Қоғам

Ауданда жоқ шағын телестудияны ауылда ашқан

Ауданда жоқ шағын телестудияны ауылда ашқан

Бүгінгі әңгімеміздің бас кейіпкері Тілектес Әлімсейітұлы 1951 жылы дүниеге келіп, 1969 жылы Жарықтағы Жамбыл орта мектебін ойдағыдай бітіргеннен кейін, жалғыз шешесін тастап оқуға кете алмайды да, бірден еңбекке араласады. Басында Рабкоопта (жұмысшы кооперативі) жүкші болып орналасады да, 1971 жылы ауылдық байланыс торабына жұмысқа ауысады. Алғашқыда монтёр, кейіннен электрмеханик болып, бір орында тапжылмай 45 жыл еңбек етеді.

Сол жылдар ішінде сырттай Алматы байланыс электртехникумын бітіріп алады. Әрине, бұл айтуға ғана оңай. Негізі байланыс саласы көп көзге іліне бермейтін кәсіп. Әйтпесе, қарлы боранда, қақаған аязда бағананың басында тұрып үзілген сымдарды жалғап, байланысты қалпына келтіру оңай емес.
Тілектес аға әңгімесінде баяғыда байланыс желісінің үзігін іздеп велосипедпен Жаңғызтөбеге дейін, қыста шаңғымен 30 шақырым жердегі Малайға дейін барғанын айтып отырушы еді. Тоқсаныншы жылдардың қиыншылығы байланыс саласына да төніп, бүкіл ауданда радионың жұмысы тоқтап қалғанда, осы кісінің арқасында Жарық ауылында ғана радио саңқылдап тұратын. Сонымен қатар ауданда жоқ жергілікті шағын телестудия ашып, ауыл жаңалықтарын, туған күн иелеріне арнап сазды сәлем беріп отыратын. «Мен жұмысқа орналасқанда ауылда 30 нөмірлік қол коммутаторы және 13-ақ үйде телефон бар еді, құдайға шүкір, қазір еліміз өркендеп, бүгінгі таңда 200 нөмірлік санды телефон стансасының қызығын көріп отырмыз» деп риза болады ағамыз.
Міне, осылай 45 жыл ауылдастарының, әріптестерінің тек қана алғысын алып келген Тілектес Әлімсейітұлының ерен еңбегі еленбей қалған жоқ. Бір сандық болған мақтау, марапат қағаздарын айтпағанда, 1987 жылы суреті облыстық құрмет тақтасына ілінді. 1990 жылы Қазақстан кәсіподақтарының XIV съезіне Семей облысының атынан делегат ретінде қатысып, сол жолы Қазақстанның Байланыс министрі Ульяновтың жеке қабылдауында болды. 2007 жылы «Қазақтелеком» АҚ президентінің Құрмет грамотасымен марапатталады. Ал 2011 жылы ұзақ жылғы адал еңбегі мен байланысты дамытуға қосқан жеке үлесі үшін «Қазақстанның Құрметті байланысшысы» атағы берілді.

Сонымен қатар Тілектес Әлімсейітұлы шын мәнінде сегіз қырлы, бір сырлы, сері азамат екенін айтпай кетпеске болмас. Ол ақын, сазгер, аңшы, фотограф, суретші, домбырашы, спортшы. Осының бәрі ағамыздың бойында бар қасиет. Ауыл көркемөнерпаздарының сапында Алматы, Мәскеу шаһарларында концерт қойып, екі дүркін Бүкілодақтық фестивальдің лауреаты атағын алған. 1989 жылы Қазақстанның мәдениеті мен өнерінің Украинадағы онкүндігіне қатысқан. Волейболдан, үстел теннисінен аудан намысын облыстық жарыстарда абыроймен қорғап, бірнеше рет жүлдегер атанды. Өлеңдері Алматыда, Қостанайда шыққан жыр жинақтарына кірген.

2015 жылы Қостанай қаласында өткен республикалық ақындар мүшәйрасында бас жүлдені иеленген. «Жүрек сыры» кітабының авторы.
Аңшылық, саяхатшылық құрып 70-тей түлкі, 10 шақты қасқыр алған. Міне, жалпы еңбек өтілі 47 жыл болған, ауылына құрметті, ауданға белгілі ағамыздың еңбегі мен өмірінен жазылған бір мөлтек сыр осындай. Келешек жастарға өнегелі өмірдің үлгісін көрсеткен ағамыз енді зейнетке шығып, еңбегінің рахатын көріп отырған жайы бар.

М.Жүреров,
Жарма аудандық өндірістік телекоммуникация торабының басшысы

Осы айдарда

Back to top button