Қоғам

Аудандар ғажайып шамдарды сатып алмақ

Аудандар  ғажайып  шамдарды сатып алмақ


«ЭКСПО -2017 көрмесінде Ұлыбритания павильоны келушілерді болашақтың материалы саналып отырған графеннен жасалған шамдарымен тамсантып, қасиетіне тәнті еткен болатын. Адам шашынан миллион есе жіңішке, құрыштан да берік, қызбайтын, электр энергиясын аз жұмсап, мол жарық беретін, бір жылдан астам уақыт бойы пайдалануға болатын графенді шамдарды енді біздің облыстың аудандары да қолданбақ.

Энергетика министрлігі ЭКСПО мамандандырылған халықаралық көрмесіне қатысқан жобалардың, жаңа технологиялардың ішінен елімізде қолдануға, жүзеге асыруға болады деген 105 шетелдік, 28 отандық жобаны таңдап алып отыр. Сол жобалар мен озық технологиялардың біразы биылдан бастап біздің облыста да жүзеге асырылып, игілігімізге пайдаланылмақ.

– 105 шетелдік жобаның ішінен біз 12 жобаны, отандық 28 жобадан Риддер қаласы маңындағы Кедровка өзеніне салынатын «Ертіс Шығыс» СЭС салу жобасын таңдап алып отырмыз. 12 шетелдік жобаның жетеуі жаңартылған энергия көздерін құруға, бесеуі экологиялық мәселелерді шешуге арналған, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы энергетика бөлімінің басшысы Нұрлан Рамазанов.

Біздің облыс таңдап алып отырған 12 шетелдік технологияның бірі – графен шамдары. Англиядағы Манчестер университетінде алынған графен материалын қолдана отырып өндірілген ғажайып шамдар Аягөз, Абай, Глубокое, Жарма, Зырян, Катонқарағай, Күршім, Тарбағатай, Шемонайха аудандарында пайдаланылмақ. Жобаны аталған аудандарда жүзеге асырудың жол картасы бекітіліп отыр. Биыл, келер жылы аудандарға 50 млн. теңгенің 20 мың графен шамдары сатылып алынбақ.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button