Ауданды дамытуға қомақты қаражат қарастырылған
Азамат Темірбеков
Зайсан ауданын дамытуға алдағы бес жылда 19,5 млрд. теңге жұмсау қарастырылған. Бұл туралы аудан әкімі Дулат Қажанов мәлім етті.
Аудан әкімінің айтуынша, өңірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында берілген тапсырмаларын орындауға бағытталған жұмыстар қызу жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, ауданда Шекаралық аудандарды дамыту жөніндегі кешенді бағдарламаны іске асыруға бағытталған шаралар жалғасуда. Аталған бағдарлама ең алдымен қолайлы өмір сүру ортасын құруға және өмір сүру деңгейінің сапасын арттыруға, тұрғын үй-коммуналдық саласындағы мәселелерді шешуге, жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға, демалыс және спорт ғимараттарының желісін қалыптастыруға бағытталған.
– Кешенді жоспарды іске асыру үшін бес жылға барлығы 19,5 млрд. теңге жоспарланса, оның 6,9 миллиарды 2020-2021 жылдары жұмсалып, бірқатар іс атқарылды. Биыл 3,7 млрд. теңгеге 52 іс-шараны іске асыру көзделіп отыр. Дәл қазіргі уақытта көзделген іс-шаралардың 42,3 пайызы орындалса, қалғаны жүзеге асырылып жатыр, – дейді Дулат Қажанов.
Бағдарлама аясында жеке тұрғын үйлерге арналған электр, газ, су жүйелері инфрақұрылымдарын салу, 300 орындық мектеп құрылысы, су желілерінің жөндеу жұмыстары, абаттандыру және әлеуметтік салалардағы бес білім, бір денсаулық сақтау, бір мәдениет мекемесі ғимараттарына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылды.
Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Кеңсай, Бақасу, Жарсу, Қаратал, Үлкен Қаратал және Көгедай ауылдарының көшелері жөнделді. Оған қоса тұрғын үй мәселесін шешу жұмыстары жалғасын тапты. Бүгінгі күні ауданда мемлекеттік тұрғын үй қоры кезегіне 1600 адам, жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскелерін алуға 2760 адам кезекке тіркелген. Жыл басынан бері 9812 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
– «Бір қабатты Шығыс» аймақтық бағдарламасы аясында аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік жағынан осал топтарға арнап екі пәтерлі 35 тұрғын үйдің құрылысы қолға алынды. Үйлерді пайдалануға беру үшін инженерлік желілер құрылысына облыстық бюджеттен 100 миллион теңге қаражат бөлініп, жұмыстар басталды, – деді аудан әкімі.
Халықтың өмір сүру деңгейін арттырудың негізгі факторы ретінде әлеуметтік саланы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Атап айтсақ, биыл Қарабұлақ, Кеңсай, Жарсу, Біржан ауылдарында су құбыры желілерін ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Жаңатұрмыс, Жалши ауылдарында жұмыстар жүргізілуде. Шалқар ауылының тұрғындарын таза сумен қамтамасыз ету үшін блок-модульді станция орнату жұмыстары жалғасуда. Атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде ауыл тұрғындарының таза ауызсумен қамтылу деңгейі 96,3 пайыздан 97,7 пайызға, ал аудан бойынша 98-ден 98,8 пайызға дейін жеткізілді.
Ауданда бүгінде табиғи газбен қамтамасыз ету де өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Дайыр, Көкжыра, Қуаныш, Біржан, Сарытерек, Жарсу, Бақасу, Сарыжыра ауылдарын газдандыру үшін 610 млн. теңге бөлінген. Бүгінгі күнге мемлекеттік сатып алуға қатысқан мердігерлер арасында сот процесінің жүруіне байланысты, құрылыс-монтаждау жұмыстары уақытша тоқтатылған.
Сондай-ақ Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Зайсан қаласындағы Боқажанов көшесі бойындағы көпқабатты үйлердің қазандығын қатты отыннан табиғи газға ауыстыруға 310 млн. теңге бөлінді.