Қоғам

Аудандық атқару комитетін басқарған еліміздегі жалғыз әйел

«Бақыт дегеніміз – адамдарға пайдаңды тигізу»! Мейірімді әрі еңбекқор жан Шәмке Мұқатаева осылай айтып отырушы еді. Оның жомарттығы, парасаттылығы мен адамгершілігі айрықша құрмет сезімін тудыратын.

Көшбасшылық қабілет, яғни адамдармен тіл табыса білу, оларға жанашырлықпен қарау, қол ұшын беру, өз айналасына белсенді жандарды жинай білу ол кісіге жұмыс барысында көп көмектесті. Өзі адамдардың бойындағы мейірім, адалдық, кез келген сәтте көмек қолын созуға әзір болу сияқты сирек қасиеттерді бағалайтын. Ол өте ширақ, жауапты әрі мақсатшыл адам еді.

Шәмке Ғалиқызы тыным таппай еңбек етті, социалистік құрылым кезінде заман мүлдем басқаша болатын. Мемлекет шаруашылықтағы жоспардың орындалуын қатаң талап етті. Барлық күш шаруашылықты дамытуға, еңбек өнімділігін өсіруге, өнеркәсіпті өркендетуге бағытталды. Халықтың әл-ауқатын арттыру басты мақсат болатын. Бұл ретте облыстық және аудандық атқару комитеттер рөлі маңызды еді. Аталмыш комитеттер мемлекетке астық, сүт, ет және өзге де азық-түліктерді тапсыру жоспарының орындалуын қамтамасыз етіп қана қоймай, қарапайым адамдардың өзекті мәселелерін шешумен де айналысты. Кез келген адам өзінің проблемасымен комитетке жүгініп, оны шешіп отыратын.

Шәмке Ғалиқызы 1919 жылдың 26 желтоқсанында Ұлан ауданының Қызылсу ауылында, көпбалалы отбасында дүниеге келген-ді. Бозанбай ауылындағы мектеп-интернатты тәмамдап, Алматыдағы педучилищені және жылдамдатылған мұғалімдер институтын бітірді. Кейін Алматының жоғары партия мектебінде сырттай оқып, Өскемендегі ауылшаруашылық техникумын аяқтады. Ата-анасы Ұлан ауданында тұрды. Ағасы 1942 жылы майданда қаза тапқан болатын.

Оның еңбек жолы 1941 жылдың тамызында басталды, 1943 жылдан партия мүшесі болды. «Ерен еңбегі үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.

1949 жылы ол Өскеменнен Зайсан қаласына жұмысқа жіберілді, 1959 жылы аудандық атқарушы комитеттің төрайымы болып тағайындалды.

1959 жылдан 1971 жылға дейін облыстық комитеттің мүшесі, депутат, 1954 жылдан 1971 жылға дейін Ұлан ауданы атқарушы комитеті төрағасының орынбасары болды.

Шәмке Мұқатаева тек өндіріске, қалаға ғана емес, сонымен қатар ауылдарға, озат жұмысшыларға жіті көңіл бөлетін. Ол, әсіресе, малшыларға көп назар аударды, олардың еңбегі қаншалық ауыр екенін жақсы түсінді. Оларды қажетті тауарлармен қамтуға тырысып, жырақтағы жайлауларға өзі баратын, автодүкендер жіберетін, тіпті Зайсан ауданында жыл сайын аталатын Қойшылар күнін белгіледі. Облыста әрдайым қашарлар құрылысы мәселесін шешіп жүретін.

Шәмке Ғалиқызы күйеуінен ерте айырылып, жалғыз өзі бес баланы асырап, жеткізді, барлығы да сыйлы азаматтар болып ержетті. Балалары да еңбекке ерте араласты, кенже ұлы 11 жасында-ақ колхозда егін суарушы болып жұмыс істеді.

Оның бастамасымен қалада үлкен саябақ пен базар алаңы пайда болды. Ол зайсандықтардың керемет бір демалыс орнына айналып шыға келді.

Оның үйі әрқашан адамдар үшін ашық болатын. Оған адамдар сеніммен баратын, көмектесетінін білетін. Әр сенбі-жексенбі күндері таңертеңнен ауылдардан, қалалардан келген адамдар үйінде отыратын. Жастарды бағыттап, оқуға жіберіп, қолдау көрсететін. Көбін партия қатарына қосуға ұсынды. Аудандарды ірілендірген кезде Зайсан мен Тарбағатай аудандары қосылды, ал төрайым болып Мұқатаева тағайындалды. Жұмыстың ауқымдылығына қарамастан зайсандықтар мен тарбағатайлықтар жоспарды асыра орындап жүрді.

Шәмке Ғалиқызы өз еңбегі үшін «Құрмет белгісі» және Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің құрмет грамотасымен марапатталды.

Ол Қазақстандағы аудандық атқару комитетінің төрайымы болған жалғыз әйел еді. Оны Димаш Ахметұлының өзі жақсы танитын. Қазірдің өзінде көнекөздер оның қаншама адамға қол ұшын бергенін жақсы біледі. Пәтер алып берген жетімдер де ол кісінің есімін естен шығарған емес. Ол кезде де баспана қазіргідей үлкен мәселе болатын.

1971 жылы оны Ұлан ауданына атқару комитеті төрағасының орынбасары етіп ауыстырады. Осы қызметтен ол құрметті демалысқа шығып, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер атанды. Зейнетте жүріп «Білім» қоғамында еңбек етті.

Шәмке Ғалиқызы жұмыс істеген барлық жерде де азаматтық парызын адал атқарды. 90-шы жылдары бір айлық зейнетақысын толығымен «Бейбітшілік қорына» аударғаны бар. Міне, осындай жандар қазіргі қоғамның негізін қалаған еді. Шәмке Ғалиқызы әрдайым «Адам басқалар үшін өмір сүруі керек. Сөзімен және ісімен мұқтаждарға көмектесуі қажет» деп отыратын.

Альфия Бақбаева,

тарихшы.

Осы айдарда

Back to top button