Қоғам

Аудандарға қандай мамандар қажет?

Аудандарға қандай мамандар қажет?


Өңірде түлектерінің еңбекпен қамтылуына ерекше мән беретін оқу орындарының бірі – Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ. Университет жүргізген сараптама нәтижесіне сүйенсек, аталмыш жоғары оқу орны түлектерінің 90 пайызы жұмыспен қамтылатын көрінеді. Мұнда дәстүрлі түрде өтетін бос орындар жәрмеңкесі де түлектердің жұмыссыз қалмауына септігін тигізіп келеді. Соңғы жылдары жәрмеңкені жылына екі рет өткізу қолға алынған екен.

Бұған дейінгі жәрмеңке желтоқсан айында өткен болатын. Алайда сол жолы өңірдің көптеген кәсіпорындары мен аудандары қатыса алмай қалған. Бұл жәрмеңкеге өңірдің оннан астам кәсіпорны мен жеті ауданның өкілдері мен бес жүздей студент қатысты.

– Бүгін түлектер үшін жұмыс берушілермен көзбе-көз сөйлесіп, осы жерде өз бақтарын сынап көруге үлкен мүмкіндік жасалып отыр. Ұшқан ұяларына қайтып баруға ниетті жастарымыз да аз емес арамызда. Оларға аудандардан келген өкілдер «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында жергілікті жерде қандай жағдайлар жасалатындығы туралы айтып түсіндіреді,- деп атап өтті университеттің оқу-әдістемелік ісі бойынша проректоры Сәуле Рахметуллина.
Сондай-ақ университет проректоры оқу орны өңірдің кәсіпорындарымен тығыз қарым-қатынас орнатқанын, үнемі олардың тілектері мен тәжірибелеріне құлақ асатындарын тілге тиек етті.

Жәрмеңке барысында жұмыс берушілер өздерінің кәсіпорындарының жұмысымен таныстырып, алдағы уақытта түлектерді өз қатарларында маман ретінде көруге ниетті екендіктерін білдірді.

Оқу орнының кітапханасында кәсіпорын өкілдері мен түлектердің әңгімелесуіне жағдай жасалды. Бір айта кетерлігі, осы әңгімелесуден кейін кәсіпорындар мен аудандардағы бос орындарға түлектер диплом алған соң байқау негізінде қабылданады.

Жәрмеңкеде мәлім болғандай, қазір аудандарға көптеген мамандар қажет. Ауданнан келген әкімдік өкілдерінің сөзіне сүйенсек, түлектерге «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында да, әкімдік тарапынан да жағдайлар жасалады. Жәрмеңкеге қатысқан аудандардың барлығына дерлік есепшілер мен бас мамандар қажет. Тау-кен өндірісі саласындағы кадрларға да сұраныс бар. Мәселен, Күршім ауданының өзіне екі маркшейдер, екі маркшейдердің көмекшісі, төрт тау-кен шебері қажет болса, Ұлан ауданында бастауыш сынып мұғалімі және ағылшын тілі, математика пәндерінен сабақ беретін мамандар тапшы.

– Университеттің үшінші курсында оқысам да, жәрмеңкеге келдім. Өйткені кәсіпорындардың өндірісі туралы ақпарт мені қызықтырады. Мамандығым автоматтандыру және басқару болғандықтан шығар, олардың өз өндірістері туралы көрсеткен бейнероликтерінен цехтардағы жұмыстардың ешбірін қалт жібермей көруге тырыстым. Келесі жылы жәрмеңкеге нақты мақсатпен, яғни әңгімелесуден өтіп, байқауға қатысу үшін тағы келемін,- дейді Ильдар есімді студент.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button