ҚоғамТОП

Аудандық сот жаңа ғимаратқа көшті

Глубокое аудандық соты жаңа ғимаратқа көшті. Осыған дейін өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған ескі әрі тар ғимаратта орналасқан жергілікті фемида қызметкерлерін жаңа қоныстарымен Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев пен облыс әкімі Ермек Көшербаев құттықтады. 

Қазіргі заманның талабына сай салынған ғимаратта азаматтар мен процеске қатысушылар, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін барлық жағдай жасалған. Екі қабатты нысанның жалпы ауданы – 1 500 шаршы метр. Кең әрі самаладай жарық ғимарат ішінде 26 кабинет бар. Құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталып, таяуда ғана аяқталған.

Сот әкімшілігінің облыстық департаментінің басшысы Оян Мүтәләповтің айтуына қарағанда, ғимараттың бірінші қабатында фронт офис, сондай-ақ процеске қатысушыларға арналған күту залы орналасқан. Бұған қоса мұнда бес сот отырысы залы, электронды істер мен материалдарды қарауға, сонымен бірге медиатор мен адвокатқа арналған бөлмелер де бар екенін айту керек.

– Бүгін қуанышты жағдайда кездесіп отырмыз. Бәріміз Глубокое аудандық соты қызметкерлерінің жаңа ғимаратқа көшуінің куәсі болдық. Бұл еңселі ғимаратта жергілікті сот қызметкерлері өздеріне жүктелген міндеттерді еш кедергісіз, адал атқарып, әділ төрелік етеді деп сенеміз. Мемлекет басшысы сот жүйесі жұмысының сапасына, бұл салаға білікті мамандарды тартуға, әділ сот төрелігін орнатуға әрқашан айрықша мән беруде. Жалпы, қай заманда болмасын әділдік іздеген қауымның жүгінері әділ сот болатын. Соттан әділдік іздеген азаматтарымыздың үміт-тілегі ақталады деген сенімдемін, – деген аймақ басшысы Ермек Көшербаев Жоғарғы сот төрағасынан облыста жаңадан екі аудан ашылғанын, енді сол өңірлерде де осындай керемет сот ғимараттары болуы керек екенін айтып, бұл мәселеге ерекше мән беруін сұрады.

Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев жаңа ғимарат шынымен де барлық талап-тілекті ескере отырып салынғанын атап өтіп, нысан төрелік пен туралықтың ордасына айналатынына, ал ондағы сот қызметкерлері әділдіктің туын жықпай адал қызмет ететініне сенім білдірді.

Бұдан соң салтанатты жиынға қатысқан қауымға сот саласының ардагері Алтайбек Әнуарбекұлы ақ батасын беріп, артынша лента қию рәсімі өтті.

Сондай-ақ облысымызға жұмыс сапарымен келген Жоғары сот төрағасы Асламбек Мерғалиев пен облыс әкімі Ермек Көшербаев облыстық сот ғимаратында өткен алқалы жиынға қатысып, 2023 жылдың қорытындысына арналған есепті тыңдады.

Жиында белгілі болғандай, былтыр ғана аймақта 1 200-ден астам қылмыстық және 20 мыңға жуық әкімшілік іс қаралған. Бір атап өтерлігі, оның 25 пайызға жуығы екіжақты келісім, яғни медиация жолымен шешімін тапқан.

– Бұл сот пен сот қызметкерлерінің білімі мен біліктілігінің, мол тәжірибесінің нәтижесі деп білемін, – деді облыс әкімі Ермек Көшербаев.

 

Осы айдарда

Back to top button