«Аудандар» аламанға түсті
Өскемен «Білім-инновация» лицейі Наурыз мейрамын ерекше тойлады.
Көгі тебіндеп келе жатқан кең аулаға жұмыртқадай-жұмыртқадай киіз үйлер тігіліпті. Алақыстай шаруа істеп, қолы босамаған «қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» жатыр. Дауыстар жарқын-жарқын естіледі. Бала-шаға уда-шу…
Ауылға таяп барсаңыз, мынау мұқым бір облыстың тойы екен деп ойлауыңыз да кәдік. Әр киіз үй бір-бір ауданның атынан сайланыпты: Зайсан, Тарбағатай, Аягөз, Абай, Күршім, Катонқарғай. Үздік киіз үй сайысы басталды.
Лицейдің ардагер ата-аналарынан құрылған қазылар алқасы сынақты Тарбағатайдан бастады. Аудан халқы қонақжай әрі әнші екен. Ағаш астаумен алдыға ас келтірді. Ұлттық тағамдардан дәм татырды. «Тарбағатай тауларының» бауырында тербеп, «қош бол, сәулем, көргенше» деп қия алмай шығарып салды. Бұл 10 «б» сыныбы тіккен отау болатын. Сайысқа оқушылар ата-анасымен қатысып жатқандығын қоса кетейік.
Келесі кезекте Катонқарағай ауданына бас сұқты. Қазылар сонда ғана іске шындап кіріскендей көрінді. Алтайдың неше-дүр асқақ жыршысын алға ұстаған қожайындарды сан қиынға салды. Өздері айтқандай, «аз отырып, көп сынап» қайтты. Үй иесі 9 «а» сыныбы еді.
Осы жерде «ардагер ата-ана» дегенімізге түсінік бере кетейік. Қазылар құрамы лицейден бұрынырақ түлеп ұшқан оқушылардың ата-анасынан жасақталған-тын. Ол кісілерді лицей ұжымы «ардагер» деп ардақ тұтады екен. Екі жақтың бірлігі осы күнге шейін мығым сақталыпты.
Осылайша, қалған үйлерді де аралап шықты. Абайлықтар ғұлама ақынның жырынан шашу шашты. Қонақтарға арнап Қарауылдың қойын жығып салды. Қыстың сызы қалмаған қазылардың қабағы мүлде жадырады. Зайсандықтар киіз үйдің ішкі көрінісін бұрынғы қалпына барынша ұқсатыпты.
«Сол қанатта отағасының керек-жарағы ілінсе, одан әрі бала-шағаның киім-кешегі орын тебеді. Оң қанат әйел адамға арналады. Келген мейман төрге шығады. Ал мынау қасқыр мен түлкіні біздің сыныптың аңшылары құмай тазымен алған», дейді олар. Аягөзді 7 «а» сыныбының оқушысы Нұрдәулет жеке-дара жетелегендей болды. Елгезек бала ауданның арғы-бергі тарихына жетік екен. Ал күршімдіктер киіз үйдің ішіне ток тартқызып, слайдпен сөйледі.
Дәл осы мезетте ауыл сыртына құрылған сахнада өнер додасы да қызып жатқан. Оқушы, ата-аналардың екінші бөлігі сол маңда болатын. Ән-би байқауынан кейін олар әкесі мен ұлы, анасы мен қызы болып және екіге жарылды. Ерлер жағы асық атты, кір тасын көтерді, арқан тартысты. Нәзік жандар ою ойып, кесте тікті.
Нәтижеге келер болсақ, спорттық ойындарда 8 «б» сыныбы шашасына шаң жұқтырмады. Өнер додасы мен үздік киіз үй байқауында 7 «б» сыныбы қара үзіп келді. «Тарбағатайлықтар» мен «күршімдіктер» үздік өнері үшін бір-бір құнан қойға ие болды.
– Біз Ұлыстың Ұлы күнін жылда осылай тойлаймыз. Ата-аналармен тығыз қарым-қатынас ұстанамыз. Осылайша, екі жақ жұмыла жұмыс жүргізсе ғана, жастардың бойында ұлтқа деген махаббат күшейеді. Олар салт-санамызды қадірлеп, тарихымызды танып өседі, – деді лицей директоры Арыстанбек Мәулет.
Тасқын Болатұлы