Қоғам

Аудан орталығындағы автошеру

Аудан орталығындағы автошеру


Мемлекеттік рәміздер кез келген мемлекеттің тәуелсіздігін айғақтайтын маңызды нышан. Оны қорғау, құрметтеу әрбір Қазақстан азаматының парызы. Жылдағы дәстүр бойынша биыл да Мемлекеттік рәміздер күні ауданымызда кең ауқымда аталып өтті.

Бұл күні ауданның барлық ұйымы мен мекемесінің қызметкерлері, мектеп ұстаздары, оқушылар, қарапайым тұрғындар аудандық мәдениет үйінің алдына жиналды. Жүргізушілер мерекелік іс-шараның шымылдығын ашып, оқушылар салтанатты түрде Ту мен Елтаңбаны ортаға алып шықты. Барлық жиналған қауым бір кісідей мемлекеттік Әнұранды орындады. Осылайша, Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты жиын ашылды. Құттықтау сөз аудан әкімі Ольга Булавкинаға берілді. Аудан басшысы барша жұртты мерекемен құттықтап, өсіп келе жатқан жас өрендерді өз елінің патриоты болуға шақырды. Еліміздің аспаны ашық, болашағы жарқын болуына тілектестік білдірді.

Сонымен қатар салтанатты шара барасында «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасы С.Урашева жиналған қауымды мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін арнады. Ресми жиыннан кейін кешке қарай аудандық ішкі саясат бөілімі мен жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен автошеру өтті. Оған ауданның белсенді жастары қатысты. Әдемі безендірілген автокөліктер шеруі аудандық әкімдіктің алдынан шығып ауыл көшелерімен жүріп өтіп Мәдениет үйінің алдына тоқтады. Осы жерде тағы бір мәрте Әнұран шырқалып, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралғазы Байжанов, Бородулиха ауылдық округінің жастар мәслихатының депутаты Серік Тілекұлы қатарлы азаматтар көпшілік алдында сөз сөйлеп, ақ тілектерін жеткізді. Бұдан соң аудандық Мәдениет үйінің алдында мерекелік концерттің шымылдығы түрілді. Ән-жыр әуелеп, күй төгілді. Қас қарая жастарға арналған би кеші басталды.
– Бұл мереке жастардың отансүйгіштік сезімін оятып, елге, жерге деген құрметін арттыра түсетін маңызды мереке. Тәуелсіз ел екенімізді білдіретін көк Туымыз бен Елтаңбамыз, Әнұранымыз әрбір Қазақстан азаматы үшін аса қымбат екені сөзсіз. Сондықтан біз рәміздерімізді көздің қарашығындай сақтап, қорғап, құрметтеуіміз керек, – дейді аға ұрпақ өкілі Оралғазы Байжанов.

Иә, мемлекеттік рәміздер еліміздің ең қымбат құндылығы екені талассыз. Өйткені онда халқымыздың бүкіл тарихы, бүтіндей бір мәдениеті, рухы жатыр. Сондықтан ол отансүйгіштік сезімнің, өр рухтың қайнар бұлағы дер едік.

Серік Орынханов,

Бородулиха ауданы.

Осы айдарда

Back to top button