Қоғам

Аудандардағы жағдай бақылауға алынды

Аудандардағы жағдай бақылауға алынды


Бесқарағай, Бородулиха мен Шемонайха аудандарында жергілікті өзен-көлдердің жағалауларын бекіту жұмыстары жалғасуда. Демалыс күндері аталмыш аудандарға облыс әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Аймұқашев арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстың барысымен танысты.

Естеріңізге салайық, наурыздың 28-і күні Бесқарағай ауданы орталығының іргесінде орналасқан Куликов, Қамыстыкөл және Доманское деп аталатын шағын көлдердегі су деңгейінің күрт көтерілуі салдарынан ауылдағы екі үй мен 13 ауланы су басып қалған.

Қазір аудан орталығында апат салдарын жою жұмыстары жалғасуда. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінен хабарлағандай, табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккен үйлердің түгелдей дерлігі батпақ пен су қалдықтарынан тазартылып, тұрғындардың алды өз баспаналарына орала бастаған. Оқиға орнында жедел штаб жұмыс істеп жатыр.

Бесқарағайға барған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Аймұқашев елді мекен маңындағы шағын көл суының арнасынан асуына жол берілмеу керектігін айтып, құзырлы органдарға тиісті міндеттер жүктеді.

– Қажетті жұмыстар жүргізілуде, жағдай бақылауда. Алаңдауға еш негіз жоқ. Су басқан үйлердің тұрғындары дер кезінде қауіпсіз жерге көшірілді. Апат салдарын жоюға аудандық әкімдік қызметкерлері мен құтқарушылар жұмылдырылды. Зардап шеккендердің ешқайсысы да көмексіз қалмайды, – деді Ерлан Аймұқашев.

Ал аудан әкімі Дәулет Батырбаевтың айтуынша, жақын арада Бесқарағайға Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың мамандары келіп, шағын көлдердегі су деңгейінің көтерілу мәселесін зерттемек.

Осы ретте бүгінде аталмыш көлдер көлемінің ұлғаюы жөнінде түрлі болжамдар айтылуда. Жергілікті халық олардың түбінде бұлақ көзі бар екенін алға тартып отыр. Елді мекенге су құбырын тарту жұмыстары көлдің арнасынан асуына себеп болуы мүмкін, дейді жергілікті тұрғындар. Сол секілді Шүлбі СЭС-нен жіберілетін судың мөлшері де бұған әсер етуі ықтимал деген жорамал бар. Қалай дегенде де, шұғыл қабылданған шаралар арқасында су деңгейі едәуір төмендеген.

– Бөгет тұрғызу жұмыстары келіп жатқан су мөлшерін шамамен 60 пайызға азайтты. Негізі біздің көшеге де қауіп төнуде. Дегенмен, мамандар жағдайдың ушығуына жол бермейді деп сенеміз, – дейді жергілікті тұғындардың бірі Виктор Щербаков.

Ал қызыл су салдарынан үйін тастап, қауіпсіз жерге көшуге мәжбүр болған Әлия Құмарова есімді тұрғынның қиын жағдайда отбасын далада қалдырмай, уақытша баспанамен қамтыған жергілікті билікке алғыстан басқа айтары жоқ.

Сапары барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары сонымен қатар Шемонайха ауданындағы Убинка және Бородулихадағы Красный Яр мен Жаңа Шүлбі ауылдарына барып, ондағы тасқынның алдын алу жұмыстарының барысымен танысты. Ерлан Аймұқашев жергілікті әкімдік өкілдері мен құтқарушыларға маңайдағы өзен-көл суының деңгейін тәулік бойы бақылауда ұстауды, сондай-ақ арықтардың арнасын дер кезінде тазартып отыруды тапсырды.

– Биыл Шемонайха мен Бородулихада күтпеген оқиғалар орын алмауы тиіс, аудандарда бірсыпыра шаруа тындырылыпты. Дегенмен, арқаны кеңге салуға болмайды. Техникаларыңыз бен адамдарыңыз кез келген жағдайға дайын болсын, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Ал Қазгидрометтің ақпараты бойынша, ауа температурасының жоғарылауы мен жауын-шашынға байланысты 30 наурыз бен 5 сәуір аралығында аймақта су деңгейі күрт көтеріліп, өзендерде мұз кептелісі орын алуы мүмкін. Осыған орай аталған уақыт аралығында облыста дабылды ескерту жарияланып отыр. Облыс тұрғындарына бұл жайында SMS-хабарламалар да жіберілуде.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button