты. «Алтай» жаңа атауы өңірдің дамуына соны серпін беруі тиіс» деді ол.

Зыряндық кəсіпкерлер де Алтай атауының ұнамды екенін айтты. Жергілікті «Плюс» ЖШС басшысы Сергей Смирнов Зырян қаласының тумасы екенін айта келе, жаңа атауды қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ жол жөндеу компаниясының басшысы былтыр ауданда бес көше жөнделсе, биыл 25 көше қалпына келтірілгенін атап көрсетті.

– Осы турасында əртүрлі пікірлердің айтылғаны рас. Менің ойымша, «Алтай» атауы құлаққа да жағымды, əлемге де əйгілі. Осы жердің байырғы атауы да – нақ осы «Алтай» ғой. Бізге еш жаттығы жоқ, етене таныс сөз. Көктен түскен атау емес. Бізде туризмді дамыту қажет, ал ол үшін инвестиция керек. Жаңа атау сол қаржының келуіне септеседі деп сенемін, – деді ол. Активке қатысушылар кəсіпкер пікірін ду қол шапалақпен қуаттады.

Аудандық аурухананың дәрігері Наталия Лысоченко мемлекет тарапынан медицина саласына көрсетіліп отырған қолдау туралы айтып, жуырда ашылған Инсульттық орталықтың бірегей мүмкіндіктеріне тоқталды. Сонымен бірге, аймақ басшысының тапсырмасымен қаладағы перзентхана алдағы уақытта соңғы үлгідегі құрылғылармен жарақталатынын қуана жеткізді.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button